Атырау қаласында грек-рим және еркін күрестен «Мұнайлы астана кубогі» халықаралық турнирі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық грек-рим, еркін және жағажай күресі федерациясына сілтеме жасап.
Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Болгария, Өзбекстан елінен 80-нен аса балуан қатысқан додада жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты жүлде берілді.
Еркін күрестен 74 келі салмақта Атырау облысынан шыққан тұңғыш Азия чемпионы Сырбаз Талғат барлық қарсыластарын айқын ұтса, 86 келіде Әзербайжан балуаны Тахир Ханиев чемпион болды. Грек-рим күресінен 77 келіде Мақсат Ережепов чемпион атанды. 87 келіде де жерлесіміз атыраулық балуан Евгений Поливадов халықаралық турнирдің чемпионы атанды.
«Атырау облысында грек-рим, еркін, әйелдер және жағажай күресі федерациясының құрылғанына бес айдың жүзі болды. Биылғы жылды қорытындылап, «Мұнайлы астана кубогі» халықаралық турнирін өткіздік. Маңызды додаға әлем чемпиондары, Еуропа, Азия біріншіліктерінде олжа салып жүрген таңдаулы балуандар қатысты. Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен халықаралық турнирді ұйымдастырудағы басты мақсат – облысымыздағы жас балуандарға серпін беріп, өңір спортының әлеуетін арттыру» деді облыстық федерация президенті Арман Тұғаев.