• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Желтоқсан, 2023

Спорт үздіктерінің марапаты

200 рет
көрсетілді

Туризм және спорт министрлігі 2023 жылдың қорытындысына сай үздік спортшыларды марапаттады. Биыл жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар мен салаға елеулі үлес қосқан мамандар 18 аталым бойынша марапатқа ие болды. Олардың қатарында әлем чемпиондары Ризабек Айтмұқан мен Сабырхан Махмұд та бар.

Салтанатты жиынға Парламент депутаттары, Олимпиада жеңімпаздары, спорт ардагерлері, биылғы әлем бірін­шіліктері мен халықаралық жарыс­тар­дың жеңімпазы мен жүлдегері, спорт журналистері қатысты. Жиында сөз алған Спорт министрі Ермек Маржықпаев биыл ел спорты үшін сәтті жыл болғанын, отандастарымыз халықаралық ареналарда жеңіс туын желбіреткен сәттерге ерекше тоқ­талып, үздіктерді құттықтады.

«Биыл ел спортында айтулы жеңістер аз болған жоқ. Жалпы, спорт саласы елімізде қарқынды дамып келе­ді. Спорттың барлық түрі бойынша отан­дық спортшылар жанкүйерлерді өз жетіс­тіктерімен әрдайым қуантып жүр. Ұлт­тық құрама спортшылары жыл басынан бері 1 400 халықаралық жарысқа қатысып, 864 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 291 алтын, 262 күміс және 311 қола медаль бар. Әлем чемпионаттарынан – 68 алтын медаль, Азия чемпионаттарынан – 47 алтын жүлде, Азия ойындарынан 10 алтын олжалады. Мемлекет басшысы ел тәуелсіздігі тарихында алғаш рет Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, марапаттағанын ерекше атап өткім келеді», деді Е.Маржықпаев.

Жыл қорытындысы бойынша «Үздік» деп танылғандар: Нүркен Рахманқұл – «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы», Кенжеғали Бекқұлов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіс­кері», Рауан Қазезов – «Ауылдық жер­дегі үздік дене шынықтыру және спорт нұс­қаушысы», Бұқар жырау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі – «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі», Исхар Курбаев – «Жас және жасөсіпірімдер құрамындағы спортшы», Виктория Волкова – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы», Наталья Сухачева – «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман», Берік Қонысбеков – «Үздік спорт дәрігері», Мөлдір Жаңбырбай, Милад Карими, Руслан Құрбанов – «Жылдың үздік нәти­желері», Қазақстан спорттық ату феде­рациясы – «Жылдың үздік аккер­ди­телген спорт федерациясы», Тимур Турлов – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясының президенті», Әділет Бәрменқұлов – «Жылдың үздік спорт менеджері», Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Үміт» спорт клубы – «Жылдың үздік спорт ұйымы», Алматы қаласы – «Үздік спорттық өңір», Сергей Шабалин (Руслан Құрбановтың жат­тық­тырушысы) – «Жылдың үздік жат­тықтырушысы», Самат Қанағатов, Жандос Бұсұрманов, Ербол Қайыров – «Үздік спорт журналисі», Ризабек Айтмұхан – «Спорттағы үздік серпін», Махмұд Сабырхан, Ербол Хамитов «Жылдың үздік спортшысы» атағымен марапаталды.