• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

ЕСКЕРТКІШ МОНЕТАЛАРДЫ АЙНАЛЫСҚА ШЫҒАРУ ТУРАЛЫ

650 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми хабары

“Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы” 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 2155 Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2010 жылғы 11 маусымда “Қазақстанның мешіттері мен шіркеулері” монеталар сериясынан номиналы 500 теңге “proof” сапасымен “Бекет-Ата ғибадатханасы”, “Қазақстанның флорасы” монеталар сериясынан номиналы 500 теңге “proof” сапасымен “Жабайы көкнәр” ескерткіш күміс монеталарын, “Қазақстанның қызыл кітабы” монеталар сериясынан номиналы 500 теңге “proof” сапасымен күмістен және номиналы 50 теңге нейзильбер қоспасынан жасалған “Бұйра бірқазан” ескерткіш монеталарды айналысқа шығарады.

“Бекет-Ата ғибадатханасы” ескерткіш күміс монетасының сипаттамасы:

Монетаның бет жағында (аверсінде) ортада Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Айналдыра монетаның номиналын білдіретін “500 ТЕҢГЕ”, мемлекеттік тілде “ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ”, орыс тілінде “РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН” деген жазулар бар. Жазулар нүктелермен бөлінген. Монетаның сырт жағында (реверсінде) ортада Бекет-Ата ғибадатханасы бейнеленген. Сол жақ бөлігінде монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін “Ag 925 31,1 gr.” деген жазу, монетаның соғылған жылын білдіретін “2010” деген сан және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі бар. Айналдыра мемлекеттік тілде “БЕКЕТ-АТА ҒИБАДАТ­ХАНАСЫ” және орыс тілінде “СВЯТИЛИЩЕ БЕКЕТ-АТА” деген жазу бар. Жазулар нүктемен бөлінген. Монетаның бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленген. Қыры (гурты) бедерлі. Монета 925 сынамды күмістен дайындалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61мм, дайындау сапасы – “proof”, ең көп таралымы – 15 мың дана.

“Жабайы көкнәр” ескерткіш күміс монетасының сипаттамасы:

Монетаның бет жағында (аверсінде) өсімдік жапырақтарының негізінде композиция бейнеленген. Сол жақ бөлігінде монетаның номиналын білдіретін “500 ТЕҢГЕ” деген жазу, монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін “Ag 925 31,1 gr.” деген жазу бар. Жоғарғы бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде “ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ” және ағылшын тілінде “NATІONAL BANK OF KAZAKHSTAN” деген жазу орналасқан. Жазулар нүктелермен бөлінген. Монетаның сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде көкнәрдің гүлдері мен қауыздарынан композиция бейнеленген, гүлдердің біреуі голографиялық бейнелеумен орындалған. Айналдыра мемлекеттік тілде “ЖАБАЙЫ КӨКНӘР” деген жазу, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі, латын тілінде түрдің зоологиялық атауын білдіретін “PAPAVER PAVONІNUM” деген жазу және соғылған жылын білдіретін “2010” деген сан жазылған. Монетаның бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленген. Қыры (гурты) бедерлі. Монета 925 сынамды күмістен дайындалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61мм, дайындау сапасы – “proof”, таралымы – 4 мың дана.

“Бұйра бірқазан” ескерткіш монеталарының сипаттамасы:

Күміс және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың бет және сырт жақтарында бір ортақ сурет бар. Монетаның бет жағында (аверсінде) оң жақ бөлігінде, стильдендіріліп бейнеленген бұйра бірқазан басының үстінде жазу (күмістен жасалған монетада монетаның номиналын білдіретін “500 ТЕҢГЕ” және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін “Ag 925 31,1 gr.”), (нейзильбер қоспасынан жасалған монетада “50 ТЕҢГЕ”) және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі бар. Сол жақ бөлікте су айдыны аясында екі құс бейнеленген, айналдыра мемлекеттік тілде “ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ” деген жазу бар. Монеталардың сырт жағында (реверсінде) ортада бұйра бірқазанның суреті орналасқан. Айналдыра мемлекеттік тілде “БҰЙРА БІРҚАЗАН” және латын тілінде түрдің зоологиялық атауын білдіретін “PELECANUS CRІSPUS” деген жазу бар. Монетаның төменгі бөлігінде соғылған жылын білдіретін “2010” деген сан орналасқан. Монетаның бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленген. Монеталар: 1) 925 сынамды күмістен, массасы 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, қыры (гурты) бедерлі, дайындау сапасы – “proоf”, таралымы – 5 мың дана; 2) нейзильбер қоспасынан, массасы – 11,17 грамм, диаметрі – 31 мм, қыры (гурты) бедерлі, таралымы – 50 мың дана дайындалған. Номиналы 500 теңгелік ескерткіш күміс монеталар және номиналы 50 теңгелік монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы ресми хабарға түсініктемесі

“Бекет-Ата ғибадатханасы” ескерткіш күміс монетасы Қазақстанның бүкіл мәдениетін кеңінен түсіндіруге ықпал етуге арналған, жеке тұлғаның рухани және адамгершілік тұрғыдан өзін-өзі да­мытуы туралы бейбіт ілім ретінде дінді таныс­тыруға себепші болатын серияны жалғастырушы бесінші монета болып табылады. Бекет-Ата ғибадатханасы жерасты мешітінің мұсылман әлемінде алатын орны ерекше. Бекет-Ата ғибадатханасы - рухани, тарихи және сәулет ескерткіші, бұл маңыздылығы жағынан Мұхамбет және Қожа Ахмет Ясауи жерленген жерлермен қатар саналатын әулие орын. Бұл жерге жыл бойы өз жан-дүниесін ашуға адамдар лек-легімен ағылып келіп жатады. Олар әңгімелесу кезінде Бекет атаның атын ауызға алғанның өзінде пәле-жаланы аластайды, ал мешітіне кіріп құран оқудың сауабы өте зор екендігін сеніммен айтады. Міне, екі жүз жыл бойына осы әулие орынға әулиенің рухына бас иіп, ауруға шипа әрі жанына жайлылық, істеріне сәттілік іздеп толассыз келіп жатқан зиярат етушілерді апаратын соқпақ жол дамыл көрген емес. “Жабайы көкнәр” ескерткіш күміс монетасы дизайнында голографиялық бейнелеу пайдаланы­лып отырған Қазақстанның өсімдік әлемінің сирек және жойылып бара жатқан түрлеріне арналған серияны жалғастырушы бесінші күміс монета болып табылады. Қазақстанда өсетін жабайы көкнәр Қазақ­станның бүкіл аумағының оңтүстік бөлігінде шөл аймақта және таулардың төменгі белдеулерінде – Тарбағатайдан бастап Батыс Тянь-Шаньға дейінгі аралықта кездеседі. Бұл, дамуы көктемгі маусым­ның ауа-райы жағдайларына қатты тәуелді бір­жыл­дық өсімдік. Жауын-шашынды жылдары көкнәр жақсы өседі, оның сабақтары 70 см дейін биіктейді, гүлдеуі бір айға дейін созылады. Бұл кезде көкнәр гүл жарып, бірнеше шақырымдар ашық қызыл алқапқа айналады. Көкнәр сабақ­тарының түрпілі түкшелері болады, жапырақтары жеке бөліктерге бөлінген, ұштары түкшеленіп бөлшектеніп өседі. Қауыздары иілген, ұшында екі айыр түкшесі бар. Төрт гүлжапырақшасы бар, қауызында олар солғын қызғылт, тығыз орамды. Гүлі ашық қызыл, түп жағында қанық күлгін дағы бар, айқын қара жолақпен жиектелген. Ашылған гүлінің диаметрі 5 см дейін. “Бұйра бірқазан” ескерткіш күміс монетасы Қазақстанның жануарлар әлемінің сирек және жойылып бара жатқан түрлеріне арналған серия­сының он бірінші күміс монетасы болып табыла­ды. Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монета – осы серияның бесінші монетасы. Бұйра бірқазан (Pelecanus crіspus) — бірқазан тұқымдастарына жататын құс. Денесінің ұзын­дығы 180 см дейін, салмағы 13 кг дейін, жайылған қанаттарының ауқымы 2,5 метрге жетеді. Өзіне тән ерекшелігі – тұмсығының астында тор дорбашыққа ұқсас жарғақ тері қапшығы болады. Тұмсығының үстіңгі бөлігі осы дорбашықты қақпақ тәрізді жауып тұрады. Бұл бірқазанның айрықша белгілері басында және мойнының үстіңгі жағында айдар тәрізденген ұзын әрі бұратылған “бұйра” қауырсындарының болуы. Суда өсетін өсімдіктерге бай, баруға қолайсыз көлдерді, өзендердің сағалары мен атырауларын мекендейді. Кейде тұзды су қоймаларын және өсімдігі сирек аралдарды мекендейді. Барлық бірқазандар секілді ұсақ сулардан немесе терең сулардың беткі қабаттарынан аулап, балықпен қоректенеді. Ескерткіш монеталар “Қазақстан Республи­ка­сы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы” шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорнында дайындалған. Монеталардың дизайны Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйек­тегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген. “Proof” сапасымен жасалған ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монеталардың бір мың данасы арнайы пластика­лық термовакуумды ораумен сатуға дайындалған. Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, Алматы қаласында мына мекен-жай бойынша сатып алуға болады: Панфилов көшесі, 98. Анықтама үшін телефоны (727) 273-83-98.