Биыл еліміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ауқымды реформалардың жемісін көрді деп айтуға толық негіз бар. Наурызда Парламент сайлауы өтті. Мәжіліске алты партия өтіп, бірмандатты округтерден депутаттар сайланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа Жолдауында Парламенттің кезектен тыс сайлауын өткізу жоспарымен бөліскен-ді. Осылайша, саяси реформалар пакеті заңды жалғасын тапты.
«Бұрынғы тәртіп бойынша сайланған биліктің өкілді органдарының кезектен тыс сайлау науқаны арқылы жаңаруы заңдылық. Сондықтан Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын. Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», деген еді Мемлекет басшысы.
Сөйтіп, Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтті. Жалпы, елімізде саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісіне ерекше мән беріліп келе жатқанын атап өткен жөн. Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйе қалыптастырды. Мәселен, саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Тіркеудің қажетті шегі төмендетілді. Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендеді. Яғни 20 мың қол жинаудың орнына 5 мың қол жинау жеткілікті. Бастамашы топ мүшелерінің қажетті саны да 30 пайызға азайды. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бірмандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылды. Сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды.
Биыл бірінші рет пропорционалды-мажоритарлы жүйе арқылы Мәжіліс депутаттары сайланды. Осыған сәйкес, төменгі Палатадағы депутаттық корпустың 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталды. Яғни 69 депутат саяси партиялар атынан сайланса, қалғанын халық тікелей өздері таңдады.
Сайлауға қатысты аз-кем мәлімет бере кетсек. Сайлаушылардың нақтыланған тізімдеріне сәйкес, Қазақстан азаматтарының жалпы саны 12 млн 35 мың 578 адамды құрады. Жалпы саны 6 млн 366 мың 441 дауыс берілді. Сайлауалды жарысқа тіркелген барлық 7 саяси партия, оның ішінде 2 жаңа партия қатысты. Азаматтардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігінің арқасында жекелеген округтердегі бәсекелестік 1 мандатқа 63 адам.
Сонымен «Amanat» партиясы 53,9 пайыз дауыс жинады. Яғни 3 431 510 адам қолдады. Екінші орынды «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы иеленді. Оларға 10,9 пайыз бұйырды (693 938 адам). «Respublica» партиясы 8,59 пайыз (547 154 адам) дауыспен үшінші орынға тұрақтаса, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы 8,41 пайыз (535 139 адам) қолдауға ие болды. Қазақстан Халық партиясын таңдағандар электораттардың 6,8 пайызын құрады. Яғни 432 920 адам оларға дауыс берді. Мәжіліске алтыншы болып өткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына сайлау бюллетеньдерінің 5,2 пайызы (331 058 адам) бұйырыпты. «Байтақ» жасылдар партиясы 2,3 пайыз (146 431 адам) дауыс жинады. Алайда Парламентке өту шегі 5 пайызды құрағандықтан, Мәжіліс құрамына енген жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, «Бәріне қарсымын» бағанын электораттардың 3,9 пайызы таңдаған. Осылайша, 248 291 адам өз қарсылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота туралы норма енгізілгені мәлім. Енді олардың қатарына мүмкіндігі шектеулі жандар қосылды. Осылайша, олардың билік мінберінде өз дауысын естіртуге толық жағдай жасалды. Бұл норма депутаттық мандатты бөлу кезінде де қолданылды. Санаттағы өкілдердің – әйелдердің, жастардың, мүгедек адамдардың саны жиынтығы бойынша партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрады.
Тағы бір айта кететін мәселе – Мәжілістегі 29 депутат мажоритарлық жүйе бойынша сайланды. Ең қызығы, һәм ерекше айта кетерлігі, мажоритарлық жүйе бойынша сынға түскен үміткерлердің басым бөлігі, яғни 435 кандидат өзін-өзі ұсынған. Дегенмен бұл сайлауда «Amanat» ұсынған үміткерлердің бәсі жоғары болды. Мәселен, талай жыл Парламентте еңбек еткен, заң шығарушы органның ұңғыл-шұңғылын жете білетін Нұртай Сабильянов Абай облысы атынан сайланды. Сондай-ақ Сеул Олимпиадасының грек-рим күресінен күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов та Астана қаласындағы №1 сайлау округінен оза шапты. Бұдан бөлек, «Amanat» тізімінде VІІ шақырылым депутаты болған Еділ Жаңбыршин, Гүлдара Нұрымова да бар.
Белгілі блогер, халық арасында «Дәулеттен» атымен танылған Дәулет Мұқаев Астана қаласындағы №2 сайлау округінен сайланды. Ұзақ жыл оппозициялық «Дат» басылымын басқарған Ермұрат Бапи да өз округінде жеңіске жетті. Сонымен қатар белгілі заңгерлер Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан секілді азаматтар да Мәжіліс құрамына енді.
Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеевтің айтуынша, биыл халықтың саяси бәсекеге қызығушылығы артқан. Сондай-ақ тұрғындар аралас сайлау жүйесі тоғызыншы территориядағы демократияны дамытуға ықпал ететін жол деп есептейді.
Ал институттың ғылыми-теориялық талдау және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Арман Ешмұратов сайлауға қатысты қызық мәліметпен бөлісті. Еуразиялық интеграция институты елдегі сайлаулардан кейін арнайы сауалнама жүргізіпті. Соның нәтижесіне сәйкес, халықтың басым бөлігі аралас сайлау жүйесін жақтаған. Сондай-ақ өзін-өзі ұсынған үміткерлерге қолдау білдіргендердің саны көп.
Қорыта айтқанда, аралас жүйеде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табатыны анық. Көктемдегі сайлаудан кейін Парламенттегі саяси партиялардың қатары көбейді. Депутаттар құрамы айтарлықтай өзгерді. Саяси партиялардың фракциялары, бірмандатты округтен сайланған депутаттар да жұмысқа белсене кірісті. Олар көптеген заң жобасына бастамашылық етіп, өзекті мәселелерді батыл көтере бастады.