• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 28 Желтоқсан, 2023

Бірлескен істе береке бар

88 рет
көрсетілді

Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласына арнайы келген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тұрғындармен кездесті. Басқосуда Мемлекет басшысының реформалары мен бастамаларын тиімді іске асырудың өзекті мәселелері мен нәтижелері талқыланды.

«Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін Мемлекет басшысы бастаған ауқымды өзгерістердің тағы бір жаңа белесін бағындырған тарихи уақыт болды. Соның ішінде, мәдениет пен идеология саласында ауқымды бас­тамалар қолға алынып, «Әділетті Қа­зақстан» тұжырымдамасының іс жүзіндегі тұғыры айқындала бастады. Президент бастамалары саламызға да тың серпіліс берді. Қалыптасқан рухани, ақпараттық жағдайға тікелей әсер ететін бірқатар маңызды әрі қажетті заң мен нормативтік акті қабылданды. Қоғамның интеллектуалдық, шығармашылық, зайырлы ортасын көтермелеу мақсатында Президент тарапынан нақты қадамдар жасалып, зор мотивациялық қолдау көрсетілді», деген Аида Ғалымқызы бұдан әрі министрліктің осы жыл ішінде атқарған жұмыстарын тарқатып айтты.

«Министрліктің ақпараттық жұмысы медиасаланы дамыту бойынша жағдай жасау, ел халқын мемлекеттік саясат­ты іске асыру туралы хабардар ету және ақ­па­раттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты үш негізгі құ­рам­дас бө­лік­­тен тұрады. Осы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен сөз бостандығын одан әрі қамтамасыз етуге, отандық медиа­са­ланың бәсекеге қабілеттілігін арт­ты­­руға, ақпараттық егемендікті ны­ғайтуға бағытталған «Ақпараттық док­трина» бекітілді. Ал тамыз айында Үкі­меттің қаулысымен оны іске асыруға ба­ғытталған іс жоспары қабылданды. Доктринадан туындайтын аса маңызды заң жобаларының бірі – министрліктің бас­тамасымен жүзеге асқан «Масс-медиа туралы» заң жобасы», деді А.Балаева.

Бұдан әрі министр «Онлайн платформа және онлайн жарнама туралы» заңға, мемелекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Министрлік жұмысының келесі бір бағыты – мәдениет саласына кеңінен тоқталған сала басшысы өз сөзінде Алматы облысының көз тұндырар тау-тасы мен өзен-көлі киноиндустриясын дамытуға таптырмас қолайлы өңір екенін ерекше атап өтті.

«Президент 1 қыркүйекте еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, нәтижесінде отандастарымыздың өмір сүру деңгейін арттыруға арналған ре­фор­малардың жаңа пакетін ұсынды. Оң өзгерістердің маңызды шарты – азаматтық қоғамның белсенді қатысуы. Алматы облысының азаматтық қоғам өкілдері үнемі белсенділік танытып, қоғамдық-саяси үдерістерге бейжай қарамайтыны қуантады», деп атап өтті Аида Балаева.

Өңірде жұмыс істейтін 600-ден аса ҮЕҰ және 36 ірі волонтерлік ұйым әлеу­мет­тік маңызды жұмыстармен, соның ішінде ауылдық деңгейде де бел­сен­ді айналысады.

«Креативті индустрия саласын дамыту, ең алдымен, жастар үшін жаңа, табысы жоғары, қолжетімді жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен шалғай елді мекенде тұратын азаматтардың өзін-өзі қамтамасыз ету үшін тиімді салаға айналады. Олар отандық мәдениеттегі оң өзгерістердің негізін қалап, мәдениет қызметкерлерінің беделін нығайтуды қамтамасыз етеді», деді сала басшысы.

Министр облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Кездесуге қатысушылар министр­ге кейінгі жылдары отандық киноиндустрияда шығарылып жатқан контент сапасына назар аударуды сұ­рады. Сонымен қатар, блогерлердің, әлеуметтік желідегі паблик әкімшілерінің жауапкершілігін күшейту, шындыққа сәйкес келмейтін және халықты адас­тыратын ақпаратты орналастыруға қатысты мәселе қозғалып, ұсыныстар айтылды. Бұдан бөлек, халықтың діни сауатын арттыру, балалар әдебиетін басып шығаруға қолдау көрсету мәселесі көтерілді.

Азаматтарды жеке қабылдау барысында сала басшысы жас мамандардың жалақысын көтеруге қатысты сұрақтарға жауап берді. Өңірдегі азаматтық сектор өкілдері тарихи және мәдени мұра саласындағы жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге шақырды.

Министр өңірге жұмыс сапары барысында өңірлік және республикалық БАҚ өкілдерімен кездесіп, отандық медиасаланы дамытуға қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді.

«Біз сіздерге барынша жағдай жасау үшін жұмыс істеудеміз, баспа басылымдары немесе электрондық БАҚ болсын, мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету, сапалы контент жасау үшін техникалық шарттарды пысықтаудамыз. 2021 жылдан бастап 6 мыңнан астам журналист үздік жоғары оқу орындары базасында меморандум шеңберінде медициналық, экологиялық, діни, қаржы-экономикалық, аграрлық және IT-салаларда оқыту курстарынан өтті. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы жылы да жалғасады», деді министр.

 

Алматы облысы