• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

БАЛАЛАР МЕН ЕРЕСЕКТЕР ДОСТЫҒЫ

890 рет
көрсетілді

“Нұр Отан” ХДП Көкшетау қалалық партия ұйымында 33 бастауыш құрылым бар. Бұлардың барлығы да халық алдында айта қаларлықтай беделге ие. Әсіресе, “Қазақстан темір жолы” АҚ Ақмола облыстық филиалындағы ұйымның атына жылы лебіздер жиі айтылады. – Алғашында алтау едік, қазір қатарымызда 215 белсенді мүше бар, – дейді бастауыш партия ұйы­мының төрайымы Роза Сүлейме­но­ва. – Олардың барлығы қоғамдық жұмысқа жүрек қалауымен ара­л­а­­сатын, елдің бірлігі мен абыройын, болашағын ойлайтын ізгі ниеттегі жандар. Маған әріптестерімнің қоғамдық өмірдегі соны өзгерістер мен жасампаздық қадамдарға бейжай қарамайтындығы, өздері де даму үрдістерімізге білек сыбана кірісетіндігі ұнайды. Осыдан жеті жыл бұрынғы кеңейтілген мәжі­лі­сі­мізде партия мүшелері “Сандық­тау” балалар үйін қамқорлыққа алу жөнінде бастама көтерген болатын. Қазір балалармен арамыздағы тү­сіністік берік достыққа, бауырмал­дық қатынасқа ұласып отыр. Онысы рас жуырда “Нұр Отан” ХДП бастауыш ұйымының Сан­дық­тау балалар үйіне кезекті қайы­рым­дылық сапарына біз де куә бол­ғанбыз. Оған партияның об­лыстық филиалы төрағасының бі­рін­ші орынбасары Ғалым Шойкин бастаған белді азаматтар да қа­тысты. Содағы үш пен он сегіз жас аралығындағы жүз елу екі баланың жүзіндегі қуанышты көрсеңіз! Әри­не балалар әлеміне базарлықсыз баруға бола ма?! Қонақтардың бұл жолғы қоржыны ауырлау көрінді. Көкшетаулық теміржолшылар биылғы Наурыз мейрамындағы қалалық байқауда жеңімпаз атанып, жүлдеге заманалық теледидарды жеңіп алған еді. Міне, сол қимас бәйгенің бәсі балаларға байланды. Бастауыш партия ұйымы Көкшетау қалалық филиалымен бірлесіп, өзін-өзі басқару құрылымдарын ұй­ым­дастырғаны есімізде. Бүгін Сан­дықтау балалар үйіндегі “Бір­лік” мектеп балалары республика­сы­ның жылдық жұмыс қорытын­ды­сы шыға­рылып, шағын мемле­кет­тің “министрлері” Темірлан Сәр­сен­баев, Елена Бестікбаева, Александр Захарченко, Юрий Эр­мит, Людмила Оноп марапатталды. Сондай-ақ, “Ақмоланың балғын дарындары” байқауының жеңім­паз­да­ры Иван Карманов, Олеся Жа­қыпова, Ека­те­рина Дроздецкая және Делфийлік ойындардың қола жүлдегері Санжар Рыдун құрмет грамоталарымен атап өтілді. Ар­найы жобаны ұйымдас­ты­рушылар ешкімді де сый-сияпатсыз қалдыр­ған жоқ. Балғындардың бар­лығына ой-өрісті кеңітетін ойын­дар, ой­ыншықтар, киім-кешектер тарту етілді. Ал, оқу құралдары “Мек­­теп­ке жол” дәстүрлі акциясы аясында берілмек. Роза Арыстанқызы Ақмола темір жол бөлімшесінің бастығы Вячеслав Мироновтың арнайы бұй­рығын оқығанда балалар мәз-мейрам болды. Қуанатындай-ақ жағдай екен. Мектепті биыл бі­тіретін жеті түлек теміржол жүйесі бойынша тегін оқытылып, оны бітірген соң жұмысқа орналас­ты­рылады. Оларды жыл сайын мектеп “министрлері” іріктеп, ұсыныс жасап отырмақ. Сондай-ақ, “Нұр Отан” партиясының ұсынысымен темір жол бөлімінің басшылығы балалар үйінің басқа да мұқтажына жыл сайын 300 мың теңге қаржы аударуға шешім қабылдауы өзгелерге үлгі боларлықтай қадам. Балалар үйінің директоры Ме­реке Молдахметов өз әріптестеріне риза сезімін білдіріп, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы Ақмола өңіріндегі алты балалар үйіне түгел қамқорлық жасап отырғанын атап өтті. Сан­дықтауда жуырда ғана өт­кен облыстық спартакиадаға нұр­­­­­отан­­дықтардың көмек-қолдауы орасан. ... Осы арада, тақырыпты то­лық­тыру мақсатында, Сандықтау ау­данының әкімі, партияның ау­дан­дық филиалының төрағасы Қа­нат Сүйіндіков пен облыстық “Үміт” қорының директоры Абзал Ба­­шаров сол күні аудан орталығы Бал­қашын ауылының 17 мүмкіндігі шектеулі баласына ақшалай және құнды сыйлықтар табыс еткенін қосып айтқымыз келеді. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы,  Сандықтау ауданы. КЕЛІҢДЕР, СТРИТБОЛ ОЙНАЙЫҚ БӘРІМІЗ!.. Облыс орталығында жыл сайын қа­лың жұртшылықтың, жастар мен жас­өспірімдердің қолдауына ие болған әр­түр­лі спорт ойындары өткізіліп тұрады. Дәл бүгін, басталған жаз айының алғаш­қы күндері қалалық демалыс саябағында ІV Халықтың спорт ойындары салтанат­ты жағдайда ашылды. Спорт ойындары мерекесіне ауыл­дардан жиналған жастарды облыстық дене шынықтыру және спорт басқар­ма­сы бастығының орынбасары Ардақ Тор­сықбаев құттықтап, алдағы ойындарында жеңімпаз атануларына сәттілік тіледі. Ардақ Қайырлыұлының айтуынша, елі­міздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың жүлдесі үшін өткізіліп жатқан ха­лықтық спорттық ойындарға облыстың аудан, ауылдарынан келген 120 спортшы жас қатысуда. Біздің халықтық спорт ой­ындарын өткізудегі мақсатымыз ел ішін­де, әсіресе, ауыл жастары арасында бұ­қа­ра­лық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қа­лыптастыру болып табылады. Үш күн бойы, осы саябақта стритбол ойынынан жарыс өтеді. Жарыс жеңімпазы шілде айында Орал қала­сында өтетін республикалық жарысқа қатысуға жолдама алады. Стритбол баскетбол ойыны сияқты, бір ерек­шелігі мұнда допты бір дөңгелекке түсіреді, көп орын керек етпейді, ойнауға ыңғайлы қарапайым ойын, аулада, есік алдында ойнай беруге болады. Бұл – стритболшы ауыл жастарының да қатары көбейіп келеді деген сөз. Команда төрт адамнан жасақталады. Қыздар және ұлдар болып ойнай береді. Әрине, әркім өз командасы үшін. Олар жыл сайын осы ойынды ойнап жаттығып қалғандарын айтады. Біз ойын басталмас бұрын стритболшы ауыл жастарымен әңгімелестік. Облыстағы Железинка ауданынан келген Александр Бундерлихт, Павлодар ауданынан апалы-сіңлілі Вера және Валя Злобиналар, Мак­сим Сагай­дак, Әсел Мұхтарова, Анас­тасия Марты­нова, Ерлан Айтуғанов стрит­бол біздер үшін шынында нағыз спорт ойыны, біз жаттығамыз, шыныға­мыз, күштіміз, ептіміз, біз бәріміз дос­пыз, өйткені, ко­ман­дамызда әртүрлі ұлт өкілдерінің ба­лалары бар, бір-бірімізді спорт тілімен ұғынып, жыл сайын осы ойында бас қосып, бір демалып қала­мыз. Облыс орталығына келгенге дейін бі­раз уақыт дайындалдық. Жеңіске же­тіп, жүлделі болғымыз келеді. Спорт бас­қармасын­дағы аға-апайлар болсын, ау­ылда бол­сын біздерді “стритболшылар” деп атайтыны ұнайды, дейді. Олардың спорт киімдері де өздеріне жарасып, сән беріп тұр. Ауылдарында стритбол ойнайтын достары көбейіп келеді екен. Сондықтан олар ауыл және қала жастарын осы бір ғажайып ойынды өздерімен бірге ойнауға шақырады. Сөйтіп, стритболшылар саябақ ішін­де жарысты бастап кетті. Жазғы каниул кезі.Бақ ішінде балмұздақтан бұрын ойынды қызықтаған балалар, жастар көп. Жанкүйерлер дауыстары да шығып жатыр. Спорттық әуендер естіледі. Жазғы саябақта кішігірім олипиада ойындары өтіп жатқандай әсер аласың. Фарида БЫҚАЙ, ПАВЛОДАР. ОРТАҚ МАҚСАТ ЖОЛЫНДА Еліміздің өңірлерінде мазмұны әртүрлі болғанымен, бірлігіміз жарасса бәріміз де жақсы өмір сүреміз деген мақсат біріктірген ортақ шаралар үдерістері жалғасуда. Қостанай. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов атындағы алаңда қаланың аулалық клубтарының тәрбиеленушілері мен кәсіби шеберлердің қатысуымен арт-фестивальдер өткізілді. Бұл Қос­танайдағы бас алаңды шат­тыққа бөлеген сәулелі шараға айналды. Сағат 11.00-де ұлты­мыздың екінші ұстазы Ыбырай Алтынсарин кесенесінің ма­ңай­ын абаттандыру мен сәулеттен­діруге арналған түрлі қоғамдық бірлестіктер мен мәдениет мекемелері қызметкерлерінің акциясы басталды. Сағат 13.00-де балалар бақ­шаларының тәрбиешілері мен Рудный қаласындағы құрылыс­шы­лар дайындайтын 5-ші ли­цейдің оқушылары кәсіпкер­лер­­­дің көмегімен балалар ала­ңын ашты. Сондай-ақ осы жерде қаланың бөбектеріне ас­тықтың қалай өсіп, жетілетінін көрсетуге арналған ауыл шаруа­шылығы көрмесі ұйымдасты­рыл­ды. Барлық шаралардың қатысушылары да: “Біз бір командамыз, бірлігіміз жарасса бәрін де жеңеміз!” деген ұран­дарды қайталаумен болды. Бұл акциялар Қазақстанның Азаматтық альянсының “Бірлі­гіміз жарасқан!” және “Біз – бір командамыз” атты әлеу­меттік ақпараттық науқанының шеңберінде өткізілді. Жалпы, еліміз бойынша осы күнге дей­ін осындай 25 шара ұйымдас­ты­рыл­ды. Соның ішінде Темір­тау қаласында спорт алаңы қалпына келтірілді, Павлодарда “Мейірімділік мектептері”, Астанада “Балам-ай”, Алматыда “Естелік вахтасы”, т.б. өткізілді. Маңғыстау. Аталған облыс­тың Таушық ауылында да Аза­маттық Альянстың бастам­а­­сымен тәжірибелі бизнесмендер жас отбасылары үшін шебер-сыныптар өткізді. “Отбасы биз­несін құру – ол өте перспекти­валы іс. Біз істі қалай бастауды 12 отбасына ғана емес, барлық отандастарымызға көрсетеміз. Бәріміз іспен айналыссақ – та­ту-тәтті өмір сүруіміз де жал­ғаса беретін болады!” деді акцияны ұйымдастырушылар. Шараға қатысушылар Айгүл Медиманованың тігін ательесі мен Меделбай Арыновтың ба­лық шаруашылығы кәсіпорны­на барып, олардың бизнес­те­рі­нің жүруімен танысты. Бірлі­гіміз жарасып, бір іспен айна­лыссақ, бәріне де қол жеткізе аламыз. Тек қажырлылық пен ниеттестік керек. Жергілікті билік бөлінген қаражатты қол­дау шараларына дұрыс жұмсаса болды, деді істері оңға басқан бизнесмендер. “Егемен ақпарат”. “АЛТЫН ЖҮРЕКТІҢ” ЖЫЛУЫ Өмірде алуан тағдырлы адамдар кездеседі. Кім-кім де тағдырдың маң­дайға жазылғанынан қашып құ­тыла алмайтыны анық. Әрине, пе­ше­несіне мүгедектікті душар еткен­дер­дің қиындыққа мойымай, өмірге іңкәрлігін жоғалтпауы айналасын­дағы адамдарға да, ағайын-туыстары мен жолдас-жораларына да бай­ла­нысты. Басыңа іс түскенде жүрегінің жылуы мол жандардың қолдау-кө­мегі қаншалықты күш беретінін мүм­кіндігі шектеулі жандардан артық кім біледі. Біздің қаламызда да мүмкіндігі шектеулі көптеген адамдар тұра­ды. Оларды тағдыр салған қиындықпен бетпе-бет қалдырмай, ерекше қам­қорлыққа алып жүрген жандар да баршылық. Олар – осындай қамкө­ңіл жандардың ата-аналары, жақын-жуықтары, достары. Кейде ондай адам­дардың демалысын ұйым­дас­тыратын, араласып көңілін демейтін еңбегіне ештеңе дәметпейтін волон­терлер де кездеседі. Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шек­теулі балалар өсіріп отырған от­басыларды қолдау мақсатында осы­мен төртінші рет “Алтын жүрек” фес­тивалі ұйымдастырылды. Мүм­кіндігі шектеулі балалар жыл сайын жиналып, өздерінің өмірге деген құштарлығын қанаттандырып жүрген асыл жандарға алғыс сезімін білдіруді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл жолы олар Ретро паркте бас қосты. Қоларбаға таңылғанына қарамас­тан, азаматтық белсенділігімен көрі­ніп, мүгедек жандардың өзекті мәсе­лелерін шешуге бастамашы болып жүрген Ақтөбе қалалық сал аурула­ры­на шалдыққан азаматтар қоғамы­ның төрайымы Құралай Бәйменова мүмкіндігі шектеулі балалардың өмір­ге құштарлығына тәнті екенін біл­дірді. Олардың арасында “Көгілдір құс”, “Екі жұлдыз” байқаулары өт­кізілгенін, оларға мүмкіндігі шектеулі балалардың белсенділікпен қатысқа­нын айтты. Қоларбаға таңылған Олесяның анасы Валентина Баранова Ресейддің өзінде мұндай қоғамның, волонтерлердің жоқтығын тілге тиек ете келіп, бүгінгідей кездесуді ұй­ымдастырып, жарымжан балалардың өзара жолығысуына мүмкіндік туғыз­ғандарға аналық алғысын жеткізді. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Элеонора Бектібаеваның “Д.А.Р.” волонтерлік клубына келуіне дос қызының апатқа ұшырап сал болып қалуы себепші бо­лыпты. Досына барып жүріп басқа­ларымен де араласуды, жолығысуды жөн санаған Элеонора Бектібаева қазір өзіне көп достар тапқанына, олардың ауыртпалығын сәл де болса жеңілдеткеніне қуанышты. Оның “Д.А.Р. “волонтерлер клубына барып жүргенініне 1,5 жылға жуықтапты. Осындай басқосуларда өмірдің мағы­налы жақтары көбірек айтылатыны белгілі. Мүмкіндігі шектеулі жандар бәріне де риза, дегенмен, автокөлік пен пантус мәселесі шешімін тапса деген тілектері де жоқ емес. Фестиваль аясында өткізілген шаралардан көңілдері көтеріліп, өзара ой-пікір бөліскен қам-көңіл жандар қайырымды замандастарының жүрек жылуын сезініп, бір жасап қалды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.