• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 22 Желтоқсан, 2023

Тұтынушы құқы қорғалады

178 рет
көрсетілді

Қазір Парламент Мәжілісінде «Тұтынушының құқығын қорғау туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Заң жобасы бизнестің жауап­кершілігін арттыру және тұтынушының құқын қорғаудың тиім­ділігін жетілдіруді көздейді. Сонымен бірге бұл іске үкі­мет­тік емес ұйымдардың қатысуын арттыру мақсатын алға қой­ған. Заң жобасы Мемлекет басшысының тұтынушылардың мүдде­сін қорғау туралы берілген тапсырмасының негізінде әзірленген.

Қазір елімізде тұтынушыны алдап, сапасыз тауарлар ұсыну немесе алдын ала төленген ақшаны қақшып кетіп, жоқ болу сияқты әрекеттер көбейіп барады. Сондай әрекеттер Солтүстік Қазақстан облы­сында да артып келеді. Облыстық сауда және тұтынушылар құқын қорғау депар­таменті басшысының орынбасары Ләзім Мияшеваның айтуына қарағанда, был­тыр департаментке 491 арыз-шағым түс­кен болса, биылғы 11 айдың өзінде был­тырғы сан 8,4 пайызға көбейген. «Егер салалар туралы айтатын болсақ, биыл бөлшек сау­дада арыз-шағым – 41,5%, электрондық саудада – 46,2%, тұр­мыстық сау­дада – 3,0%, ТКШ сауда­сы бойынша 2,1%-ға артты. Осы көрсеткіштер бір жа­ғынан тұтыну мәде­ние­­тінің жоға­ры­­­ла­­ғанын көрсетсе, екінші жағы­­нан кәсіп­кер­лердің іс-әрекетіндегі ал­дап-арбаудың да артқанын көр­се­теді», деді ол.

Аталған заң жобасында өзінің құқы­ғын қорғаудың амалдарын тұты­нушы өзі таңдайды делінген. Мұн­дай амалдарға алаяқтық жаса­ған бизнес өкілін бірден сотқа беру немесе мемлекеттің органға шағымданып, оны заңды жолмен жауапқа тарту жатады. Сонымен бірге заң жобасы тұтынушының құқығын қорғайтын қоғамдық инс­ти­туттардың рөлін арттыруды көздейді. Сондай-ақ осы салаға Омбудсмен енгізуді есепке алған. Тұтынушы құқын қорғау барысында Омбудсмен және тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері мемлекеттік баж төлемейтіні де жобада қарас­ты­рылған. Сонымен қатар тұты­ну­шылардың қоғамдық бірлес­тік­теріне ішкі нарықтың қоғамдық мониторингі шеңберінде тауар­лар­дың үлгілерін таңдау және қыз­мет­терді (жұмыстарды) сатып алу құқығы беріледі. Үшіншіден, тұты­ну­шылардың құқықтарын қорғау қағидаларын тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық, байланыс, туризм, мәдениет, сауда, көлік және басқа да тұтынуға қызмет көрсету салаларына кеңейту ұсынылады. Бұлар барлық салада тұтынушылардың құқықтарын жан-жақты қорғау үшін қажет, сондай-ақ тұтынушылардың құқық­та­рын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың сала­ара­лық үйлестіруін күшейтеді.

Заң жобасы тұтынушылардың құқы­ғын­ онлайн сауда барысында қорғауды да қарастырған. Биылғы жылдың 11 айында Сол­түстік Қазақстан облыстық сауда депар­таментіне түскен шағымдар арасында онлайн саудаға байланыстылары былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 34%-ға артты. Сондықтан тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган бұл салаға ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі уақытта тұтынушылардың мәселелерін жылдам шешу үшін «Wildberries» электронды сауда алаңының өкілдерімен WhatsApp арна­сы құрылды. Атап айтқанда, «Wildberries» маркетплейспен бірлесіп, депар­тамент 72 тұтынушыға 2 млн 770 мың теңгеден астам қаражатты қайтаруға көмек көрсетті. Сондай-ақ қазір «Ozon» элек­тронды сауда алаңының өкіл­дерімен WhatsApp арнасы құрылды. Алайда жүргізіліп жатқан профи­лак­тикалық жұмыстарға қара­мас­тан қазір әлеуметтік желі­лер­дің әртүрлі парақшаларында сатып алынған тауарларды таңдап алу және төлеу кезінде алаяқтық әрекеттер орын алып отыр. Мәселен, Астана қаласының бір тұрғыны Instagram әлеуметтік желі­сін­дегі жарна­маны көріп, «Apple air pods3» құлаққаптарына тапсырыс беріп, сату­шыға 64 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жібергенімен, тапсырыс берілген тауарын ала алмаған. Тапсырыс берген кезде Instagram парақшасында 17 мыңнан астам жазылушы болған. Instagram парақ­шасында сатушының кеңсесі Петро­павл қаласы Сутю­шев көшесі, 60 деп, «Квартал» бизнес-орталығы көр­сетілген. Алайда атал­ған ны­сан­ға барған кезде бұл мекен­жай сұлулық салоны болып шығады және сатушының Instagram-парақ­ша­сын­да жарияланған бейненұс­қау­лық осы салонның Instagram-парақ­ша­сынан кө­ші­ріл­гені анық­талды. Бұл өтініш қазір құ­қық қорғау органдарында қаралып жатыр.

Алаяқтық, сондай-ақ сипатта­ма­­сына немесе үлгісіне сәйкес кел­мейтін сапасыз тауарларды сату артып тұр. Осыған байланысты Ләзім Мия­шева тұтынушыларға келесі кеңес­терді: тауар туралы ақпаратты, оның ішінде тауардың кепілдік мерзімі және жарамдылық мерзімі туралы ақпаратты мұқият зерделеу, сатушыдан сәйкестік сертификаттарын немесе сәйкестік туралы декларация­ны талап ету керектігін айта келіп ол: «Сатушыдан тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат­ты талап етуге әрбір тұты­ну­шы­ құқылы. Сатып алу алдын­да са­ту­шының беделі туралы, сон­дай-ақ ол сататын тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігі туралы тұты­ну­­шы­лардың пікірлерімен танысу керек. Сонымен қатар сату­шы­ның бай­ланыс деректері және тауарды айыр­бастау-қай­тару шарттары туралы ақпарат беріл­меген күмәнді интер­нет-ресурстарда тауарға тапсырыс беруден аулақ болу керек», дейді.

Сөзінің соңында ол қазір тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган тарапынан «Сапалы өнім» жобасының тұжырымдамасы және осы жобаны іске асыру бойынша Жол картасы әзірленгенін мәлім етті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы