• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Үкімет 22 Желтоқсан, 2023

Е.Қошанов: Ұлттық спортқа қамқорлық жасау – перзенттік борышымыз

116 рет
көрсетілді

Елордада «Amanat» партиясының қолдауы­мен Ұлттық спорт қауым­дастығы ұйымдастырған «Алтын тұғыр – 2023» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Осымен оныншы рет ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада ел ішінде, халықаралық жарыстарда топ жарған спортшыларға құрмет көрсетілді.

Алдымен Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төраға­сы Ерлан Қошанов Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын тұғыр» сыйлығымен марапаттау рәсіміне қатысушыларға жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.

«Бұл – ұлттың келешегі, ұрпақтың тәрбиесі үшін айрықша мәні бар оқиға. Төл өнерімізде қазақтың тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі түгел көрініс тапқан. Ұлттық ойындарымыз халқымыздың отаншылдық, адалдық, жауапкершілік, қай­сарлық, ептілік сияқты қасиет­терінің ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасуына септігін тигізіп келеді. Ұлы даланы дүбірлеткен көш­пелілер мәдениетін заман талабына сай бейімдеп, жаңғырту ұлтымыздың болмысын және бірегейлігін сақтауға ықпал етеді. Осы орайда ұлттық ойындар­ға жанашырлық танытып, оны дәріптеп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Өз сөзінде партия төрағасы мемлекет спорт саласын өркен­детуге мейлінше назар аударып, қамқорлық танытып келе жатқанын атап өтті.

«Amanat» партиясы да ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық спортымызды жаңғыртып, дамы­туға барынша қолдау көрсетіп келеді. Тіпті партияның тұ­ғыр­намасы мен сайлауалды бағ­дарламасында бұл сала негізгі басымдық ретінде көрсетілген. Бүгінгі «Алтын тұғыр» байқауы да біздің партиямыздың қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Ұлт­тық спорт дегеніміз – қазақтың жаны, қазақтың рухы. Ал оған қамқорлық жасау халқымыздың алдындағы перзенттік борышымыз деп білемін», деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ ол келесі жылы елімізде өтетін Бесінші дүние­жүзілік көшпелілер ойнын ұлттық рухымызды көтеретін тарихи оқиға екенін айтып, 100-ден аса мемлекеттің спортшылары бас қосатын әлемдік доданың табысты өтетініне сенім білдірді.

Марапаттау рәсімінде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов сөз сөйлеп, жеңімпаздарға ұлттық сыйлықты табыс етті.

Осылайша, «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығы «Көкпар», «Бәйге», «Дәстүрлі садақ ату», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Асық ату», «Тоғыз­құмалақ», «Құсбегі» және «Joryq» сынды 10 аталым бойынша үздік спорт саңлақтарына берілді.

Атап айтқанда, «Көкпар» ата­лымы бойынша сыйлықты Қазақстанның 13 дүркін чемпио­ны, халықаралық турнирлердің жеңімпазы «Әулие ата» көкпар командасы иеленді. «Аударыспақ» аталымында сыйлыққа 70 кг салмақта тұңғыш Әлем чемпионы Мұхаметжан Сайлау лайық деп танылды. «Жамбы ату» аталымында Қазақстан чемпионы, Әлем кубогінің күміс жүлдегері, Жастар арасындағы Әлем чемпионы Батыр Бексауыт марапатталды. «Теңге ілу» аталымы бойынша сыйлық Азия және Қазақстан чемпионы Бекнұр Серіковке бұйырды. «Асық ату» аталымында сыйлықты Қазақстан және Еуропа кубогінің иегері, Ұлттық спорт түрлері фестивалі­нің жеңімпазы Павлодар облысы­ның құрама командасы алды. «Дәстүрлі садақ ату» аталымы бойынша Әлем кубогінің екі дүркін, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Аяулым Аппазова марапатталды. «Тоғызқұмалақ» аталымы бойынша сыйлық Азия чемпионы Жанат Қаймолдинге табысталды. «Joryq» аталымы бойынша сыйлықты «Ұлы дала жорығы – 2023» марафон-бәй­гесінің жеңімпазы Жетісу облы­сының командасы иеленді. «Құсбегі» аталымы бойынша сый­лық халықаралық турнирдің жеңімпазы Арманбек Күнтуғанға бұ­йырды. «Бәйге» аталымы бо­йын­­ша сыйлық республикалық тур­нир­лердің бірнеше дүркін же­ңім­пазы Бекзат Ділдахан және «Секрет» есімді тұлпарға берілді.