Астанадағы «Жастар» театрында «Шашбаулым» атты ұлттық құндылықты дәріптеген рухани-этнографиялық байқау өтті. Мазмұнды іс-шараны елордадағы Сарыарқа ауданы әкімдігі мен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – қазақ қыздарының бойындағы инабаттылық, әдептілік, әдемілік, кішіпейілділік секілді асыл қасиеттерді дәріптеу. Байқауға бас қаладағы колледждерде оқитын ақылдары көркіне сай 12 бұрымды ару қатысты. Олар ән айтып, би билеп, қойылым көрсетіп, көрермендерді өз өнерлерімен тәнті етті. Сайысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, ардагер ұстаз Қажымұрат Нәсиұлы, елордалық Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қарлығаш Саркенова бастаған белгілі тұлғалар қазылық жасады.
Сонымен ұлттық құндылықты дәріптеген байқаудың бас жүлдесін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті колледжінің студенті Айдана Тілеужан жеңіп алды. Оған атақты зергер Берік Әлібайдың шәкірті әрі ұлы Зият Берікұлының қолынан шыққан таза күмістен қақталып соғылған шашбау табыс етілді. Ал бірінші орынды «Астана Профи» қалалық шаруашылық колледжінің студенті Зере Рүстемқызы иеленді. Бұл аруға да Зият зергер жасаған қоңырау сырға мен құс тұмсық жүзік берілді. Екінші орын Сервис және туризм колледжінің студенті Аниса Құрмашева мен Техникалық колледждің студенті Ақбота Балабайға бұйырды. Үшінші орынды «Урбан» колледжінің студенті Рауан Русланқызы, «Астана политех» жоғары колледжінің студенті Аягөз Набиғат және Жоғары көлік және коммуникация колледжінің студенті Орынбасар Рахимова өзара бөлісті. Сондай-ақ З.Мырзағұлова атындағы «Даналық» жоғары медициналық колледжінің студенті Қарақат Пірниязова «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды. Жүлдегерлердің бәрі де бағалы сыйлықтармен марапатталды.