• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тұлға 26 Желтоқсан, 2023

Дарабоз диктор

3550 рет
көрсетілді

Биыл Қазақ телевизиясының құрыл­ғанына 65 жыл толды. Осы аралықта қазақ дикторларының ұлттық мектебі қалып­тасты. Мәселен, тұңғыш диктор Зұлқия Жұматовадан бастап Ләзиза Аймашева, Орынбала Оразбаева, Ләскер Сейітов, Мариам Айымбетова, Қажы Қорғанов, Тыныс Өтебаев секілді аға-апаларымыз аталған мектептің қалыптасуына зор үлес қосты. Бала күнімізде бұл дикторлардың шет жағасын теледидардан біз де көрдік. Дауыстары қандай әсем, тұнық еді. Осы айтулы тұлғалардың ізін басып, өз ма­ман­дығының мерейін асырған дарабоз дик­тордың бірі – Әбдірәлі Бөлебай.

Танымал дикторды 90-жылдардың көрермені жаппай білді десек, артық айтпаймыз. Ол кісінің теледидардан үнемі күлімсіреп тұратын мейірімді жүзін көргенде көк жәшіктің ішінен туған ағамызды көргендей мәз болатынбыз. Қоңыр даусы қандай керемет еді. Оны естіген сайын тас бұлақтың суын ішкендей мейірленесің. Қазақтың ұғымға ауыр сөзде­рінің өзін тігісін жат­қызып, анық айтатын. Түсінікті жет­кізетін. Бұған оның алдымен ата-ана­дан дарыған таланты, екіншіден, Құр­манғазы атындағы консерватория­ның театр бөлімінде оқығаны себеп болса керек. Өйткені ол мұнда атақты режиссер Асқар Тоқпановтан тәлім алып, соның шә­кір­ті болды. Сөздің салмағы мен қадірін тү­сінді. Бірақ ол алғашқы еңбек жолын театр­да емес, «Қазақфильм» киностудия­сында режиссердің көмекшісі болып бас­тады.

70-жылдардың ортасында Қазақ КСР мемлекеттік телерадио комитеті дик­­торларға конкурс жариялайды. Оған 100-ге жуық жас қатысып, соның ішінен Әбдірәлі ағамыз топ жарып, «Қазақ» радиосына диктор болып орналасады. Осында атақты дикторлар – Әнуарбек Байжанбаев, Омархан Қалмырзаев, Болат Біжібаев секілді тарландардан осы ма­мандықтың қыр-сырын үйреніп, көп өнеге алды. Қазақы қоңыр дау­сымен тың­дар­мандарға танылды. 1985 жыл­дан бас­тап телевизияға ауысып, қазір­гі ұлт­тық арнада диктор болып істеді. Біз кейде дик­торлықты теледидардың алдына сыланып-сипанып шығып, біреудің жазып бергенін оқып беру деп түсінеміз. Негізі олай емес. Миллиондаған көрерменнің алдында тұрып сөйлеу, жаңалық оқу – үлкен жауапкершілік. Осы сыннан сүрін­бей өткеннің бірі – Ә.Бөлебай. Ол 1992-1996 жыл­дары аталған арнада дикторлар тобының жетекшісі болып, қаншама шәкірт тәрбиеледі. Өз алдына дикторлық мектеп қалыптастырды.

Әбдірәлі ағамызды жақын білетіндер оның азаматтығын, адалдығын, кішіпейіл­ділігін, мәдениеттілігін, бекзат­тығын алдымен ауызға алады. Қазақ радиосында ұзақ жыл қанаттасып еңбек еткен белгілі журналист Қошан Мұстафаұлы оның «өзіме ғана болсын» демейтін көңілі дарқан азамат болғанын айтады.

«Әбекең мінезі жайсаң жігіт еді. Біреу­ге қатты сөз айтып, ренжітіп көрген емес. Ақкөйлек, ақкөңіл жан болатын. Оған қан­дай мақтау айтсаң да жарасады. Өзі тәлімін алған ағаларының есімін аузынан тастамай айтып жүретін. Ертеде телевизияда жаңалықтар жүргізіп отырып, бір кісінің аты-жөнін қате айтып қояды. Соны көрген диктор ағасы Болат Біжібаев сол мезетте қоңырау шалып: «Әбдірәлі се­нің фамилияңды «Бөле-баев» деп бөліп айт­сам қалай болады?» дегенде, бетімнен отым шығып, екі-үш күн қиналып жүрдім. Ауырып қала жаздадым», деп айтқаны бар еді. Өзі де жас дикторлардың аяқ алысын үнемі бақылап отыратын. Олардың біреуі сөзді қате айтса, соған жаны күйіп, мазасызданатын. Бір күні екеуміз «Қазмедиа» орталығының алдында тұр едік. Сырттан 6-7-сыныптарда оқи­тын мектеп оқушылары келе жатты. Олар­ды қарсы алып тұрған жас жігіт бұтына жыр­тық джинси киіп алыпты. Әбекең соны көріп, әлгі жігітті былай шақы­рып алды да: «Қарашы, ана сүп-сүйкімді ­бала­лар «Қазақстан» ұлттық арнасына келдік деп төбелері көкке жетпей қуанып тұр. Ал сен оқушыларды жыртық шалбармен кү­тіп алып тұрсың. Ұят қайда?» деп айтып сал­­ды. Әбекеңнің өзі сән­ді киініп, жарқырап, ­жадырап жүретін еді ғой», ­дейді сағынышпен еске алып.

1996-2000 жылда­ры ол кісі «Хабар» агент­тігінде «Жаңалықтар» бөлімі мен «Жеті күн» ақпараттық-сарап­та­м­а­­лық бағ­дарлама­сы­ның жү­ргізушісі болып іс­теді. Осы жылдары «Жеті күн» бағдарла­ма­сын жұртшылық қы­зы­ғып көретін. Онда көтеріл­ген проблемалар аяқ­сыз қалмай­тын. Сол мезетте шешіліп жа­татын. Одан кейін Қаржы полициясының баспасөз хатшылығына тағайындалды. Бұл қызметті де абыроймен атқарды. Қан­шама адам­ға қамқорлығы тиді. Ол қандай қызмет атқарса да, журналистерге бір бүйрегі бұ­рып тұратын. Қолынан келгенше соларға қолдау көрсетіп, жәрдемесетін. 2015 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында еңбек етті.

Радиожурналист Жанат Жанұзақұлы оның Қазақ радиосының ғасырлық тойы қарсаңында «Ғиззат ғұмыр» атты хабар жүргізіп, сонда радионың жүз жылдық тарихына шолу жасап, осында қызмет істеген майталман азаматтар туралы 100-ден аса тағылымды хабар жасағанын жеткізді.

«Әбдірәлі аға екеуміз бірлесіп, «Да­риға дәурен», «Ел ағалары», «Кәусар» атты 200-ге жуық хабар дайындадық. Ол кісі өмірдің ағысымен аға бермейтін, өз арнасын, бағасын білетін азамат еді. Жастарға жақын жүрді. Сол арқылы жан дүниесіндегі рухани аңсарды қандыра білді», деп еске алады әріптесі.

Ол қызметте ғана емес, отбасының да ұйтқысы бола білген. Балалары мен немере­лері десе, жаны шығып тұратын азамат болған. Ағаның асыл жары Баян Әбдіқызы оның өте мейірімді болғанын айтты.

«Әбдірәлінің жүрегі өте нәзік, мейі­рімге шүпілдеп толып тұратын. Көшеде жылап тұрған бала көрсе, соны жұбатып, жаны қалмайтын. Өзі де адал өмір сүрді. Балаларын да адал азамат етіп тәрбиеледі. Біз 1975 жылы шаңырақ көтердік. Екеу­міз де соңғы курста оқитынбыз. Ата-анасы қарапайым кісілер еді. Әкесі 40 жылдан астам уақыт мұғалім болып істеген. Білім беру саласының үздік қызметкері. Ата-анасын өте жақсы көрді. Менің әке-шешемді де ерекше сыйлады. Жалпы, жасы үлкен кісілерге, қарияларға құрметі бөлек-тұғын. Анасы 49 жасында өмірден өткен. Өзі елге танымал, абыройлы азамат болғанын анасы көре алмағанын өкінішпен айтып отыратын. Екеуміз елу жылға жуық тату-тәтті ғұмыр кештік. Балаларымыз өмірге келді. Оларды өсір­дік. Одан кейін немерелеріміз туды. Енді солардың қызы­ғын бірге көреміз деп жүргенде арамыздан кетіп қалды... Сағынамын. Үнемі күлімсіреп тұратын бейнесі көз алдымда тұрады», дейді Баян апай.

Кеше көлікте келе жатып, Қазақ ра­дио­сының «Алтын қорынан» Әбдірәлі ағамыз жүргізген бір танымдық хабарды берді. Ағаның жанға жайлы қоңыр дау­сы естілгенде ол кісі әлі арамызда ­жүр­гендей көрінді. Тірі болса, жоталы 70 жасқа толар еді. Осындайда ойымызға Абай атамыздың «Өлді деуге бола ма, ойлаң­даршы, Өлмей-тұғын артына сөз қалдырған», деген өлең жолы түседі. Өлмей-тұғын артына үні қалған Әбдірәлі Бөлебай халқымен бірге жасай береді.