Алмалы ауылдық округіне қарасты Атамекен ауылы – Атырау – Орал тасжолы бойында орналасқан, 120 отбасы, алты жүздей халқы бар елді мекен. Көгілдір отыны, таза суы, электр желісі тартылған, малын бағып, бау-бақшасын салып отырған ел. Танымал Тайпақ қарбызы осы ауылда өседі. Ауыл тұрғындарының 60 пайызы бау-бақша өсірумен айналысады. Мұнда жыл сайын жаңа үй салынып, ауыл тез өсіп келеді. Белгілі өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісов ашқан «Жерұйық» музейі де осы жерде. Атамекеннің басты мұқтажы – мектеп ғимараты еді. Сонау 1965 жылы ауыл тұрғындары асар жасап балшық илеп салған мектеп әбден тозып, құлағалы тұрған. Әу баста бала санына байланысты басында бастауыш болса, 1989 жылдан орталау мектепке айналып, ал 2017 жылдан бері жалпы орта білім беретін мектеп дәрежесіне көтерілген Махамбет Өтемісұлы атындағы білім ордасына жаңа ғимарат ауадай қажет еді. Бұл жөнінде «Атамекен оқушылары мектеп сұрайды» деген мақаламыз газетке сонау 2021 жылы шыққан екен.
Міне, ауыл халқы тағатсыздана күткен күн жетті. Атамекендіктер үшін ақ түйенің қарны жарылды десек те болар. Халықтың қуанышына ортақтасуға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов арнайы келді. «Ел Президентінің Жолдаудағы тапсырмаларына сәйкес, облыс көлемінде 27 мектептің құрылысы басталған болатын. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 білім нысанының құрылысы жоспарланып, оның 9-ы бойынша биыл жұмыс бастау алды», деді Қ.Айтмұхамбетов.
Жаңа ғимараттың лентасын ардагер-ұстаздар Амангелді Жанайысов пен Қымбат Оразова қиды. Осы мектепте 20 жылға жуық директор болған А.Жанайысов бір жыл ішінде құрылысты сапалы аяқтаған «ЖайықСельСтрой» серіктестігінің жұмысшыларына алғыс айтты. Мердігер компания директорының орынбасары Ерлан Өзбеков сөз сөйлеп, М.Өтемісов атындағы орта мектептің директоры Болат Өтешевке символдық кілтті табыстады.
Чапаев ауылдық округіне қарасты Жайық ауылындағы негізгі мектептің ашылу салтанатына да ауыл халқы қуанышпен жиналды. Бір ауысымда 60 оқушы білім алатын бұл мектептің жобалық құны – 606,2 млн теңге. «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг б.в.» компаниясының тапсырысымен құрылысты қолға алған «Ақсайстройсервис и К» серіктестігі өз міндетін бір жылға жеткізбей орындап шықты. Салтанатты жиын үстінде компания басшысы Орынбасар Құшев символдық кілтті мектеп директоры Меруерт Ерментаеваға табыс етті.
Айта кетейік, 2022 жылғы қаралы қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласында қаза тапқан Сәндібек Хайыров осы ауылдың тумасы болатын. Жайық негізгі орта мектебінің жаңа ғимаратында Сәндібек Ғалимоллаұлы атындағы «Ерлік сыныбы» ашылды. Ерлік сыныбының лентасын батырдың әкесі Ғалимолла Нұрсайынұлы мен ұстазы Сәуле Ғалымқызы қиды. Жаңа кабинетте жайықтық офицер, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Сәндібек Қайыров атындағы патриоттық клуб жұмыс істейтін болады.
Жаңа мектепте бұдан бөлек 8 оқу кабинеті, ұлдар және қыздар шеберханасы, спортзал, кітапхана, асхана, медицина кабинеті бар.
Батыс Қазақстан облысы