• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Желтоқсан, 2023

Әлеуметтің көңіл күйі нешік?

110 рет
көрсетілді

Өтіп бара жатқан жылдың халыққа қаншалықты жайлы болғанын әлеуметтік көңіл күйге қарап бағамдауға болады. Бұл орайда аузымызды қу шөппен сүртіп, ахуалымызға қынжылыс білдірудің реті жоқ. Салада ауыз толтырып айтарлықтай орасан шаруа тындырылды, көптің көңіліне жаққан көшелі бастамалар баршылық. Жаңадан қабылданып, күшіне енген Әлеуметтік кодекстің өзі біраз күш болды. Енді осы бағыттағы нәтижелерге жалпы тоқталып өткеніміз жөн.

Әлеуметтік бастамалар түптеп кел­генде халықтың әл-ауқатын жақ­­сартуға бағытталады. Бұл ретте әр­бір отбасының табысын арттыру басымдыққа ие. Президенттің тапсырмасымен Үкімет жұмыс орындарын құру және азаматтардың жа­лақысын көбейту жолында қыруар жұмыс атқарды. Бұған қоса түрлі мемлекеттік әлеуметтік көмек бағ­дарламалары іске асырылып, тиісті ин­фрақұрылымды жаңғыртуға қара­жат бөлініп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы жұ­мыс­тың маңызын қашанда назарында ұстап отыр.

«Әлеуметтік кепілдіктердің көле­мі қысқармауы керек. Бұл шынымен мұқтаж азаматтардың пайдасына қайта бөлінуге тиіс. Мемлекет әлеуметтік жәрдемақысыз күнелте алмайтын топтарға қажетті көмек көрсетеді. Әлеуметтік кепілдіктердің бәрі жәрдемақылар төлеуге емес, өнімді жұмыс орындарын құруға бағытталған белсенді әлеуметтік сая­сатқа негізделуі керек. Бұл «Жалпыға бірдей жұмыспен қамту» қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді», деді Президент биыл көктемде өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте.

Геосаяси тұрақсыздыққа қара­мас­тан, республикада әлеуметтік мін­деттемелердің барлығы мүлтіксіз орын­далып жатыр. Сондай-ақ бюд­жеттің мүмкіндігіне қарай зейнетақы, жәрдемақы және басқа да қолдау шаралары ұлғайып келеді. Осы ретте primeminister.kz порталы ұсынған деректерді келтіруге болады.

 

Халық табысын арттыруға бас­таған қадамдар

11 айдың қорытындысы бойынша өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 908,5 мың адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде:

– 257,1 мыңы – ұлттық жобаларды іске асыру барысында;

– 294,3 мыңы – бос жұмыс орындарына;

– 357,1 мыңы Мемлекет бас­шы­сының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында жұмысқа тұрды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға бизнес ашу үшін 400 АЕК (шамамен 1,3 млн теңге) көлемінде 9,1 мың мемлекеттік грант берілді. Осының нәтижесінде жаңа тігін шеберханалары, наубайханалар, сұлулық салондары, сүт өндіру және басқа да кәсіпорындар жұмыс істей бастады. Мемлекет субсидиялайтын жұ­мыс орындарына биыл 196,3 мың адам жұмысқа тұрды. Оның ішінде:

– әлеуметтік жұмыс орындарына – 17,3 мың;

– жастар практикасына – 33,1 мың;

– қоғамдық жұмыстарға – 120,7 мың;

– «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 9,6 мың;

– «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша – 488;

– «Күміс жас» жобасы бойынша 15,1 мың адам жұмысқа тартылды.

Наурызда 21 жастан 35 жасқа де­йінгі өз ісін бастағысы келетін немесе кә­сіп­керлікпен айналысып жүрген жас­тар үшін 2,5% жеңілдікпен несие бе­ру бағ­дарламасы іске қосылды. Нә­ти­жесінде, жалпы сомасы 25,4 млрд тең­геге 5,4 мың бизнес-жоба мақұл­данды.

 

Жәрдемақы жайы

Биыл Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын орындау тетігі әзірленіп, қажетті заңнамалық түзетулер қабылданды. Жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан бас­талады. Енді Ұлттық қордың ин­вес­тициялық табысының 50%-ы 18 жас­қа дейінгі барлық баланың ара­сында үлестіріледі. Осылайша, жи­налған қаражатты білім алуға немесе баспана сатып алуға жұмсауға болады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан ­бастап Қазақстанда 600 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жекелеген санаттарының жалақысын жыл сайын орта есеппен 20%-ға кезең-кезеңмен көтеру үрдісі жалғасын тапты. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін олардың жалақысы 2 есеге артады. Салалық мемлекеттік органдар да осындай жұмыс жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары педагогтерінің, ішкі істер және қорғаныс органдары жүйесінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің, біліктілігі жоғары медицина мамандарының жалақысы көтерілді.

Құтқарушыларға (лауазымдық жалақының 70%-ы), сондай-ақ мем­­лекеттік орман күзеті қызмет­кер­леріне, табиғатты қорғау мекеме­ле­рінің мемлекеттік инспекторла­рына, жануарларды қорғауға маман­дандырылған ұйымдардың инспекторларына және т.б. (лауазымдық жалақының 100%-ы) денсаулыққа және адам өміріне зиян келтіруі мүмкін жұмыс үшін қосымша төлем белгіленді.

Бұған қоса Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша:

– 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды;

– 1 шілдеден бастап «Алтын алқа» немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері табысталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылды;

– 1 шілдеден бастап жасына бай­ланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, арнау­лы мемлекеттік жәрдемақыларды алушылар қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшері 15,7 АЕК-тен 35 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

1 қаңтардан бастап респуб­ликалық бюджеттен төленетін бар­лық жәрдемақының мөлшері 8,5%-ға көбейді. Бұл шамамен 2 млн адамға әсер етті.

Сонымен қатар 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдар үшін жәрдемақы мөлшері тағы 14,5%-ға ұлғайтылды. Бұл жәрдемақының жылдық мәнде 23%-ға өсуін қамтамасыз етті.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша барлық жәрдемақы алушылар­дың саны шамамен 2 млн адам­­ды құрайды. Төлемдерді жасауға 1 қаң­­тардан бастап барлығы 1,1 трлн тең­геден аса қаражат жұмсалды.

1 қаңтардан бастап елімізде ынтымақты зейнетақы 10,5%-ға өсті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша ең төмен­гі базалық зейнетақы мөлшері ­ең тө­менгі күнкөріс деңгейінің 54%-ы­нан 60%-ына дейін, ал ынты­мақ­­ты зейнетақыны есептеу үшін қол­­да­ны­латын ең жоғары табыс мөл­шері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұл­ғай­тылды. Нәтижесінде, 1 жел­тоқ­сан­дағы жағдай бо­йынша жиын­тық зей­нетақының ор­таша мөлшері 120 838 теңге болды.

1 желтоқсандағы жағдай бо­йынша Қазақстанда 2,3 млн зейнеткер бар. Биыл 1 қаңтардан бастап зей­нетақы төлеуге барлығы 3 трлн тең­геден аса қаражат жұмсалды.

Отбасының цифрлық картасы аясында табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға проактивті түр­де әлеуметтік қолдау тағайындау енгі­зілді. Төлем тағайындалатын адам­ға SMS-хабарлама жіберіледі, ол жа­уап ретінде өз келісімін беруі қажет. Өтінішті ресімдеу және жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режімде жүргізіледі. Содан кейін қаражат төлем алушының банк шотына аударылады. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 113,6 мың отбасынан 595,7 мың адамға тағайындалды. Биыл осы мақ­саттарға бюджеттен 65 млрд теңге бөлінді. АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының ең­бекке қабілетті мүшелерін жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шара­ларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару көзделген.