Мемлекет басшысы Жолдауында «Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндеттер тұр» деген еді. Сондай негізгі міндеттердің қатарында 2-6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту мәселесі де бар.
Мәселен, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, былтыр 785 орындық үш балабақша ашылған. Ал биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында 2 610 орынға есептелген 9 балабақшаның құрылысы аяқталды. Өткен аптада жаңа үш балабақша ашылды. Жаңа нысандардың құрылысын «Серпін»-2030» ЖШС жүргізген.
Балабақшаның бірі – Атырау қаласына іргелес орналасқан Ақжар-2 елді мекенінде орналасқан «Ақжелкен». Ал «Болашақ» және «Бәйтерек» балабақшалары мұнайлы шаһардың А.Байтұрсынов пен Белинский көшесінде ашылды. Әр балабақша 290 орынға арналған.
«Мемлекетіміздің басты ұстанымы – балаларға сапалы білім, саналы тәрбие алуға қолайлы жағдай жасау. Президенттің балабақша мен мектептердің санын көбейту жөніндегі тапсырмасына орай облыстағы балабақша санын көбейтіп жатырмыз. Алдағы бес жылда 2-6 жастағы балалар үшін 8 мыңға жуық орны бар бөбекжайлар салуды жоспарлап отырмыз. Балаларға сапалы білім мен ұлттық тәрбие беретін осындай жобалар әрі қарай да жалғасады», деді С.Шәпкенов.
Балабақшалардағы асхана, жатын бөлме, ойын, логопед және психолог, педагогтер бөлмелері, спортзалы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Асханадағы тағамдар санитарлық талапқа сай тоңазытқышта сақталады. Дәрігер бөлмесінде балаларға алғашқы көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектің бәрі бар.
Әр балабақшада 26 адам жұмыс істейді. Балабақшаларда 12 топ ашылған. Онда балақайлар кіші және үлкен топқа бөлінеді.
«Осы кезге дейін мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында 870 орындық үш балабақша қолданысқа берілді. Енді тағы 890 баланы қамтитын үш балабақшаның нысаны іске қосылады. Бұл балабақшамен қамту үлесін 15,2 пайызға азайтады», деді С.Шәпкенов.
Атырау облысы