Қостанай облысының полицейлері шетелдіктен ақбөкен мүйіздерін тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«22 желтоқсанда «Ақбөкен» жедел алдын алу шарасын жүргізу барысында Екатеринбург – Алматы республикалық автожолында Қостанай қаласынан шыға берістен облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп Toyota Alphard автокөлігін тоқтатты. Автокөлікті тексеру барысында жүксалғыштан 29 жастағы жолаушыға, көрші шетел азаматына тиесілі үш жол сөмкесі табылды. Сөмкелерде ақбөкен мүйізі түріндегі 916 дериват, 7,5 миллион теңге сомасында ақшалай қаражат болды. Болжам бойынша, құқық бұзушы мемлекетке шамамен 2 миллиард теңге шығын келтірді», делінген ақпаратта.
Осы дерек бойынша полиция ҚР ҚК-нің 339-бабы 3-бөлігі (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлеріне, олардың бөліктеріне немесе дериваттарына заңсыз қарау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар кешені тағайындалды.