• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Пікір 22 Желтоқсан, 2023

Адам капиталы – маңызды басымдық

125 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды әрі кешенді «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында қордаланған әлеуметтік проблемаларды жүйелі шешу арқылы адам капиталын дамытуды ұсынды. Геосаяси және геоэкономикалық күрделі жағдайға қарамастан алға қойған сол мақсаттар кезең-кезеңімен нәтижелі орындалып келеді.

Әділетті әлеуметтік саясатты жүзеге асырудың заңнамалық тетіктерін бекіту – ең маңызды мәселе. Сол арқылы әлеуметтік сая­­саттың басты басымдығы ретінде адам капи­талын қалыптастырып, дамыту ұсы­ныл­ды. Бұл еліміздің креативті экономикасын өркендетудің негізгі факторы ретінде айқындалды. Әрине, адам капиталын дамыту – әлеуметтік саясаттың басты міндеті. Ал әлеуметтік саясат экономикалық өсімсіз мүмкін емес. Адами капиталды дамыту – экономикалық саясаттың мін­деттерімен байланысты әлеуметтік сая­саттың басым бағыты.

Әлеуметтік салада биыл шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Құжат аясында І топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасау уақыты зейнетақыны есептеу кезінде еңбек өтіліне ескерілетін болды. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың жүйелі шаралары жүзеге асырылып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мү­ге­­дек­тігі бар азаматтарға 50 мыңнан астам қыз­мет пен техникалық құрал ұсы­ныл­ған. Инклюзивті қоғамды дамыту үшін мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту және қоғамның тең мүшесі ретінде қолдаудың жүйелі шаралары қабылданып отыр. Айталық, әлеуметтік саладағы бұл жұмыстар жалғасын таба береді. Отба­сының цифрлық картасын енгізу, жәр­демақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрі бойын­ша қызметтер проактивті форматта іске асырылады. «Әлеуметтік әмиян» пайдалануға ен­гізілді. Биыл он айда 37,8 млрд теңгеге 172,3 мың адам жұмысынан айырылу бо­йын­ша әлеуметтік төлем алды. Бала күті­міне арналған төлем 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Бұл аналарымызға және де­мо­графиялық өсім үшін негізгі қолдау болып отыр. Мүгедектігі бар адамдар үшін және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы мөлшері тағы 14,5%-ға артты. Ең­бек нарығында жаңа жұмыс орындарын құру­ға бағытталған 11 ұлттық жоба жүзеге асы­рылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында жұмыссыздық мәселесін шешу көзделген. Бұл тәсіл ойдағыдай жүзеге асып жатқаны сол, биыл Үкімет 908,5 мың адамды жұмысқа орналастырды. Еліміздің барлық өңірлерінде әкімдіктер жас кадрлар үшін жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін тиісті өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітті. Басты ерекшелігі – мемлекет өңірлердегі жұмыс орындарын субсидиялайды. Бұл жұмыс берушілердің азаматтарды жұмысқа белсенді қабылдауына септігін тигізеді. Өйткені олар жергілікті бюджеттен қосымша қаражат алады, ал үнемделген ақша өз бизнесін одан әрі дамытуға жұмсалады.

Азаматтарды жұмысқа орналастыру еңбек нарығын сараптамалық талдау ар­қылы жүргізіледі. Бұл бағытта алдың­ғы ке­зекте құзыреттер мен кәсіби дағдыларға сәйкес кадрлар даярлауға назар аударылып отыр. Осылайша, оқу ұйымдарының білім беру бағдарламаларына имплементациялау үшін еңбек ресурстарын дамытып, жұмыс берушілердің негізгі сұраныстарын анықтау қолға алынып келеді. Кадрлар тәлім­гермен жұмыс орнында кәсіптік оқы­туды жалғастырады. Бұдан басқа «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша және электрондық еңбек биржасында онлайн оқыту бар. Бір жыл ішінде барлық тетіктерді пайдаланудың нәтижесінде 156,8 мың адам қамтылды. Уақытша және жаппай жұмыс орындарын құруға да көңіл бөлініп, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары жемісін беріп жатыр. Бұл еңбек құндылықтарын дәріптеуге, еңбекке араласатын адамдардың бастапқы кезеңде түрлі кедергілерді еңсеруіне көмектеседі. Сондай-ақ мемлекеттік органдар халықтың әлеуметтік осал топтағы азаматтарға мем­ле­кет­тік гранттар беру арқылы өз бизне­сін ашу үшін жағдай туғызды. Биыл 9,1 мың адам осы көмек арқылы стартаптарын іске асыруға қаражат алды. Жеке бизнесін ашу үшін мемлекет 400 карталық АЕК мөлшерінде грант бөлді. Еңбек нарығын дамытып, жаңа жұмыс орындарын құру  біліктілікті, дайындықты, тәжірибені талап етеді. Еңбек нарығының сұранысына да­йын болу үшін «Кәсіптік біліктілік туралы» заң қабылданды. Құжатқа сәйкес алғаш рет ұлттық біліктілік жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл мамандардың кәсіптік біліктілігін тану үдерісін жүйелеуге мүм­кіндік береді. Кәсіптік стандарттарды са­лалық мем­ле­кеттік органдар салалық ке­ңес­термен және уәкілетті органмен, яғни Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трлігінің келісімі бойынша бекітетінін атап өту өзекті.

Екіншіден, мамандардың дағдылары мен шеберліктерін тану туралы сертификаттар беретін біліктілікті тану орталықтары жетілдіріледі. Мұндай орталықтарға аккре­дит­теуді Еңбек министрлігімен келісім бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізеді. Егер заңнама бұзылған жағдайда кәсіпкерлік палатасы мен тану орталықтарына жауапкершілік көзделген. Айта кететін дүние, кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту кезінде мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті жағдайлар жасау қарастырылады. Сондай-ақ жұмыс берушілер тартатын шетелдік жұмыс күшінің білім деңгейі және практикалық жұмыс тәжірибесі біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.

Үшіншіден, кәсіптік біліктілікті тану міндетті және ерікті негізде жүзеге асырылады. Оның тәртібі салалық заңнамамен, рұқ­саттар мен хабарламалар туралы заңна­мамен реттеледі.

Төртіншіден, кәсіптік біліктілік пен дағ­дыларды танудың ваучерлік-модульдік жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе республикалық бюд­жеттен қаржыландырылады. Ол жұмыс­сыз адамдарға кәсіптік біліктілігін тану үшін жылына бір рет бірреттік ваучерді тегін алуға мүмкіндік береді.

Бесіншіден, алғаш рет бейформалды және ақпараттық білім беруді сертификаттау арқылы тану мүмкіндігі ұсынылды. Мұндай білім беру нәтижелерін сертифи­каттау жұмыс күшінің мобильділігіне, аза­маттардың шығыстарын оңтайландыруға, еңбек нарығының бәсекелестігін арттыруға, сон­дай-ақ жұмыссыздық деңгейін тө­мен­детуге ықпал етпек. Ең бастысы, маман­дардың құзыретіне қойылатын талап­қа сәйкес еңбек нарығының кәсіптік-біліктілік құ­рылымын жетілдіруге, олардың бәсе­кеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді.

Сонымен қатар халқымыздың саны 20 миллионға жеткен күні Мемлекет бас­шысы «Ұлттық қор – балаларға» ба­ғыт­талған заңға қол қойды. Бұл – Пре­зи­ден­тіміздің сайлауалды бағдар­ла­масында көрсетілген негізгі бас­таманың бірі. 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвес­тициялық табысының 50 пайызы жас жет­кіншектердің арнаулы есеп-шотына аударылады. Балалар 18 жасқа толған соң жи­налған қаражатты тұр­ғын үй сатып алуға не­месе білім алуға жұм­сайды.

Әлеуметтік саясаттың мақсаты – азамат­тар­дың табысын арттыру. Ең бастысы, әлеуметтік әл-ауқаттың құрамдас бөліктері болып табылатын адам капиталын дамыту және білім, денсаулық, еқбек нарығында тең мүмкіндіктерді қарастыруға жұмыс істеуге тиіс. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы нақты әлеуметтік ма­ңыз­ға ие. Оның нәтижелері адам капиталын да­мытуға, азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталған.

 

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Мәжіліс депутаты,

«Amanat» фракциясы

жетекшісінің орынбасары