• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

ТИІМДІЛІК ЕКІНШІ ЕЛ ЕСЕБІНЕН БОЛМАУЫ ТИІС

510 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен сәрсенбі күні өткен палатаның кезекті пленарлық отырысының күн тәтібінде он жеті мәселе қаралса, соның басым бөлігі Кеден одағының келісімдері мен хаттамаларын ратификациялауға қатысты заң жобалары болды. Бұл жолы да депутаттар әуелі әдеттегісінше сауалдарын жолдап, келесі кезекте Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төраға­сы ұсынып, спикер қолдау білдір­ген М.Сәтқалиевті аталған комитет мүшелігіне 5 жылға тағайындауға өз келісімдерін берді. Азаматтарды ұстау негіздері мен тәртібін бекіту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өз­герістер мен толықтыруларды қа­рас­тыратын заң жобасына депутат­тар ерекше ден қойды. Заңдық құжатта кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарында, өзге де орындарда алкоголизмді, нашақор­лықты және уытқұмарлықты мәж­бүрлеп емдеуге арналған маман­дан­дырылған емдеу-профилак­тикалық мекемелерде адамдарды ұстау не­гіздері мен тәртібі қарастырылған. Владимир Нехорошев елімізде ресми 55 мың нашақордың тіркеуде екенін айта келіп, есірткі заттарын тұтынушыларды қылмыстық жазаға тарту жайын сөз етті. Қазақстан алкоголь өнімдерін тұтынудан әлемде 8-орында екендігін ашына жеткізді. Яғни, ішімдік ішу бір қазақ­стан­дыққа шаққанда жылына 12 литр­ден келеді екен. Бұл – 22-орында тұрған Ресейдегіге қарағанда 1,5 литрге көп. Аталған заңдық құжат біраз талқыға түскен соң бірінші оқылымда мақұлданды. Бұдан басқа депутаттар Кеден одағына қатысты заң жобаларын талқыға салғандығын жоғарыда айтып өттік. Олар бойынша баян­да­маны Қаржы министрі Болат Жәмішев жасады. Келісімге сәйкес еліміз 7,33 пайыз, Белоруссия – 4,7, ал Ресей 87,97 пайыз баж салы­ғын бөліске салатыны көзделсе, Белорус­сия бас тартқаннан кейін Ресей 92 пайыз, ал Қазақстан 7,8 пайыздық үлеске ие болатыны белгілі болып отыр. Осыған орай Кенжеғали Са­ғадиев қоғамда бө­лістің қаншалықты әділетті өткен­дігі туралы көп сөз болып жатқан­дығын айта келіп, осы сауалды Қаржы министріне бағыт­тады. Болат Бидахметұлының сөзіне қарағанда, баж салығы көп болған сайын ол Қазақстан экономикасы­ның мүддесіне жауап береді. Мы­са­лы, 2009 жылы үш елден 17 мил­лиард доллар баж салығы жи­на­лыпты. Импортта қазақстандық үлес бар-жоғы 3,5 пайыздық үлеске құрылса, одаққа енісімен оның көле­мі 2 есе артады екен. Ал қазір белгілі болғанындай, Қазақстанға келетін импорт көлемі кеміп, ол Ресейде арта бастаған. Біреуге тиім­ді режім екіншінің есебінен бола­тыны қаперге алынып, бұл мәселе әлі алда талай пысықталатыны айтыл­ған соң, депутаттар барлық заң жобаларын қолдап дауыстарын берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.