Еңбек нарығында жұмыстың ауыр-жеңілін талғамайтын құрыш білектілерге сұраныс жылдан-жылға жоғарылап жатқанын байқаймыз. Ірілі-ұсақ өндірісте тер төгіп жүрген еңбек адамдарының жалақысы өсіп, еңбек даулары біршама азайғанға ұқсайды. Еңбек құқықтары 100 пайыз қорғалып жатыр демесек те, басшы мен жұмысшы бірінші кезекте еңбек шарттарына мұқият мән беретін болған. Әрі былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек құқықтарына, қауіпсіздігіне, талаптарына қатысты бірнеше мәселені басшылыққа алып, оны үйлестіруді Үкіметке тапсырды.
Көп ұзамай ел Үкіметі зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Содан салада жылдар бойы табанды еңбек еткен жұмысшыларға зейнет жасына дейін әлеуметтік төлем төленетінін білдік. Яғни бұл төлем зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 55 жасқа толған азаматтарға ұсынылады екен. Тағы бір маңызды мәселе, Президент Жолдауда Үкіметке 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауды тапсырған-ды.
Жақында өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы жөнінде баяндады. Бұл құжатта жұмысшылардың еңбек сапасын арттыру және еңбек ресурстарын үнемдеу шаралары көзделген. Мұнда еңбекті қорғауды басқару саласындағы жағдай және әлемдік тәжірибе ескеріліп, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жүйелі жақсартудың жаңа тәсілдері ұсынылған. Тұжырымдамада еңбекті қорғауды басқару жүйесін дамытудың төрт негізгі бағыты қамтылыпты. Оның ішінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелді төмендету шараларын экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту, еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторинг тиімділігін арттыру сынды тармақтары бар. Мұның барлығы дерлік жұмысшылардың қауіпсіздігі мен құқын қорғауға негізделген. Мысалы, бүгінде еңбек жағдайларының жай-күйі туралы сенімді статистикалық ақпарат жоқ. Кәсіпорындардың мемлекеттік және қоғамдық бақылаумен қамтылуы төмен. Енді еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйелер цифрлық платформа және кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл үшін еңбек жағдайларының жай-күйінің көрсеткіштері жаңартылады. Деректерді жинау жүйесі оңтайланып, еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік және ведомстволық статистиканың нысандары қайта қарастырылады екен. 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының бағыт-бағдары түсінікті болар. Ендеше Мемлекет басшысының тапсырмасымен зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мақсатында төленетін төлемдер туралы тарқатып айталық.
Сонымен әлеуметтік төлемдер қаңтардан бастап енгізілетіні белгілі болды. Елдегі демографиялық және еңбек нарғындағы ахуалға зер салсақ, осы әлеуметтік төлемді алатын жұмысшылардың саны жыл сайын көбейетін тәрізді. Зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы осыған дейін С.Жақыпова да егжей-тегжейлі баяндаған еді. Министр Мемлекет басшысының арнайы әлеуметтік төлемді енгізу жөніндегі тапсырмасы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың тағы бір тиімді тетігі деп түсіндірді. Содан былтыр жыл соңына қарай заңнамаға енгізілген түзетулерді Парламент Сенаты мақұлдағанын да айта кеткеніміз жөн болар.
– Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен тиісті заңнамалық өзгерістер әзірленді. Өздеріңізге мәлім, ол заңнама қазір Сенатта мақұлданып, Президентке жолданғалы жатыр. Негізі заң жобасы шеңберінде көп өзгеріс енгізіліп отыр. Бұл төлемді біз арнайы әлеуметтік төлем деп атасақ болады. Ол үшін жылдар бойы салада еңбек еткен маман 55 жасқа толып, кемінде 7 жыл зейнетақы жарнасы шотына түскен болуға тиіс. Арнайы әлеуметтік төлем 4 көзден қаралады. Мұнда біріншісі жұмыс беруші тарапынан, екіншісі сақтандыру компанияларынан төленеді. Зейнетақы төлемі қордан жиналған жиынтықтардан, кәсіби жарналар, міндетті зейнетақы жарналарынан жиналған жиынтықтардан төленеді, – деген еді С.Жақыпова.
Төлемдердің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгеге дейін барады екен. Мұндай төлемдер жұмысшыға 55 жастан 63 жасқа дейін төленеді. Тек зейнетке шыққанда төлем тоқтап, азаматтарға базалық зейнетақы төлемінен, ынтымақтық зейнетақы жүйесінен зейнетақы тағайындалады. Зиянды еңбек жағдайында еңбек етіп, әлеуметтік төлем алуды көздеген жандарға тағы да бірлі-екілі шарттар бар. Орайлы сәтте мұны да тарқатып айта кетелік. Арнайы әлеуметтік төлем алуды көздеген азаматтар 55 жасқа толғанда зиянды еңбек жағдайындағы жұмысын тоқтатып, жұмыс берушіге өтінішін жазуға тиіс. Содан кейін көп ұзамай арнаулы төлем тағайындалады. Бұл кезде бір салада ұзақ жыл еңбек еткен жұмысшы жұмыссыз қалмайды. Еңбек адамының қандай да бір жеңіл жұмысқа орналасуын министрлік қадағалайды. Осы кезде олар жалақы мен әлеуметтік төлемін қатар алады. Тіпті басқа жұмысқа орналасуды ойластырмаған күннің өзінде зейнетке шыққанға дейін арнайы әлеуметтік төлемдерін алып отырады.
– Тұжырымдаманың іске асырылуы әлеуметтік әріптестік тараптарының барлығына да оң нәтиже береді. Жұмысшылар үшін өмір сүру сапасын жақсарту мен денсаулығын сақтау маңызды. Ал жұмыс берушілерге қауіпсіз жұмыс орындарын құру және еңбек өнімділігін еселеп өсірген тиімді. Мемлекет үшін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды, – деді С.Жақыпова.
Демек, арнаулы әлеуметтік төлем жұмысшыға ғана емес, жұмыс берушіге де тиімді болып тұр.