Кеше Ақтау қаласындағы Yessenov University-де Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжановтың қатысуымен мемлекеттік қызмет саласының ардагері, қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Сақып Бүркітбайұлы Керелбаев атындағы оқу-аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Аталмыш жаңа оқу аудиториясы көркем безендіріліп, аталмыш тұлға хақында көптеген мәліметтер мен фотосуреттері яки жазған еңбектері ерекше көрініс тапқан.
Салтанатты рәсімнен кейін Yessenov University-нің мәжіліс залында «Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық дамуы және С.Керелбаев феномені» атты ғылыми-көпшілік жиыны өтті.
Ғылыми жиында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов ресми құттықтау сөз сөйлесе, содан кейін қайраткер С. Керелбаев хақында замандас достары, үзеңгілес әріптестері: Даржок Сейбағытов, Қайролла Ережепов, Ақмоншақ Баужанова, Жалғас Жапақов, Нұрнияз Мұқанов, Саламат Нұрұлы т.б. және Yessenov University-нің профессор-ғалымы, филология ғылымдарының кандидаты, «Қазақ филологиясы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әділет Қабылов, туған-туыстары атынан ағасы, ҚазКСР еңбек сіңірген дәрігері Сайын Керелбаев тұщымды естеліктерімен бөлісті.
- Маңғыстау өңірінде қызметіміздің барысында талай-талай ел ағаларымен араласып, қоян-қолтық байланыста келеміз. Солардың арасында өз орны ерекше, есімі республикамызға мәлім, мемлекеттік қызмет саласының қызметкері, қоғам қайраткері, марқұм Сақып Керелбаев ағамыздың азаматтығы мен парасаттылығы бір алабөтен еді.
Ардақты ағамыз өңіріміздегі жалғыз білім ордасы Yessenov University-не әрдайым қолдау көрсетіп, біздерге керек жерінде ақыл-кеңесін ұсынып, ылғи жақсы қарым-қатынаста араласқан тұғынбыз. Парасатты тұлғаның ортамызда биыл жоқтығына да 2 жылдан асып барады.
Маңғыстау өлкесінде Сақып Бүркітбайұлын білмейтін жан кемде кем шығар. Ағамыздың еткен еңбегі мен ерен істері ешуақытта халқының есінен және жүрек түкпірінен өшпесі анық. Бүгінгі ашылған оқу аудиториясында білім алатын қаншама мың студент шәкірттеріміз аға есімін ұлықтап, еңбектеріне қанығып өсетіндері айдан анық.
Абзал азамат, парасатты басшы, кемеңгер тұлға Сақып Керелбаев есімі уақыт өткен сайын биіктей түсіп, өскелең жасұрпаққа жалғаса берері хақ, - деді құттықтау сөзінде Yessenov University-нің Президенті Берік Ахметов.
Қоғам қайраткері Сақып Бүркітбайұлы ордабұзар отыздың ортасында Маңғыстау ауданының бірінші басшысы лауазымына тағайындалып, ердің жасына жеткенде облыс басшылығында ұзақ жыл абыроймен қызмет атқарғанын білеміз. Сол тұста қойын-қолтық жұмыс істеген аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарған Жалғас Жапақов ақсақал: - Сақып – бұрынғы бабалар сөзін құрғақ жаттамай, қайталамай, бүгінгі күн тұрғысынан, өмірмен, бүгінгі шындықпен байланыстыра сөйлейтін, ақылды, шешендік, көсемдік сөз үлгісін ұстанған бүгінгінің биі, – деді ел ағасы естелігін бөлісіп.
Өз еңбектерінде Сақып ағамыз былай дейді:«Уақыт шіркін жау оғындай жылдам екен. Оның жылдамдығына ұшқан құс та, жүгірген аң да, тұяқты тұлпар да ілесе алмасына күн сайын куә болып келеміз. Таңмен таласа басталатын тіршілікте тағылымды тарту жасай алсаң, уақытыңның зая кетпегені болар. Осы ретте жасың ұлғайып, қатарластарың азайып, көңіл көкжиегің кеңіп, санаң сарғайған сайын өткен өмірің еске көбірек түсе бастайды екен», – депті. Иә, уақыттың жүйріктігін, тірліктің тұрлаусызын бәріміз білеміз. Әйтсе де, өмір көрген кісінің сөзі санамызға өтімді, жүрегімізге жетімді болмақ. Өйткені осы ақиқатқа әбден көзі жеткен азамат өзі өмірден өтсе де, артына өлмейтін атын, өшпейтін хатын қалдырып кетті. Ендеше, одан кәріміз де, жасымыз да үлгі-өнеге алуымыз қажет-ақ.
Yessenov University-нің «Менеджмент» кафедрасының жанынан жасақталған С.Керелбаев атындағы оқу аудиториясында студенттер негізінен менеджмент, мемлекеттік және жергілікті басқару БББ бойынша білім алады. Әйтсе де, Сақып Керелбаевтың тағы бір қыры – қаламгерлік қабілетін насихаттау да назардан тыс қалмайды. Жастарға Керелбаевтың қаламынан шыққан кітаптарды оқыту да жоспарланып отыр.