• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

БАТЫСТА ҚАЛҒАН БІР БОЗДАҚ

446 рет
көрсетілді

Ұлы Отан соғысында қаза бол­ған жауынгер Әбдірахман Би­сейітовтің соғысқа дейінгі өмірі мен еңбек жолы жайындағы көп­теген құжаттар отбасы архивіндегі баға жетпес құндылық іспетті. Әсі­ресе, қан майданнан сүйікті жа­ры Айша мен бауыр еті – ба­ла­ларына жазған хаттары еріксіз елең еткізіп, жауынгердің адами бол­мысын көз алдымызға әкеледі. Әбдірахман Бисейітов 1906 жы­­лы дүниеге келген. Ұстаз бол­сам деген асау арманның жете­гін­де асқақ Алатаудың баурайындағы Алматыға келіп, жоғары білім алып шығады. Бар саналы ғұмы­рын да ұстаздық етуге арнайды. Әр жылдарда қарапайым мұға­лім­діктен бастап, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгеру­ші­сіне дейін көтеріліп, біліктілігі мен парасат-пайымын көрсете біліпті. Міне, осынша жылдар сырғып өтсе де өткен күннің белгісіндей отбасының бойтұмарына айналған сарғайған қағаздарды ақтарған сайын кейіпкеріміздің бейнесі етжақыныңдай өзіне тартып, баурай түседі. Нақты қай күні берілгенін ажы­­рата алмасақ та, мына бір өндірістік мінездеме сонау оты­зын­шы жылдары беріліпті. “Ә.Бисейітов жолдас осы жыл­­дың қыркүйегінен бастап Карл Маркс атындағы орта мек­т­ептің мұғалімі және оқу мең­ге­­рушісі болып қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде өзіне жүктелген міндетті қашанда ұқыпты әрі адал атқарды. Аудандық оқу бөлімінің мең­ге­рушісі: Лавренко (қолы, мөрі)” Жұбайы Айша Тоқтамышева­мен 1929 жылы 31қарашада ша­ңы­рақ көтергенін айғақтайтын не­ке туралы куәлік те сақталып­ты. Уфада туып, ержетіп, 1920 жылдың соңында Қазақстанға қоныс аударған Айша алғашқы да мәңгілік махаббатын Жамбылда кездестіреді. Жүректері үндесіп, көңілдері жарасым тапқан жұбайлар Шолпан, Ахат, Эрнест, София есімді бүлдіршіндей ұл-қыздарды тәрбиелейді. Соғыс басталар алдында Әбді­рахман Бисейітов отбасы Жамбыл облысы Михайловка ауылынан үй сатып алады. Свердлов ауданы білім бөлімінің меңгерушісі Ко­­­­суновтың берген анықтама қаға­зына қарағанда, ол Михайлов орта мек­тебінде 1937-1942 жылдар ара­лы­­ғында мұғалім, мектеп директоры бола жүріп, Қызыл Армия қатарына шақырылуына байланысты қызме­тінен босатылған. Әке мектебінің бір тізбе кілтте­рін қаннен-қаперсіз сылдырлатып ойнаған құйтақандай Софияны көпке дейін қолынан түсірмей, бұ­лар­мен қимай қош­тасқан сондағы жан тебірентерлік сәт тұңғышы Шол­пан­­ның жа­дында мәң­гіге қалыпты. Со­дан кейін ар­­­мия­ға шақырылған екі ауылдасымен бір­ге жайдақ ар­ба­ға мі­ніп, Жам­­был­­дағы әскери ко­мис­­­­са­ри­атқа атта­нады. Бір­­те-бірте бұлдырап, алыстап бара жат­қан әке бейнесі Шолпан апай­дың әлі күнге дейін көз алдында. Оның отбасы мен балаларының “әкенің көзін­дей” сақтап келген құжаттардан білге­німіз, Әбдірахман Бисейітов 1942 жылдың 25 тамызында Харь­ковтағы әскери-саяси училищесінің курсан­ты болыпты. Ал майданнан жолда­ған хаттары оның Ташкент қала­сында әскери дайындықтан өтке­нінен хабар береді. Майданнан жолданған үшбу хат­тар Бисейітовтер отбасын тап бір мерекедегідей шаттыққа бөлеп, үз­діксіз келіп жатты. Ондайда жүзі бал-бұл жанған Айша апай ба­ла­ларының ортасында күйеуінің ха­тын дауыстап оқыр еді. Тіпті үйге ту­ысқандары мен көршілерінің тай­лы-тұяғына дейін қалмай жи­на­латын. Әдетте хатын: “Ардақты жолдасым Айша”, деп бастайтын да, ары қарай ба­ла­ларының атын же­­­ке-жеке атап: “Сүй­сем су­сы­­­ным­­ды қандыратын Шолпаным, Аха­тым, Ертісім, Со­фиям аман жүрсе, арманым жоқ, – дейді де, мен 5 жел­тоқсаннан бас­тап майданға кетіп барамын. Аппақ қар жамылған қа­лың қарағайдың ішінде жаумен алы­­сып жүріп-ақ, өзі­ңе арнап әлі та­лай жыр жолдарын жазармын. Сен­­­дер­ді қанша сағынсам да, мына жұл­қы­на соққан долы жел дауысымды жет­­кізер емес. Мына хаттарым ме­нің өзімдей болып сыр шертсін...” – дейді. Әбдірахман жұбайынан өзі қыз­мет еткен мектебі мен ауылдаста­ры­ның, ағайын-туыстарының хал-жағдайларын жиі сұрап отырады. Автоматшылар батальонының ко­мандирі болған Әбдірахман Бисейітов ұрыс даласында қас батырларша жаумен алысып, ерлікпен көз жұмды. Артында екі көзі төрт болып, сарыла күткен сүйікті жары мен балалары қалды. Ана жесір атанып, төрт бірдей бүлдіршін жетімдік қамытын киді. Әйтсе де, Әбдірахманның өзіне арнаған: “Жылама, Айша, жылама, Көздің жасын бұлама. Қайратыңды бойға жи, Қайғысыз өмір бола ма? – деген жыр жолдары жан жара­сына демеу болды ма, Айша апай белін бекем буып, қызы Шол­пан­мен бірге еңбек майданына ара­­ласты. Қыстың бет қаратпас қа­қаған аязында да, жаздың ты­ны­сыңды тарылтар қапырық ысты­ғында да олар тынымсыз еңбек етті. Майдандағы солдаттарға сәлемдемелер жіберіп тұрды. Бұ­ға­­насы қатпаса да ересектерден қа­лыспай, еңбек майданына ара­ласқан Шолпан апай омырауына бес медаль таққанын осы күні мақтанышпен айтып отырады. Әбдірахман ағаның көзі тірі болса, ұрпағына көңілі толып, мар­қайған болар еді. Бүгінде елі­нің лайықты азаматтары болған ұр­пақтары әке атына кір кел­тірген жоқ. Арыстай әкенің “ақылдым” деп сүйсінетін Шолпаны мен “күл­діргім” деп еркелететін Со­фиясы әке жолын қуып, ұстаз бол­ды. Ахаты инженер маман­ды­ғын таңдап, кандидаттық диссер­тация қорғады. Эрнест отандық мультификациялық фильмдердің негізін қалап, көшбасынан кө­рінген белгілі өнер иесі. Шиеттей бала-шағамен жесір қалып, небір қиыншылыққа да мойымаған қайратты ана – Айша Бисейітова ұзақ та бақытты ғұ­мыр кешті. Балаларын қатарынан қалдырмай оқытты. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырды. Не­мере сүйіп, қызығына ортақтасты. Еліміздің әр түкпіріне қоныс теп­кен балаларының үйіне жиі ба­рып, айлап қонақ болып қайта­тын. Балалары да ана көңіліне қаяу түсірмей, құрмет пен сүй­іспен­шілікке бөледі. Ардақты ана 80 жасқа толып, өмірден озды. Алай­да, майданнан жеткен сол бір сағынышқа толы хаттар өмі­рінің соңғы күндеріне дейін жү­регін жылытып, көңіліне жұба­ныш болғандай. Жауынгердің әрбір хаты бір үзік сырын әлі де ішіне бүгіп, ендігі “ана дүниеде” табысқан жарының бір өзіне ғана ашылар құлыптың құпиясы сияқты... Дина ӘБІШЕВА. АСТАНА.