• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 27 Желтоқсан, 2023

«Хат қоржын»

188 рет
көрсетілді

Тілді оқытудағы түйткілдер

Кезінде Рудный қаласындағы №12 орыс мектебінде әрі қалалық білім бөлімінде қазақ тілін тиімді оқытудың әдістемесін жасаған Гүлжиһан Айдаралиева деген тәлімді тәлімгер, жаңашыл педагог жұмыс істеді. Оның ерекше әдістемесін аталған қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық колледждің филология факультетінің оқытушылары да мақұлдап, болашақ мамандардың тілді оқыту үдерісінде пайдалануына жол ашты.

Мен сондай-ақ өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін саналы түрде меңгертуге күш салатын, шетел әдістемесі үлгісімен жұмыс істейтін Сәния Ақмұхамедованы жақсы танимын. Қостанайдағы М.Горький атындағы гимназияда ұстаздық ететін ол: «Оқулықтардағы материалдар көлемді, түсінуге қиын. Айталық, бір модульде мазмұны әртүрлі 8-12 мәтін топтастырылады, бірақ олардың әрқайсысына тек бір-екі сағаттан бөлінген. Бір-екі сабақтың үстінде күрделі мәтінге қатысты түрлі тіл дамыту жұмысын жүргізіп, меңгертіп шығару мүмкін емес. Не істеу керек? Мен әр мәтіннен ең маңызды, қажетті деген сөйлемдерді теріп алып, жинақтап, бір мәтін жасаймын, сонымен бірнеше сабақ бойы жұмыс істейміз. Жаңа сөздер де, мәтін мазмұны да бірнеше мәрте қайталанып, диалог құруға, сөйлеуге, мазмұндауға баса көңіл бөлеміз», дейді.

Қазақ тілін екінші тіл ретінде үйретудің өзіндік озық әдістемесін қолданып, тілді түсініп, саналы түрде меңгерудің амал-тәсілдерін шебер пайдалана білетін осындай педагогтерге құрметім ерекше. Өкінішке қарай, тілді үйрете білетін мамандар көп емес. Көпшілік тіл мамандары сабақты ескі сарынмен жүргізеді, ізденбейді, тіл үйренуге қызықтыратын әдіс-тәсілдерді қолданбайды. Заманауи озық әдістемемен, сапалы оқулықпен оқытылса, тіл үйренушілердің саны да, сапасы да артқан болар еді.

Тілді оқытудағы түйткілдерге қатысты ойымды ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының мына бір сөзімен түйіндегенді жөн көріп отырмын: «Оқу құралдары сайлы болмаса, оның ішінде оқу кітаптары оңды болмаса, оқу да оңды болмайды... Тәртіппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тәртіппен оқыта білетін мұғалім керек».

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім беру саласының құрметті қызметкері

 

ҚОСТАНАЙ

 

 

Мектепте жаңаша өткен семинар

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында №5 Абай атындағы мектептің жаңа оқу ғимаратында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Хадиша Нұрғанованың ұйымдастыруымен «Қазақ тілі сабағында дағдыны қалыптастырудағы әдіс-тәсілдердің тиімділігі» тақырыбында аудандық қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің семинары өтті. Онда педагог-зерттеуші Айгерім Сарманова 5 «а» сыныбында әдебиет пәнінен Ы.Алтынсариннің «Дүние қалай етсең табылады?» атты әңгімесінің желісі бойынша жаңаша сабақ өткізіп, ұйымдастыру бөлімін психологиялық тренингпен ашты. Сөйтіп, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын оята білді.

Пән мұғалімі, педагог-модератор Гүлмира Сәліш 10 «а» сыныбында қазақ тілі пәнінен «Отандық өнім» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Онда да оқушылар отандық өнімдер туралы толыққанды, жан-жақты мағлұмат алды, кәсіпкерлер бейнесінде сұхбат берді.

Ашық сабақтар дауылпаз жыршы, ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жыр жебелі Махамбет» іс-шарасымен жалғасты. Онда оқушылар Махамбет бабамыздың ерлік пен рухқа толы өлеңдерін мәнерлеп оқып, сахналық көріністе кейіпкерлерін сомдауда актерлік шеберліктерін таныта білді. Педагог-модераторлар Жанаргүл Тәуірбаева, Жанерке Қапанова ұйымдастырған бұл сахналық койылым да көңілден шықты.

Семинарды X.Нұрғанова қорытындылап, пән мұғалімдері ой-пікірлерін ортаға салды. Еліміздің Жалпыға міндетті білім беру стандартын жүзеге асыруда білім мазмұнын, заман талабына сай сабақ түрлерін жаңа форматта құра білген ұстаздардың іс-тәжірибесін аудан көлемінде тарату, семинар барысында жүзеге асырылған іс-шараларды мұғалімдердің өз жұмысында пайдалануы сынды бірқатар ұсыныс қабылданды.

Айна ҚҰРМАНОВА,

№21 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Атырау облысы,

Құлсары қаласы

 

 

Қаңғыбас иттен қауіп көп

Жаңа заң қабылданғанына қарамай, бүгінде көше кезген қаңғыбас иттер көбейіп барады. Олардың ішінде иесіз иттермен қатар, иелері барлары да аз емес. Көшедегі қаңғыбас иттер көп жағдайда адамдарға, әсіресе жас балаларға қауіп төндіреді.

Бірде бастауыш сыныпта оқитын немеремді үйге алып қайтпақшы болып мектепке бара жатқанымда, көшеде жан ұшыра айқайлап жылап, сабалақ жүнді иттен қашып келе жатқан бес-алты жастағы қызды көріп қалдым. Енді болмаса, қызды талап тастайтын түрі бар. Қолыма түскен бір тасты ала салып қарсы жүгіргенімде, ит кері бұрылып қаша жөнелді.

Мектепке бара жатып, жол бойындағы қоқыс салатын жәшіктердің маңында бірін-бірі қуалап жүрген бір топ қаңғыбас итті кездестіргенімде, бастауыш сынып оқушыларының мектепке неге жалғыз баруға қорқатындарын түсіндім. Осының алдында ғана біздің көшеде бейқам кетіп бара жатқан бір әйелді ит аяғынан қауып алып, оның біраз уақыт азапқа түскенін білетінмін. Айта берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Биыл бір құтырған ит қапқан бала қайтыс болды. Ит қапқан адам мүмкіндігінше тездетіп дәрігерге қаралып, құтыру ауруына қарсы дәрі ектірмесе, оқиға қайғылы аяқталуы әбден мүмкін.

Қаңғыбас иттерді көбейтіп жатқан өзіміз. Ит асыраймыз, бір жері ұнамай қаласа, үйден қуып жібереміз. Кінәсіз күшіктерді далаға апарып тастаймыз. Олардың өлгені өліп, тірі қалғандары жабайы иттердің қатарын толықтырады. Ал қазір оларды бұрынғыдай атуға, өлтіруге рұқсат жоқ, осы себепті үлкен проблемаға айналып отыр. Сонда не істеу керек? Мемлекет алдағы уақытта иесіз иттерді арнайы бір орынға жинап, күтімге алу жолын қарастыратын шығар. Бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайтыны анық.

Сейітқасым ТӘЖБЕНОВ,

дәрігер

 

ТАРАЗ