Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) Сауд Арабиясы бақылаушы мемлекет ретінде қосылды. Бұл – Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілету жолында құрлықтағы басты ұйымның географиясы одан әрі дамуындағы маңызды кезең.
Сауд Арабиясының бақылаушы мәртебесін алу туралы өтініші 2023 жылғы 12 желтоқсанда өткен АӨСШК лауазымды тұлғалар комитетінің отырысында алдын ала мақұлданды. Аталған елге бақылаушы мәртебесін беру туралы шешімді 26 желтоқсанда АӨСШК министрлер кеңесі қабылдады.
Сауд Арабиясы – Парсы шығанағы елдерінің бірі. Қазіргі таңда АӨСШК-ге өңірдегі Бахрейн, Қатар, Кувейт және БАӘ секілді бірқатар мемлекет мүшелікке өткен. Сауд Арабиясы Корольдігінің бақылаушы мәртебесі АӨСШК-дегі қосалқы аймақтың өкілдігін одан әрі ұлғайтады. Осылайша, Азиядағы ынтымақтастықты кеңейтеді.
Аталған мемлекет Азияда және бүкіл әлемде көпжақтылықты ілгерілетуге белсенді түрде үлес қосып келеді. Бүгінде Сауд Арабиясы әртүрлі халықаралық ұйымдарға, соның ішінде АӨСШК бақылаушы ұйымы саналатын Араб мемлекеттері лигасына (LAS), сондай-ақ Ислам Ынтымақтастық Ұйымына (ИКҰ) және Мұнай экспорттаушы елдер ұйымына (ОПЕК) қосылған.
Сауд Арабиясының АӨСШК бақылаушы-мемлекеті болуға ұмтылысы жаһандық және аймақтық сын-қатерлерді шешудегі ұжымдық күш-жігердің маңызын көрсетеді. Аймақтың халықаралық ұйымшылдықты біріктіруге деген ортақ ұмтылысын айғақтайды.
Кейінгі үш жылда АӨСШК географриясы айтарлықтай өсті: Кувейт 2022 жылы мүшелікке өтті. Түрікменстан 2021 жылы бақылаушы атанды. Еуразиялық экономикалық одақ 2022 жылы серіктес ұйым болды. Ұйымның кеңеюі өте жағымды оқиға және оның жалпыазиялық ұйым ретінде одан әрі дамуында маңызды.