• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Желтоқсан, 2023

Жаңа жылдан жақсылық күтеміз

191 рет
көрсетілді

2023 жыл еліміз үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Әсіресе өнер адамдарына айрықша қолдау көрсетілді. «Қазақстанның халық жазушысы», «Қазақстанның халық әртісі» деген атақтар қайта жаңғырып, ел руханиятының мерейін асырып жүрген тұлғаларға берілді. Жаңа жыл қарсаңында сол атаққа ие болған азаматтардың үшеуіне хабарласып, өткен жыл мен Жаңа жылға байланысты ой-пікірлерін білген едік.

Бексұлтан Нұржекеұлы,

Қазақстанның халық жазушысы:

– Қазақта «Ескі жылым – есірке, жаңа жылым жарылқа» деген тілек бар. Өтіп бара жатқан ескі жыл өз басымды есіркеді деп ойлаймын. Ел-жұртыма, отбасыма, денсаулығыма айтар өкпем жоқ. Мемлекетіміз еңбегімді бағалап, «Қазақстанның халық жазушысы» деген атақ берді. Бұл атақтың аты жақсы. «Халық жазушысы» деген – «халықтың адамы, азаматы» деген қадірлі сөз. Одан кейін жаңадан құ­рылған Жетісу облысының «Құр­метті азаматы» атандым. Осы­ның бәрі – елдің құрметі деп білемін.

Жақында Тәуел­сіздік күні мерекесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баянда­ма­сын тыңдадым. Сонда Мем­ле­кет бас­шысы жыл бойы атқа­рыл­ған жұ­мыстарға тоқта­лып, қоры­тын­ды жасады. Осы игілікті шараны қолдау ре­тінде дәстүрге ай­нал­дырсақ, Тәуел­сіздік мере­кесі алдында жыл бойы не істе­ге­німізді жұрт­­шылықтың ал­дында жар­қы­ратып айтып, ел ең­сесін көтеруге жақсы бір бастама болар еді.

Жас ұрпақты отансүйгіштікке, туған елді, жерді сүюге баулу туралы жиі айтамыз. Мысалы, өткен жылы екі үлкен оқиға ескерілмей қалды. Халқымыз «бұдан кейін ел болып қала ма, қалмай ма?» деген ауыр күн туған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты қасіретке 300 жыл болды. Осыған байланысты елімізде кон­ференция өтіп, мерзімді бас­пасөзде ғылыми, тарихи мақа­лалар жариялануы керек еді. Бұған ешкім көңіл бөлмеді. Бұл – біздің кемшілігіміз. Екінші – әйгілі Орбұлақ шайқасындағы жеңісімізге 380 жыл толды. Осы дата Панфилов ауданы деңгейінде аталып өтіл­ді. Бұл бір ауданның емес, рес­публиканың мәртебесін кө­те­ретін іс-шара еді. Біз мұн­дай айтулы оқиғаларды ұмыт­пауы­мыз қажет. Өйткені осындай құр­бандықпен жеткен тәуел­сіздіктің бағасын, қадірін, қа­сиетін кейінгі ұрпақ білер еді. Алдағы жаңа жылдан үлкен үміт күтемін. Еліміз дамудың даңғыл жолына түссе екен деп армандаймын!

 

Эрлан БАТЫРБЕКОВ,

ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры:

– 2023 жыл жемісті болды. Ғылым мен техника саласындағы аса үздік жетістіктері үшін екі жылда бір рет берілетін Әл-Фара­би атындағы мемлекеттік сый­лықтың лауреаты атандық. Менің жетекшілігіммен Ұлт­тық ядролық орталықтың ав­тор­лар ұжымы «Қазақстан Рес­публикасының атом-энергетика саласын құруға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стра­тегиясын іске асыруға ар­налған әлемдік деңгейдегі зерт­­теулер мен әзірлемелер» жұ­мысы үшін осындай мәртебелі ма­­рапатқа лайық деп танылды. Бұл сыйлық біздің ұжымға үл­кен жауапкершілік жүктеді, ер­теңгі күнге деген сенімімізді арттырды. Бұған қоса жекелеген ға­лымдарымыз да жоғары дең­гей­дегі түрлі марапаттарға қол жет­кізді. Мұның барлығы ұжымды ұйыс­тырып, алдағы ауқымды іс­тер­ді атқаруға ынталандыра түс­кені анық.

Қазір еліміз атом-энергетика саласына ерекше мән беріп отыр. Осы бағытта еңбек етіп жүрген ға­лымдарға үлкен сенім артылды. Әлемнің жетекші ғылыми ұйымдарымен халықаралық ын­ты­мақтастық белсенді дамып келеді. Президенттің ғылым са­­ла­­­сына ерекше көңіл бөліп отыр­­­­ғанын да ерекше атап өткен жөн. Биыл соның нақты же­місін көр­гендей болдық. Осы ба­ғыттағы жұ­мыстар жалғаса бер­се екен деп тілейміз. Жаңа жыл­дан күтеріміз көп. Жоба-жос­парларымыз да ауқымды. Со­ның жемісін көруді нәсіп етсін! 2024 жыл жақсылыққа толы жыл болғай!

 

Дулыға Ақмолда,

актер, Қазақстанның халық әртісі:

– 2023 жыл театр саласы бол­­сын, кино саласы болсын өте табысты болды. Жас ақын-жа­­зушылардың кітаптары жа­рық көріп, бірқатар деректі фильм экранға шықты. Әсіресе театр және кино саласындағы жас режиссерлер мен актер­лер­­дің халықаралық фестиваль­дерде топ жаруы мені қатты қуан­тады. Осының бәрі мемле­кетіміздің мәдениетке ерекше көңіл бөліп отырғаны деп санаймын.

Отыз жылдан аса М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық драма театрында еңбек етіп келемін. Биыл біз­дің театр сахнасында 5-6 қойы­лымның премьерасы өтті. Бұл туындыларды көрермендер өте жылы қабылдады. Кеше ғана «Асылтас» қоғамдық қорының қолдауымен «Асылтас» театр­ы ашылып, алғашқы премьерасы болды. Онда мен де ойнадым.

Жаңа жылдан күтеріміз көп. Әсіресе дәстүрлі өнеріміз шет­қақ­пай болып қалмаса екен деймін. Дәстүрлі өнер – ұлт­­тың рухы деп түсінемін. Сон­дай-ақ облыстық театрларда қыз­мет істейтін актер­лердің материалдық жағдайы, жалақысы төмен. Сондықтан  онда кәсіби актерлер көп тұ­рақтамайды. Осы мәселеге назар аударылса екен. Жаңа жыл елімізге құт-береке әкелсін!

 

Дайындаған –

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»