Жаңа 2024 жыл әлемде де, Қазақстанда да маңызды кезең болмақ. Бірқатар держава президент сайлауын өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ еліміз халықаралық ұйымдарға төрағалық етеді. Осы орайда кібісе жылындағы шартараптың түкпір-түкпіріндегі саяси оқиғаларға шолу жасап көрген едік.
Өздеріңізге мәлім, «тоғызыншы территория» 2023 жылғы 4 шілдеден бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық міндетіне кіріскен еді. Бұл абыройлы қызмет биыл да жалғасын табады. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның төрағалығы маусымға дейін жалғасады.
Қазіргі таңда ШЫҰ Азияның ең ықпалды халықаралық ұйымына айналды. Оған мүше тоғыз мемлекетте 3,5 миллиардтан астам адам мекендейді, әлемдік ішкі жалпы өнімнің төрттен бірін және әлемдік сауданың 15 пайыздан астамын құрайды. Естеріңізде болса, былтырғы шілде айында Делиде өткен ұйым саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның әлемдегі рөлін ерекше бағалаған-ды. «Саяси ықпалы зор, экономикалық мүмкіндігі мол және орасан зор адам ресурсына ие ШЫҰ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және адамзаттың заманауи сын-қатерлерін еңсеруге елеулі үлес қоса алатынына сенімдімін», деді Президент.
Төрағалық кезінде Қазақстан мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін бірқатар бағытта жүргізіп келеді. Яғни ШЫҰ-ны жетілдіру және оны одан да тиімді платформаға айналдыруға талпынады. ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша әлеуетті нығайтуға екпін береді. Экономика және сауда, мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдетуге күш салады. ШЫҰ-ны кеңейту және оны халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге назар аударып отыр.
Ұлу жылының алғашқы күнінен бастап Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы төрағалығына кіріседі. Естеріңізде болса, Минскіде өткен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі жиынында Президент Қ.Тоқаев бұған назар аударған болатын. Мемлекет басшысы ұйымды одан әрі нығайтуға еліміздің елеулі үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан төрағалығы кезінде Ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты атап өтті.
«Бірінші, ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату. Біріккен Ұлттар Ұйымымен және оның құрылымдарымен арада қалыптасқан ықпалдастық деңгейін сақтауға баса мән беруді ұсынамыз. Бұл жұмыс 2010 жылдың 18 наурызында ҰҚШҰ мен БҰҰ хатшылықтары арасында қол қойылған Ынтымақтастық туралы бірлескен декларация негізінде жүргізіледі. ТМД мен ШЫҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді құптаймыз. «ҰҚШҰ-ның ТМД-мен және ШЫҰ-мен ынтымақтастығын нығайту жөніндегі практикалық шаралар» атты құжатта оның нақты қадамдары айқындалған», деген еді Қ.Тоқаев.
Екінші маңызды бағыт – әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас. Президент пікірінше, ҰҚШҰ Ұжымдық күштерін жедел әрекет ету мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет. Келесі бағыт – халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту. Еліміз ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің терроризмге қарсы қызметіне жіті назар аударады.
Сонымен қатар Президент қару-жарақтың заңсыз айналымымен және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресуді, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуды, ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимылды ортақ жұмыстың маңызды бағыттары деп санайды.
Келесі жылға жоспарланған тағы бір маңызды оқиғаның бірі – Дүниежүзілік көшпелілер ойыны. Еске сала кетейік, 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен кезекті сайыста жарысты өткізу эстафетасы тоғызыншы территорияға тапсырылған еді. Осылайша, Қазақстан 2024 жылғы V Дүниежүзі көшпелілер ойындарын өткізуші мемлекет ретінде белгіленді. Бұл – маңызды әрі аса жауапты міндет. Мыңжылдықтардың мұрасына ие, көшпелі дала салтын ұлықтаған ел ретінде бұл дүбірлі доданың жоғары деңгейде өтетініне сенім мол.
2024 жылғы 8-14 қыркүйек аралығында Астанада ұйымдастырылатын байрақты бәсекеге 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде, елімізде өтетін көшпелілер ойындарына 73 мемлекеттің өкілдері қатысуға ниет білдірген. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Атап айтқанда, ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді. Бұдан бөлек, ресми бағдарламадан тыс ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.
«Ұлы дала дүбірі» ұранымен ұйымдастырылатын V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланған. Көшпелілер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылады. «Қазанат» ипподромының аумағында « көшпелілер әлемі» атауымен этноауыл құрылады.
Еліміз үшін келесі маңызды оқиға бірыңғай уақыт белдеуіне көшу болмақ. Талқыға шығарылған Үкімет қаулысына сәйкес биыл наурыздан бастап бүкіл Қазақстан Астана уақыты бойынша жүріп-тұрмақ. Яғни Алматы, Шымкент және Астананың уақыт белдеуіндегі өзге аймақтарда 2024 жылы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00.00-де уақыт бір сағат артқа жылжиды. Егер құжат қабылданса, онда Астана мен осы белдеудегі өзге аймақтар Бейжің уақытынан біраз алшақтап, Лондон уақытына сәл жақындай түседі.
Жер-жаһандағы биылғы басты оқиғалардың қатарында бірнеше елде өтетін сайлау бар. Атап айтқанда, қарашада АҚШ халқы мемлекет басшысын таңдайды. Қазірдің өзінде саяси бәсекеге дайындық қызу жүріп жатыр. Сарапшылар президент Джо Байден орынтағын сақтап қала ма, әлде басқа үміткер ел тізгінін қолға ұстай ма деген сауалды қызу талқылап жатыр.
Үміткерлер қатарында бірнеше адамның есімі айтылады. Мәселен, Демократиялық партия атынан Джо Байден, Дин Филипс және Марианна Уиллиамсон сынға түспек. Республикалық партия тарапынан Крис Кристи, Рон ДеСантис, Никки Халей, Дональд Трамп секілді бірнеше кандидат тіркелді. Биылғы доданың әлемге тигізер ықпалы айрықша. Біріншіден, бәсекеге түсетіндер барын салуға тырысады. Бір-бірін сөзбен түйреу, кемшілігін бетке айту – мұхиттың арғы бетіндегі саясат тақтасында үйреншікті мәселе.
Екіншіден, Ақ үй тізгінін ұстаған азамат жаһандық геосаяси ахуалға да ықпал етеді. Қазіргі таңда АҚШ тарапы Украинаға орасан зор қолдау көрсетіп отырғаны мәлім. Бұл алдағы уақытта жалғаса ма, әлде кібіртіктей ме, оның бәрін Вашингтон билігі шешпек. Ендеше, жаңа жыл мұхиттың арғы бетіндегі саяси оқиғаларға толы болмақ.
Әзербайжанда 2024 жылдың 7 ақпанында кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Аталған елдің Орталық сайлау комиссиясына доданы 2024 жылғы 7 ақпанға белгілеу және оны Әзербайжан Сайлау кодексінде белгіленген тәртіппен өткізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Осы орайда айта кеткен жөн, ұлу жылының бірінші күнінен бастап Таулы Қарабақ өңірі толықтай Әзербайжанның меншігіне қайтарылды. Аймақтағы сепаратистік құрылымның барлық қызметі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тоқтатылады. Ал Қарабақта тұратын армян халқының өкілдері Әзербайжанның азаматтығын алып, осы елде өмір сүре береді. Осылайша, бауырлас мемлекет жаңа жылды ақжолтай жаңалықпен бастап отыр.
Сондай-ақ биыл қарт құрлық Еуропалық парламент мүшелерін сайламақ. Аталған саяси бәсеке 6-9 маусымға жоспарланған. Бұл да – жаһандық геосаяси ахуалға әсер ететін маңызды оқиғаның бірі. Кейінгі жылдары Еуропада оңшыл бағыттағы партиялардың танымалдылығы артып келеді. Алда-жалда алдағы сайыста олар жеңіске жетіп жатса, сыртқы мәселеден бұрын ішкі түйткілдерге екпін беретіні түсінікті. Демек Еуропалық одақтың көмегіне мұқтаж басқа елдер назардан тыс қалуы ықтимал. Ендеше, қарт құрлықтағы сайлауды халықаралық қоғамдастық жіті бақылайды.
Бұдан бөлек Грузия, Финляндия, Исландия, Литва, Ресей, Тайвань, тағы басқа бірқатар мемлекетте президент сайлауы өтеді. Сонымен қатар парламенттік сайлаулар да жетерлік.