• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Желтоқсан, 2023

Тұрғындар неге алаңдайды?

305 рет
көрсетілді

Мегаполиске жақын аудандар­ға қоныстанған тұрғындардың төрт құбыласы түгел деу қиын. Елді мекендердегі жарық, су, жол мәселесіндегі қиындықтар күрмеуінің тарқатылуы әлі де өзекті. Енді оған ұры-қарының жолын кесіп, үйлерін күні-түні қарауылдау машақаты қосылып отыр. Олай дейтініміз, жуырда Талғар ауданына қарасты Қызылқайрат аулының Ха­са­нов көшесіндегі бірнеше үй бірінен соң бірі тоналған. Тұр­мыстық бағалы заттарды үп­теп кеткен ұрылардың ісі тұр­ғындарды аяғынан тік тұрғызды.

«24 қараша күні ұлымның үйлену тойын өткізіп, үйге келсек, терезе шалқасынан ашық жатыр. Үй іші астан-кестең, аяқ алып жүргісіз. Ба­­лам­ның ноутбугі мен айфонын, жинап жүрген қаражаты мен ме­­нің қол сөмкемдегі ұсақ-түйек тиын-тебендерімді алып үлгеріпті. Аудан­дық полиция бөліміне телефон соғып, мән-жайды айттық. Сағат түнгі бірде шақырған учаскелік полиция таңғы төртке таяу келіп, жоғалған заттарды тізімге алып кетті. Не өтініш жаз­дыр­мады, не саусақ, аяқ іздерін ал­мады. Сонда бұл тонау ісі қалай анық­­талады? Осы жағдайдан соң өзі­міздің есіміз ауып қалды», дейді үйі тоналған Дина Нүсіпбекова.

Үй тонау мұнымен бітпеген. Жапа шеккен Дина Нүсіпбекованың ай­туынша, іле-шала көршісінің үйінен қымбат бағалы су жаңа телевизорды қолды қылған ұрылар тағы 3-4 үйге кіріп, бағалы бұйымдарын алып кеткен. Сонымен он шақты күннің ішінде бас-аяғы 20-ға жуық үйдің терезесінен түскен кәнігі ұрылардың тайраңдаған бұл әрекетінен шошыған Хасанов көшесінің тұрғындары жиылып, шу шығарды. Олар ауылдық учаскелік полиция қызметкерлерінің өз ісіне салғырт қарағанына ашулы. Бұл мәселеге Алматы облыстық полиция департаментінің басшылығы да бейжай қарамай, шұғыл шара қабылдап, профилактикалық жұмыстар жүргізді.

Қызылқайрат ауылдық округінің құрамына Шымбұлақ, Алтын дән, Бай­бұлақ, Алмалық, Амангелді, Рыс­құлов, Береке және Орман ауылдары кіреді. 2010 жылғы санақ бойынша халық саны – 17656, округ бойын­ша 174 көше бар.

«Бүгінде ауылдарда халық саны артып келеді. Жаңа шағын аудан­дар пайда болды. Соған сай атқары­лар жұмыстардың да ауқымы кеңейіп отыр. Екі жыл бұрын Қы­зыл­қай­рат аулындағы Астана көше­с­іне қиыр­шық тас төселсе, өткен жылы Теміров, Розыбакиев, Жандо­сов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді және Жақанов, Хасанов көшелеріне маршруттық әдіспен жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол жөндеу жұмыстары Рысқұлов, Береке, басқа да ауылдарда атқарылды. Жасы­ратыны жоқ, 20-30 жыл жөндеу көрме­ген көшелер де жоқ емес. Жаңа құрылыстар бойынша 8 көшеге асфальт төселді. Ендігі кезекте электр жарығы тартылады. Соған қарамастан ауыл іргесінің кеңеюіне байланысты мәселенің бірі бітсе, екіншісі туындайды.

Кейінгі екі жылда округте 25-ке жуық көше электр жары­ғы­мен қамтамасыз етілді. Ұрлық жасал­ған Хасанов көшесіне былтыр мар­шруттық жобамен тас төсе­ліп, 2200 метр жарықтандыруға бюд­жет­тік өтінім берілді. Келер жылы жарықтандырылады. Бұдан өзге Алмалық, Амангелді, Байбұлақ, Алтын дән және Шымбұлақ ауылдарын Талғар топтық суағарына қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Рыс­­құ­лов аулының су жүйесін қайта жаңғырту және салу жобасы әзірле­ніп жатыр. 2023-2025 жылдарға арналған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылқайрат аулы­на 900 орындық және Байбұлақ аулына 1200 орындық мектептер салу жоспарда бар», деп ауылдың жай-жапсарын тілге тиек еткен Қы­зылқайрат ауылдық округінің әкімі Азамат Сейітов бейнебақылау камералары әлеуметтік нысандар мен дүкендерде орнатылғанын айтты.

Тоғыз ауылдың басын біріктіріп отырған Қызылқайрат ауылдық ок­ругі бойынша 4 учаскелік инспектор жұмыс істейді. Ауылда полиция пункті жоқ. Биылғы 11 айда округ аумағында 31 қылмыс тіркеліп, оның 17-сі ашылса, 14-і әлі ашылмаған. Бұлардың 5-еуі пәтер тонау фактісі бойынша тіркелген. Ауыр дене жарақа­тын салған 2 қылмыс тіркелген.

«Алатау селолық округі №7 учас­келік полиция пункт тірегінде 3 учас­келік инспектор және бір кө­мекші қызмет етеміз. Бірақ штат саны аздық етеді. Мұнда 9 ауыл, 27 сая­жайдағы халық саны 22 мыңнан асады. Ішкі істер министрлігінің 2015 жыл­­ғы 10/95 бұйрығына сәйкес әр инс­пекторға қарайтын халық саны 2 мыңнан аспауға тиіс. Дей тұрғанмен, ауыл тыныштығын күзетуге бар мүмкіндігімізді жұмылдырудамыз. Елді алаңдатып отырған Хасанов көше­сіндегі қылмысқа ұрылар «кәсі­би» дайындықпен келгені байқа­лады. Бұл көшеде бұрыннан есепте тұратын немесе қылмысқа бейім адам тіркелмеген. Тұрғын­дардың барлығы – шеттен көшіп келген азаматтар. Бүгінде тергеу, тексеру жұмыстары басталып кетті», дейді Талғар аудан­дық полиция басқармасының жер­гілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Мадияр Жақабаев.

Ауылдық учаскелік инспектор­лардың қарамағында екі қызметтік көлік бар. Оның бірі жаңа болса, екіншісі жөндеуден өткен. Осындай үлкен аумақты қамту үшін штат пен көлік жетіспеушілігімен қатар, рация сынды қарапайым байланыс құралы, сондай-ақ тірек пункті де жоқ. Учаскелік инспекторлар біраз жылдан бері ауылдық әкімдік ғимаратынан орын алып, жұмыс істеп келеді.

Сөз арасында ауыл әкімі Азамат Се­рік­ұлы алдағы жылы Талғар аудан­­дық құрылыс, сәулет және қала құ­рылысы бөлімі Қызылқайрат аулынан қызметтік тұрғын үймен қосар­ланған полиция пунктінің салынып жатқанын, бұл күнде құрылыс жұмысының аяқталып қалғанын алға тартты. Ғимарат пайдалануға берілсе, осы салада 10 жыл қызмет етіп, 3 баламен пәтер жағалап жүрген полиция майоры Мадияр Қалиұлы сынды учаскелік инспекторлардың баспана мәселесі шешіліп те қалар.

Қызылқайрат ауылдық округінде тіркелген үй тонау мәселесіне қа­тысты Алматы облыстық полиция депар­таментінің баспасөз қызметі тө­­мен­дегідей мәлімдеме жасады. Онда: «Жыл басынан бері Талғар ауда­ны Қызылқайрат кентінде 12 ұр­­лық тіркеліп, 4 ұрлық ашылған. Бұл істер бойынша қажетті тергеу іс-шаралары атқарылып жатыр. Қазір­гі уақытта аудандық полиция бөлім­шесінің басшысы тұрғындармен профи­­лактикалық сұхбат жүргізіп, тұрғындардан өтініштер қабылданды. Барлық көрсетілген мәселе бойынша Алматы облысы ПД бастығының жеке нұсқауымен қажетті тергеу әре­кеттері жүргізіледі. Оның нәти­желері бойын­ша кінәлі тұлғалар заң­на­мада белгі­ленген шеңберде анық­талып, жауапқа тартылатын болады», деп жазылған.

 

Алматы облысы