• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Энергетика 21 Желтоқсан, 2023

Энергия тапшылығына жол берілмеді

171 рет
көрсетілді

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Батыс Пауэр» ЖШС жүгініп, энергетикалық бизнес үшін әділ тариф белгілеу мәселесін шешуге жәрдемдесуді сұраған еді. Энергетика министрлігі «Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы» Энергетика министрінің бұйрығына өзгеріс енгізіп, жаңа тарифтер ұсынуға ниеттеніп отыр.

Энер­ге­тика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдегі энер­гетика стансаларының 60%-ы күйреу жағ­да­йында тұрғанын, оларды жаңартып, жаңа стансалар салу үшін энергия тарифін өсіру керектігін айтқан болатын. Оның сөзінше, осы кезге дейін әлеуметтік тұрақтылықты сақтап отыру үшін жылу тарифі төмен деңгейде сақ­талып келген. Алайда елдің бірқатар өңі­рін­де болған апаттардан кейін жылу электр стансаларында жөндеу жұмыстарын жүр­гізіп, жаңа стансаларды салу үшін қосымша қаржылай қолдау қажеттігі бел­гі­лі болған. Бұл қол­дау­ды әзірге мемлекеттік бюд­жет пен станса иелері көрсетіп отыр. Бірақ ол – жеткіліксіз. Ми­нистр­дің айтуынша, энергетикалық инфраструктура­ны жақсартуға бағытталған қадамды тариф ба­ға­сын көтеруден бастау керек.

Министр тариф бағасы бірден өспейтінін, алдын ала қоғамдық талқылау болып, мемле­кет­тік қолдауды да есептегеннен кейін ғана ком­паниялардың тарифті өсіру өтініштері қа­был­данатынын ашып айтты. Бұдан бөлек, энергетика саласында қызмет ететін жұмысшылардың жала­­қысы өте төмен. Олардың жалақысын көте­ру қазір ең жоғарғы деңгейде талқыланып жа­тыр.

Бұл шара шекті тариф электр стансасының жұ­мысын қамтамасыз ете алмауына əкел­уі мүмкін. «Атамекен» ҰКП мамандары Энер­гетика министрлігіне сарапшылық қоры­тын­­ды­ны жолдады. Онда бұйрық жобасын қай­­­та қарау жəне оған өзгерістер енгізу жəне «Батыс Пауэр» ЖШС үшін электр энергиясына шекті тариф­терді қолайлы деңгейде белгілеу қажет­­ті­гі жазылған.

«Атамекен» ҰКП энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Жақып Хайрушевтің айтуынша, құрамына Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары кіретін батыс өңірдің Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен электр байланысы жоқ. Осыған байланысты тапшылық туындаған жағдайда өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігі Ресейден импорт есебінен қамтылады. «Қазіргі жағдайда Орал ГТЭС-200 кəсіпорнының одан əрі жұмыс істеуіне қауіп төніп тұрғанына алаңдаушылық бар. Станса құрылғаннан бастап батыс өңірді барынша электр энергиясымен қамтамасыз етті жəне электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен Ресей Федерациясының электр жүйесінен тəуел­сіз­дігін сақтап қалды», деді Ж.Хайрушев.

Спикер Ұлттық палата Энергетика министр­лігіне мəселені шешуде «Батыс Пауэр» ЖШС-ға көмек көрсетуді ұсынғанын айтты. Нəтижесінде, Энергетика министрлігі ұсы­ныс­пен келісіп, тарифті қолайлы деңгейде бекітті. «Əділ тариф белгілеу мəселесі бойынша «Атамекен» ҰКП-мен бірлескен жұмыс арқылы бүгінде стансаның жұмысы жаңа­дан бекітілген тарифпен тиімді болып, ком­па­ния­дағы қаржылық жағдайды тұрақ­тан­ды­руға мүмкіндік береді.

«Орал ГТЭС-200» стансасының тұрақты жұмысы өз кезегінде жалпы электр энергетикасы саласына жағымды əсер етеді. Өйткені Ресей Федерациясынан электр энергиясын сатып алу көлемін азайтуға мүмкіндік береді», деді «Батыс Пауэр» ЖШС бас директоры Марина Балашова.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП мамандары электр энергетикасы саласындағы заңнаманың же­тіл­мегені сөзсіз нормативтік құқықтық акті­лер­­ге тезірек өзгерістер енгізуді талап ете­тінін алға тартты. Өйткені электр энергети­касы – тұ­тас­тай алғанда мемлекеттің эконо­ми­­касына үл­кен əсер ететін аса маңызды инфра­құ­ры­лым­дар­дың бірі.