«Менің атым – Қожа». Атауын естігеннен-ақ көңіліңде бір жылылық ойнап сала береді. Себебі бұл фильмде әрқайсысымыздың балалығымыз, тәтті естеліктеріміз жатыр. Талай буын көрерменді тәрбиелеген сол теңдессіз туынды – «Менің атым – Қожаның» түсірілгеніне биыл 60 жыл толыпты. 1963 жылы жарыққа шыққан фильм режиссер Абдолла Қарсақбаевтың кинодағы тырнақалды жұмысы ғана емес, шығармашылығының ең табысты жемісі де. Айтулы фильм режиссерден бөлек, ондағы ойнаған әрбір актердің жұлдызын жақты. Жарты ғасырдан астам уақытты тарих қойнауына жіберіп те бүгін біз «Менің атым – Қожа» туралы сөз қозғап отырсақ, ол өлмес классика тудырған қос алыптың қайталанбас суреткерлік қолтаңбасының құдіреті болса керек.
Фильмнің әуелгі табысы, әрине, ол – Бердібек Соқпақбаевтың өте күшті әдеби материалы. Жазушы өз кейіпкерін бар кемшілігімен қосып, шынайы сомдаған. Қожа еш нәрседен қымсынбайды, алқам-салқам, қап-қара. Бірақ шынайы. Сонысымен де көп көңіліне жақын. Екінші озған тұсы – дәл осы бір тамаша туындының Қарсақбаевтай қырағы режиссердің қолына түскені. Соның нәтижесінде экрандағы Қожа мен кітаптағы Қожаны егіз қозы, біртұтас бейне деп қабылдайсың. Қос алыптың шабыт шалқуы бір арнада тоғысқанына еріксіз қайран қаласың! Тамаша табысқан таланттар тандемін сәтті таңдалған актерлік ансамбль тіпті ажарландыра түседі. Бала психологиясының білгірі атанған режиссердің айрықша сезімталдығы мен сұңғылалығын сөзсіз мойындайсың. Ендеше, 60 жылға шегініс жасап, Қарсақбаевтың өз кейіпкерлерін қалай таңдағанына қайырылып көрейікші.
Бердібек Соқпақбаевтың қаламынан туып, Абдолла Қарсақбаев таспаға көшірген сүйкімді тентек киноға қалай келіп еді? Әрине, бас кейіпкерді табу режиссерге оңай болмады. «Басты рөлдегі Қожаны іздеп бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмаған. Бір күні шаршап-шалдығып, осы Максим Горький атындағы орталық паркке, ол кезде «Қайрат», «Динамо» деп аталатын командалар стадионда ойнайтын, бас сұққан едік. Қазіргі «Қайрат» командасының бір топ ойыншысы екіге бөлініп, жаттығу жасап, ойнап жатыр екен. Әр жерде бірен-саран жанкүйер отыр. Тағы бір жерде бір қара домалақ бала аналардың ойнына бірде өзінше күйініп, бірде сүйсініп, қызына сөйлеп, қателік жіберген әттеген-айларына «олай істеу керек еді, былай істеу керек еді» деп жөн көрсеткендей кейіп отырды. Бізге де керек бала дәл осы тілектес, қызба бала болатын. Жерден жеті қоян тапқандай, әлгі балаға қолқа салып Қожамызды ойнаттық. Ол бала – Нұрлан Сегізбаев, белгілі футболисіміз Темір Сегізбаевтың інісі болып шықты», деп режиссердің өзі ағынан ақтарылған екен баспасөзге берген сұхбатының бірінде.
Ең қызығы, режиссердің ұсынысына қиқар бала бірден келіспепті. «Не надо, не хочу я сниматься в кино!» деп тулап, азар да безер болады. Жөн сұрағанда да қырсыққаннан қырсығып, тіс жармай қояды. Айнымаған Бердібектің Қожасы. Сонда Нұрланның әкесі айтыпты: «Балам өте бұзық, одан көршілер де, мұғалімдер де әбден зәрезап болып бітті. Ұятқа қалдырса, бізді кінәламаңыздар», депті. Өнерге солай келген Нұрлан Санжар, өзі де күтпесе керек, қазақ киносындағы ең танымал бейнені сомдап шықты.
Қожа қанша қылықты болса да, оны сидиған Сұлтансыз елестету әсте мүмкін емес. Сұлтанға лайықты талапты бала табылмай, режиссерді біраз сарсаңға салыпты. Оны да Абдолла Қарсақбаев фильм түсірілімі туралы естелігінде тәптіштей баяндапты: «Сұлтанның рөлін де көп іздедік. Іс-қимылы, мінез-құлқы мынадай, түр-сипаты келеңсіздеу болса деп айтып жүретінмін. Оны бір көмекші моншадан тауып әкелді. Аты-жөні – Марат Кәкенов».
Балаң жігіт дөрекі мінезімен, арсын-гүрсің қимылымен бірден көзге түссе керек. Режиссердің көмекшісі сонда сынап көрмек болып: «Арқамды езіп берші, балам», деп өтінеді. «Арқаңды езетін мен саған моншашы емеспін!» деп дүрсе қоя берген Марат кейін өзі ойнаған кейіпкері Сұлтандай сап етіп, лезде ғайып болады. Оның анасы да: «Қыңыр, қырсық бала, денсаулығы нашар, жалғыз ұлымыз болған соң бетінен қақпаушы ек, көне қоймас», дейді. «Қожадан» кейін Марат киноға түспеді, ұзаққа бармай, бала кездегі науқасынан көз жұмды. Әр адамның миссиясы болады дейді. Бәлкім Мараттың миссиясы Сұлтанды кейіптеу болған шығар... Әйтеуір, жалаң денесіне тері күртеше іліп, қалпағын қисайтып киіп алатын, атқа да қисық отыратын «Жасай берсін Жұмағұл!» деп көрерменін күлкіге қарық қылған қыңыр бала көпшілік есінде мәңгілікке қалды. Ал Жұмағұлдың ерке баласы Дәулетті Юсуф деген дүнген баласы ойнады. Көмекшісінің ұсынысымен танысқан көршінің баласы режиссерге бірден ұнайды. Осылайша, Юсуф Дәулет бейнесінде жадымызда жатталды.
Көп көңілінен шыққан кино түсірген Қарсақбаевтың түсірілім алаңындағы кейбір тапқырлықтары мен Абдолла феномені турасында Қожаны сомдаған Нұрлан Санжар былайша еске алды: «Фильмде анамды ойнайтын Бикен Римова менің тентектігіме налып жататын эпизодында қасына барып, көзіме жас алып, түзелуге уәде беруім керек болатын. Бірақ қас қылғандай Бикен апама қарасам болды, күлкі қысып, сценарийден ауытқи бердім. Көзіме су да тамызды, бірақ болмады. Абдолла аға да, Бикен апай да ренжіді. Мен күлкімді тоқтата алмаймын. Бірнеше дубль жасалды. Кенет, кезекті талпыныста Абдолла ағаның жаныма жетіп келіп, шапалақпен тартып жібергені бар емес пе? Түсіруші топ аң-таң, барлығы тым-тырыс бола қалған. Өкпе мен ызаға булыққан менің көзім жасқа толып шыға келді. Сол сәтте айналамдағылар «түсірілді» деп қуанып, айқайлай бастаған. Ал қатты қымсынған Абдолла аға мені құшағына алып, сүйе берді. Осы оқиға жадымнан кетпейді. Ал мен бала болсам да ол кісіге ренжи алмадым, – деген актер әрі қарай сөзін, – меніңше, бұл фильмнің табысы режиссердің талантты балаларды қателеспей таба алуынан бөлек, Абдолла аға сол кезеңнің таңдаулы актерлерін екінші құрамға жинады. Б.Римова, Р.Мұхамедиярова, К.Қожабеков, Б.Құрманбаев сынды сақа әртістер бас кейіпкердей ойнап шықты. Әрқайсысы бір-бір мектеп десем, қателеспеймін. Әрине, осының бәрі фильм деңгейін көтеріп тұр», деп Нұрлан Санжар сөзін сағынышпен түйіндеді.