• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Желтоқсан, 2023

Алматыда автобус қағып өлтірген ерлі-зайыптылар жерленді

355 рет
көрсетілді

Алматыда автобустың астында ажал құшқан ерлі-зайыптыларды туыстары соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Egemen.kz ktk.kz сайтына сілтеме жасап.

Жуырда Алматыда 4 бірдей баланың ата-анасы Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаева көз жұмды. Ажалға қалада болған автобус апаты себеп. Қайғыдан қан жұтқан ағайын-туыс марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салды. Көз жұмған ерлі-зайыптылардың артында 4 баласы қалды, ең үлкені – 23-те, екіншісі – 18 жаста. Үшіншісі – 9-сынып оқушысы, ал кенжесінің жасы небәрі бесте.

«Балалары түсінбейді әлі, олар біз келгенімізге қонақ деп, жүгіріп ойнап жүр, ертен мына адамның бәрі кеткеннен соң, не деп жауап береміз? Мамасын сұраса, папасын сұраса не деп айтамыз?», дейді марқұмдардың туысы Гүлнәр Тұрсынбекова.

Айта кетсек, көз жұмғандар қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері еді. Апат болған күні олар мектептен шығып үйге қарай асыққан. Жол жиегіне тұрып, қала сыртына жүретін көлікті күткен екен. Бірақ ойламаған жерден автобустың астына түсіп қайғылы оқиғаның құрбандары болды.

«Кінәлілер жазасын алсын. Ол қылмыс қой барып тұрған! Бір адамды емес бірнеше адамды басып өткен. Келіп, тіпті кешірім сұрамаған адамдарға не деп айтамыз? Автобус паркінен де келмеді ешкім», деп күрсінді тағы бір туысы Сүйінбай Оңғарбеков.

Енді қара жамылған отбасы автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап ететінін айтты.

Еске салайық, өткен аптада Алматыдағы Райымбек даңғылының бойында жол апаты болды. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып, үш адам көз жұмды, тағы төртеуі ауруханаға түскен. Апатқа жүргізуші мен жолаушы арасындағы дау себеп болған. Қазір оқиға қатысты тергеу жүріп жатыр. Күдікті жолаушы екі айға қамауға алынған.