Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Ресей спортшыларына келесі жылы Парижде алауы тұтанатын XXXIII жазғы Олимпия ойындарына қатысуға рұқсат бергенімен, оларға бірқатар қатаң шектеу қойып отыр. Нақтылай айтсақ, төртжылдықтың басты додасында көршілеріміз бейтарап команда ретінде өнер көрсетеді. Яғни Францияның бас шаһарында ресейліктерге мемлекеттік рәміздерін пайдалануға тыйым салынды. Тіптен сол елдің саңлақтары жеңіске жеткен жағдайдың өзінде аталған елдің әнұраны шырқалмайды, туы көкте желбіремейді. Дәл осындай талап Беларуське де қойылып отыр.
Десек те осы шектеулерге әлемнің бірқатар мемлекеті қанағаттанбай отыр. Қазіргі кезде олар ХОК-қа өз наразылығын білдіріп жатыр. Мәселен, Ресейді басқыншы деп айыптап отырған Украина аталған елді Олимпия ойындарынан мүлде шеттету қажеттігін алға тартады. Жуырда Жастар ісі мен спорт министрінің міндетін атқарушы Матвей Бидный БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ХОК-тың тарапынан Ресейге «тым жеңіл» жаза қолданылғанына өкініш білдірді. Киевтің ұстанымын ең бірінші болып Латвия қолдады. Аталған мемлекеттің президенті Эдгарс Ринкевичстің пікірі де осыған саяды. Осындай ұстанымды Балтық жағалауындағы Литва мен Эстония, басқа да бірқатар мемлекет қолдап отыр. Бірақ енді ХОК-тың шешімін өзгерте қоймайтыны анық.
Жалпы, жазғы Олимпия ойындарының тарихында жоғарыдағыдай оқиғалар ара-тұра орын алған. Мәселен, І дүниежүзілік соғысты бастаған Германия мен оның одақтастары – Аустрия, Мажарстан, Болгария және Түркия 1920 жылы Антверпенде алауы тұтанған Олимпия ойындарынан шеттетілді. КСРО-ға да сондай шектеу қойылды. ІІ дүниежүзілік соғыстың отын өршітіп, ақырында күйрей жеңілген Германия мен Жапония 1948 жылы Лондондағы ойындардан шеттетіліп қана қоймай, ХОК-тың қатарынан шығарылды.
1956 жылы Мельбурн олимпиадасына Тайпейдің қатысуына рұқсат берілгеніне наразы болған Қытай жасыл құрлыққа сапар шегуден үзілді-кесілді бас тартты. Жоғарыдағы жағдайды желеу еткен қытай елінің өкілдері 1960, 1964, 1968, 1972 жылдардағы жарыстарда да бой көрсетпеді. Жалпы, Аустралиядағы Олимпиадаға тағы жеті мемлекеттің спорттық делегациялары келген жоқ. Атап айтсақ, Мысыр, Ирак және Ливан Суэц қақтығысына байланысты осындай қадамға барды. Сол кезде Ұлыбритания, Франция және Израиль әскерлері Мысыр меншігіндегі Синай түбегін басып алған еді. Ал Швейцария, Испания, Нидерланд және Лихтенштейн кеңес одағы қарулы күштерінің Мажарстандағы толқуды басып-жаншып, бейбіт тұрғындарды қынадай қырғанын айыптады.
1964 жылы Токиода жалауы желбіреген жарысқа Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР), Индонезия, Солтүстік Кореяның спортшылары келмеді. Ол жерде де түрлі саяси және нәсілдік мәселе туындады. 1976 жылы Монреальға Африканың 20 мемлекеті бармады. Олар Жаңа Зеландияның Олимпиадада өнер көрсетуіне қарсы болды. Себебі аралдықтар соның алдында ғана апартеид режімі белең алған ОАР-ға өздерінің регбишілер командасын жіберіп, бірнеше жолдастық кездесу өткізді. Қара құрлық өкілдерін Ирак пен Гайана да қолдады.
1979 жылы КСРО әскері Ауғанстанға баса-көктеп кіріп, сол елде коммунистік режім орнатқаны белгілі. Кеңес одағының басқыншылық әрекетін айыптаған АҚШ бастаған барлығы 65 мемлекет 1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпия ойындарына бойкот жариялады. 1984 жылғы байрақты бәсеке Лос-Анджелесте ұйымдастырылды. Оған КСРО бастаған социалистік бағыттағы бірнеше ел қатысқан жоқ. 1988 жылы Сеулге Солтүстік Корея құрамасы келмеді. Бұл бауырлас қос мемлекеттің арасындағы ұзақ жылғы кикілжіңнің салдары еді. Оларды Куба мен Эфиопия қолдады.
1992 жылы Барселонадағы бәсекеде бұрындары КСРО құрамында болған 12 мемлекеттен (Балтық жағалауы елдерінен басқалары) бөлек, Югославия мен Македония ХОК туы астында өнер көрсетті. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Оңтүстік Судан, Кувейт, Сирия, Конго және Эфиопия құрамалары босқындар командасы ретінде күш сынасты.
Осылайша, саясаттың салқыны спортқа тиіп жатыр. Бұл жағдай бұрын да болған, қазір де солай. Ал содан кейін «Спорт саясаттан тыс» деп айтып көріңіз...