• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Желтоқсан, 2023

Апатты үйден – жаңа пәтерге

167 рет
көрсетілді

Мұнайлы шаһарда апатты жағдайда тұрған 82 үй бар. Мәселен, Азаттық даңғылындағы ескі үй 1947 жылы салынған. Ал Стаханов көшесіндегі 8 пәтерлік үйдің іргетасы 1950 жылы қаланған.

Атырау қалалық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Нұржан Саясаттың айтуынша, бұл баспаналар апатты тұрғын үйлердің тізіміне тіркеліп, жол картасы жасалған. Мақсат – ескі үйлердің тұрғындарын жаңа баспанамен қамту.

«Қалалық әкімдіктің бюджетінен апатты үйлердің иелеріне «Модерн» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерлер сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы бір апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйдің иелері жаңа баспанаға көшіріледі», деді Нұржан Саясат.

Жаңа қонысқа көшкен тұрғындардың қатарында Ирина Галич те бар. Оның отбасы 53 жыл бұрын салынып, кейін апатты жағдайға ұшыраған үйде ұзақ жыл тұрған.

«Бұрын екі қабатты ескі үйдегі әр күнімізді уайыммен өткізуші едік. Әсіресе балаларымыз үшін қор­қып, жаны­­­мызды шүберекке түйіп жүр­дік. Ұйқымыз да тыныш болмай­тын. Енді, міне, көптен күткен қуанышқа кенелдік. Жаңа пәтерге ие бо­лып, қиындықтың артта қалғанына қуан­дық», деді Ирина Галич.

Жаңа пәтерді көп күткендердің қатарында Айгүл Бекесова да бар. Ол отбасымен 1947 жылы пайдалануға беріл­ген ескі үйде тұрған. Осы кезге дейін құлау қаупі төнген баспананы 9 отбасы паналап келген.

«Ескі үйде тұрудың қиындығы көп. Әр күніміз уайыммен өтетін еді. Бірақ жаңа баспана алудан үмітімізді үзбедік. Сол үмітіміз ақталып, жаңа пәтерге ие болдық. Әсіресе балалардың қуанышында шек жоқ», дейді Айгүл Бекесова.

 

Атырау облысы