Еліміз цифрлық қызмет жөнінен әлемде 28-орында тұр. Көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді. Биыл да бұл бағытта біршама жұмыс атқарылды.
Осы жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің цифрлық трансформациясындағы бес негізгі басымдықты атап өткен еді. Соның біріншісі – азаматтарға заманауи қызмет көрсету. Яғни мемлекеттік қызметтердің барлығы мүмкіндігінше электронды форматқа көшірілуі керек. Екінші басымдық – IT саласын дамытуға қолайлы жағдай жасау. IT сектор мемлекеттік қызметтің маңызды бағыты болғандықтан, цифрлық технологиялар, криптоиндустрия, цифрлық майнинг саласында жетекші ойыншы болуға ұмтылу аса маңызды. Үшінші басымдық – IT инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту. Бұл арқылы еліміз халықаралық деңгейде трансшекаралық деректер ағынымен ұштасқан цифрлық инфрақұрылымды қалыптастырады. Төртінші басымдық – цифрлық экономика мен индустрияны дамыту. Бұл бағыт технологиялық жаңарту және цифрлық шешімдер қабылдау үшін инновациялық гранттар мен салықтық жеңілдіктер ұсынуды көздейді. Бесінші басымдық – адами капиталды нығайту. Көріп жүргеніміздей, цифрлық трансформация заманында IT мамандарға деген қажеттілік артып келеді. 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың қызметкерді даярлау міндеті де қойылған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қолға алған бастамалар мен атқарылған жұмыстар да осы 5 басымдыққа негізделген.
Бүгінде еліміздің IT саласында 16 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Осы салада еңбек ететіндер саны 182 мың адамға жетті. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында IT қызмет экспорты 247 млн доллардан асқан. Ал Дрейпер университетімен бірлесіп жүзеге асырылған бағдарламаға 27 жоба қатысқан. Қатысушы компаниялардың бірі «Ciix» Тим Дрейперден 1 млн доллар инвестиция тартты. Ал «Google for Startups» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылған бағдарламаға 24 жоба қатысты. Бағдарламаның нәтижесінде, компаниялар 4,2 млн доллар жинап, жалпы бюджеті 87,6 млн долларды құрады, ал айлық табыс көлемі 535 мың долларға жетті. Елімізде IT саланы реттеу мәселелерін шешу үшін цифрлық кодекс те әзірленген болатын.
«Цифрлық кеңістік азаматтардың, бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының негізгі арнасына айналды. Кодификация азаматтар мен бизнес үшін цифрлық ортада заңдарды қолдануды қолжетімді және түсінікті етеді, ауыр талаптар мен реттеуші кедергілерді жояды. Цифрлық технологиялардың даму қарқыны мен таралу ауқымы реттеуші актілерді қабылдау жылдамдығына ғана емес, сонымен қатар заңнама құрылымына да жаңа талаптар қояды. Цифрлық кодексті қабылдау цифрлық экономиканы дамыту және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау үшін бірыңғай құқықтық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді», деген еді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбақин.
Сонымен қатар IT-мамандарды даярлауды мақсат еткен «Tech Orda» бағдарламасы жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Биыл оған 83 IT мектеп қатысып, 3183 оқушы біліп алып жатыр. Білікті IT кадрларды даярлау үшін «EPAM», «Coursera», «Samsung», «Binance Academy», «Huawei», «Microsoft», «NVIDIA», «Glovo» сияқты халықаралық IT компаниялармен тығыз ынтымақтастық жүргізіп, оған 70 мыңнан астам адам қатысты. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін IT курстарды тегін оқыту бағдарламалары бар. Мысалы, «ITeachme» қоғамдық қоры мүмкіндігі шектеулі жандарға курстар береді. Ал «IT-Aiel» бағдарламасы аясында 2000-нан астам әйел No-Code құралдары мен фрилансинг бойынша оқып шықты. «Astana Hub» базасында Apple сертификатталған оқу орталығын, Apple Authorized Training Center for Education ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылғы маңызды жетістіктердің бірі 2024 жылы ICPC бағдарламалау бойынша беделді халықаралық турнирдің финалын Қазақстанда өткізу туралы өтінімге қол қойылды.
Цифрлық қызметтер азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие екені мәлім. Бұл бағыттың да асығы алшысынан түсіп жүр. Мысалы, сенімхаттың бес пайызы цифрлық форматқа көшірілді. Көліктерді тіркеудің 55 пайызы, ипотеканы рәсімдеудің 67 пайызы онлайн режімге көшті. «Электронды үкімет» әрбір азаматты туған күнімен құттықтауды немесе құжаттардың мерзімі өтіп кеткенін алдын ала хабарлауды үйренді.
«Big data нәтижесінде 50 млн анықтама тапсыру қажеті жойылды. Мысалы, жылда 106 мың студент оқу орнынан, емханадан анықтама алып, военкоматқа тапсыруға 2 апта жұмсайтын. Енді студент мәртебесін дәлелдеудің қажеті жоқ. Үш министрлік базаларын интеграциялап, студенттер анықтама жинамай-ақ автоматты түрде әскерден босатылады. Цифрлық сервистер халықтың үлкен сұранысына ие болды. Бұған дейін 700 мыңға жуық адам келісімшарт жасауға жылына 30 күн жұмсайтын, ал біз бұл уақытты 5 минутқа дейін қысқарттық. Енді жаңа пәтер иесіне SМS-хабарлама келіп, коммуналдық шарттардың барлығы онлайн режімде жасалды. Жоба республика бойынша таратылады», деді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.
Жыл сайын аэроғарыш саласында экономиканың түрлі саласы үшін ғарыштық мониторинг жүргізіледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1 миллион гектар пайдаланылмайтын егістік, 45 заңсыз ағаш кесу, қоқыс жинаудың рұқсат етілмеген 5552 пункті, пайдалы қазбаларды өндірудің рұқсат етілмеген 1587 нысаны анықталды. Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға арналған Minerals.gov.kz бірыңғай платформасы құрылды. Платформа жер қойнауын пайдаланушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Қазір платформада қатты пайдалы қазбаларды өндіруге және барлауға лицензия алу бойынша 2 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. 2343 пайдаланушы тіркелді, олардан барлау бойынша 1941 өтінім және өндіруге қатысты 59 өтінім жіберілді. Олардың ішінде 66 лицензия берілді. Барлық жұмыс тек электронды түрде онлайн жүргізіледі.
Биылғы статистикалық деректердің қорытындылары Қазақстанның инновациялық даму саласындағы оң өзгерістерін айқындады. Инновациялық өнім көлемінің 2021 жылғы 1,4 трлн теңгеден 2022 жылы 1,9 трлн теңгеге дейін ұлғаюы байқалады. Сондай-ақ біз Жаһандық инновациялық индекстің халықаралық рейтингінде біздің ел екі позицияға – 83-тен 81-ге дейін көтерілді.
Сондай-ақ инновациялық гранттар аясында жобалар мен стартаптарға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Барлық конкурстың қорытындысы бойынша 34 өтінім мақұлданды, оның ішінде жалпы сомасы шамамен 2 млрд теңгеге жететін 31 өтінім бойынша шарттар жасалды. Гранттар сомасы 1 млрд 198 млн теңгені, жеке сектор тарапынан қоса қаржыландыру 924 млн теңгені құрады. 2023 жылы өңірлерде бизнес-инкубаторларды дамыту бағдарламасы іске асырылды. Осылайша, 10 сәуір мен 12 мамыр аралығында «Qazinnovations» АҚ бизнес-инкубацияны қолдау бойынша өтінімдерді қабылдады, ұсынылған 37 өтінімнің 21-і мақұлданды.
«Министрлік байланыс қызметтерінің сапасын үнемі қадағалап, жетілдіріп отырады. Биыл ауылдық елді мекендерде интернет сапасын жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілді, бүкіл ел бойынша 251 ауылға интернет желісі қосылды, 1463 ауылда интернет сапасын жақсарту жұмыстары атқарылды. Бұл жүргізілген жұмыс көрсеткішінің 14,4 пайызға артқанын көрсетеді. Жоспарға сәйкес 2027 жылға қарай тағы 250 ауылдық елді мекенді интернетпен қамту көзделіп отыр. Биыл 176 ауыл KazSat интернет спутнигіне қосылған. Өздеріңіз білетіндей, біз қанатқақты режімде Starlink арқылы 10 мектепті интернетпен қамтамасыз еттік. 2024 жылы 2000 мектепті қамту жоспарда бар. Биыл 3000 базалық станса орнатылды. Бүкіл ел аумағы бойынша 723 5G базалық станса іске қосылды», деді Б.Мусин.
Министр байланыс операторларына қатысты айыппұлдарға тоқталды. Оның айтуынша, айыппұлдардың ұлғаюы операторлардың нұсқаманы сақтауының 33 пайыздан 65 пайызға өсуіне әсер етті. 2023 жылы 3 млрд 18 млн теңгеге айыппұл салынды және жоспардан тыс 763 тексеру жүргізілді.
Жылдың басында ұялы байланыста 67 «ақ дақ» мекенжайы анықталды. Тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру кездесулері тұрғын үй кешендерінің 92 пайызында өткізілді, оның ішінде 24 тұрғын үй кешенімен байланыс стансасын орнату бойынша келісім жасалды, ал 13 тұрғын үй кешенінде монтаждау кезеңі аяқталды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2024-2027 жылдар аралығында іске асырылады. Жоба аясында халық пен бизнесті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 2027 жылы тұрғын үй желілері кеңжолақты интернетпен 100 пайызға дейін қамтылады деген болжам бар.