Салық кодексінің 591-бабына Мемлекеттік ұлттық парк аумағына көліктерді кіргізгені үшін алым алу мәселесі бойынша толықтыру енгізілген еді. Осыған орай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіруге жаңа төлем мөлшерлемелері бекітілді.
Сонымен, 2024 жылы ұлттық парк аумағына кіргені үшін алынатын алым мынадай көлемде белгіленді: жаяу жүргіншіге – 0,1 АЕК (369 теңге); мотоцикл, мопед, квадроцикл үшін – 0,2 АЕК (738 теңге); жеңіл автокөлікке – 0,3 АЕК (1 108 теңге); сыйымдылығы 16 орынға дейінгі шағын автобус пен жүк көлігіне – 1 АЕК (3 692 теңге); 32 орынға дейінгі автобустарға – 2 АЕК (7 384 теңге); 32-ден аса орындықты автобусқа – 3 АЕК (11 076 теңге).
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан елді мекендерде тұратын және сол жерде орналасқан саяжайлары бар жеке тұлғалар төлемнен босатылады. Бурабай, Бұланды және Еңбекшілдер аудандарының ұлттық парк аумағынан тыс орналасқан елді мекендерінің халқы жалпы негізде ақы төлеуге міндетті. Бұл ұлттық паркпен іргелес жерлерде тұратындарға да қатысты.
1 қаңтардан бастап жеке және заңды тұлғалардың автокөлік құралдарынан ұлттық парк аумағында болған әрбір күні үшін төлем алынады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны алымның ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық қаупін азайту үшін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде 5 бақылау-өткізу бекеті автоматтандырылды. Өткізу бекеттерінің бәрі екінші деңгейлі банктердің төлем қызметіне қосылған (kaspi.kz, homebank, Jusan). Яғни төлемді терминал арқылы да, банктік аударыммен де жасауға болады. Онлайн төлеу үшін банктердің QR-кодтары қойылған. Kaspi.kz қосымшасымен төлеу үшін шотыңызды ақылы жолдардағы сияқты алдын ала толтыруға болады. Ондай кезде ұлттық парктен шыққанда төлем автоматты түрде есепшотыңыздан алынады. Төлем банктік аударыммен де, қолма-қол да жасалады.
Осы орайда бақылау-өткізу бекетінде кептеліс болмауы үшін маршрутты алдын ала жоспарлап, Бурабай ауылындағы ғана емес, басқа да өткізу бекеттерінен де шығуға болатынын ескерулеріңізді сұраймыз. Атап айтқанда, №1 өткізу бекеті – Астана – Петропавл тас жолы жағында; №2 өткізу бекеті – Бурабай ауылында; №3 өткізу бекеті – Щучинск қаласы арқылы Щучинск – Бурабай курорттық аймағына кірер тұста; №4 өткізу бекеті – Мемлекеттік ұлттық парк аумағына Щучинск қаласынан «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы бағытындағы кіреберісте; №5 өткізу бекеті – Қатаркөл көлінің жанындағы Приозерный орман шаруашылығының аумағында.
Тариф «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР заңының 38-бабына орай өзгерді. Көлік құралдары адамдарға қарағанда қоршаған ортаға көбірек зиян келтіретіні (ауаны ластайды, зиянды химиялық заттар таралады, дыбысы қатты) ескерілді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы төлем республикалық бюджетке түседі, «Бурабай» МҰТП-ның міндетіне оны тек жинау кіреді.