Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың 11 айында жалпы субсидиялау құралы аясында 9 мыңнан астам кәсіпкер жалпы сомасы 680 млрд теңгені құраған несиемен қамтамасыз етілген. «Мемлекет тарапынан кепілдеме беру» құралы бойынша 7 мыңға жуық кәсіпкер 270 млрд теңгеге несие алған. 370-ке жуық кәсіпкерге 1,4 млрд теңге грант берілген және жетіспейтін инфрақұрылым бойынша мемлекет тарапынан 23 жобаға қолдау көрсетіліпті.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Нұрбол Жанабековтің мәліметінше, қазіргі уақытта өңдеу өнеркәсібіне, азық-түлік өндірісіне, аргоөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеуге баса назар аударылып отыр.
«Мемлекет басшысының Жолдауы аясында бағдарламаны жетілдіріп жатырмыз. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен біріктіріп, өңдеуші өнеркәсіпке басымдық берілмек», дейді. Ведомство өкілінің айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларымен креативті индустрия жобалары да қамтылған.
«Біз ұсынған қолдау құралдары инвестициялауды немесе операциялық шығындарды жабуды қажет ететін кәсіпкерлерге бағытталған. Біз мөлшерлемелердің қазір айтарлықтай жоғары екенін білеміз. Банктердің қаржы құралдарын пайдалана алатын бизнес көп емес. Бағдарламаның шарттарына сәйкес келсе, кәсіпкер «Даму» қорына жүгіне алады, ал біз пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялаймыз. Банкке өзінің бизнес-жобасымен жүгінген, бірақ кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігіне тап болған немесе банктің кепіл саясатына сәйкес келмейтіндер үшін де қор тарапынан көмек бар. Атап айтқанда, сұралған несие сомасының 85 пайызына дейін кепіл бола алады және кәсіпкер ұсынған жобасын толық көлемде қаржыландыра алады», деп түсіндірді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана қаласы бойынша өңірлік филиалының директоры Светлана Назарюк.
Нұрбол Жанабеков соңғы жылдары шағын және орта бизнестің дамуында белсенділік байқалады, өткен жылмен салыстырғанда, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер саны 18 пайызға өсіп, 2,41 миллион болды дейді.
«Осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 13,5 пайызға өсті және 4,272 млн астам адамды құрады. Өнім шығару көлемі былтырмен салыстырғанда жалпы 23 пайызға ұлғайып, 28,7 трлн теңге болды. Мұндай көрсеткіштерге мемлекетте жүзеге асырылып жатқан қаржылық және қаржылық емес бағдарламалар ықпалын тигізуде. Бұл бағдарламаларды салалық мемлекеттік органдар мен операторлар жүзеге асырады», деді спикер.
Айтуынша, субсидиялау арқылы жеңілдетілген несие, ішінара кепілдеме және қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру, ақпараттық-консультациялық қызметтер, кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету, іскерлік байланыстар, кәсіптік оқыту сияқты қаржылық емес қолдау түрлері жүзеге асырылады.
«Субсидиялау – сұранысқа ие құрал. Бұл жеңілдетілген несие алуға бағытталған. Яғни кәсіпкер 21 пайызбен несие алса, оның 13 пайызы субсидияланып, 8 пайызбен, ауылдық жерлерде 7 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Жеңілдетілген несие 3 млрд теңгеге дейін 5 жылға беріледі. Бұдан басқа, субсидия «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасында да бар. Несиелер 8 пайызбен, қызметтер саласына 10 пайызбен 5 жылға дейін беріледі», деді.
Жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілері 1,4 млрд теңге сомасына 364 грант алыпты. Сонымен қатар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысушылардың да белсенділігі жоғары. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша ұлттық жобаға 686,2 мың адам қатысқан. 488,2 мың адам жұмысқа орналасып, оның 292,3 мыңы тұрақты табыс көзін тапқан.