Америкалық философ Абраһам Маслоу – адам қажеттілігінің пирамидасын ойлап тапқан адам. Оның бұл жүйесі өз атымен «Маслоу пирамидасы» деп аталады.
Пирамидада іргесінен жоғары қарай адам баласына ең қажетті дүниелер сатылай орналасады. Егер осылардың керектігінің біреуіне қанағаттанбасақ, онда адамды ішкі ауыр күйзеліс пен рухани, материалдық дағдарыс күтеді. Маслоу пирамиданың бірінші сатысына физиологиялық қажеттіліктерді орналастырады. Оған тыныс алу, ұйқы, тамақ, су, ұрпақ өрбіту секілді табиғи нәрселер жатады. Егер адам осы сатыда өзіне керегін толық алмаса, келесі сатыда жоғалтқан дүниенің орнын барынша толтыруға тырысады. Мәселен, ғайыптан тайып байып кеткен кедей жан бар ақшасын тамаққа шашатын болады.
Философ кейінгі сатыға адам баласының амандығын қойған. Яғни адамзат не ішем, не киемнен тарықпаса, келесі кезекте өзінің бас амандығын ойлай бастайды. Бұл жерде амандыққа дене, рухани саулығы кіреді. Отбасының амандығы, жұмыстағы техника қауіпсіздігі, дүние-мүлкінің ұры-қарыға жем болмауы, келеңсіз оқиғалардан сақтандырылуы да осы қатарға жатады.
Физиологиялық қажеттілікті толық өтеген соң, бас амандығымызды сақтағаннан кейін тағы бір керекті дүние әлеуметтік қарым-қатынас пен махаббат пайда болады. Отбасылық байланыс та осы топтан. Сонымен бірге адам қоғамдық жаратылыс иесі болғандықтан, бір топқа қосылып өмір сүру – әлеуметтік қажеттілік. Сондықтан пирамиданың бұл сатысында адамның дінге, партияға, ұйымға, спорттық команда жанкүйерлігіне мүшелігі оның әлеуметтік сұранысы ретінде айшықталған. Егер бұл қажеттілік болмаса, адам өзін қоғамда жалғыз сезінеді. Ол уайым-қайғыға, үлкен стреске алып келуі мүмкін. Өйткені адам ешқашан қоғамнан бөлініп, жеке-дара өмір сүре алмайды. Маслоу неге осы сатыны таңдады? Өйткені адам баласы тумысынан қоғамда өз орнын тапқысы келеді, абыройлы болып, атақ-даңққа, мақтанышқа бөленгенді қалайды. Өзін жақсы көргенді, біреудің оны ұнатқанын жаны сүйеді. Бұл – адамның бойындағы қанмен біткен қасиет. Сол үшін ең дауасы адам өзін достарының, ұжымның, отбасының, қоғамның алдында абыройлы болудың жолдарын қарастырып, сондай сыйлы дәрежеге өз еңбегімен ұмтылуы керек. Қоғамдағы құрмет те қажеттіліктің бірі болғандықтан, ол пирамиданың арнайы сатысы ретінде қарастырылады Осы қажеттіліктерді өтеп болғаннан кейін адам баласы өзінің арманын, қиялындағы ойын іске асыруға ұмтылады. Маслоудың пікірінше, бұл – пирамиданың ең биігінде тұрған саты.
Қоғамда өз орнын табу үшін, аңсаған арманына жету үшін, жұрттың мақтауына іліккенді қаласа, адамға ең бірінші керегі – еңбек. Тек еңбекпен ғана биік мақсатқа қол жеткізуге, ұжымда да, достар мен отбасының ортасында да сый-құрметке бөленуге болады. Бұл өмір «бір кем дүние», қанша жесек те, жемегендей боламыз, қанша киінсек те, кимегендей күй кешеміз, бақытқа жеттім-ау деген күннің өзінде бәрібір бір нәрсе жетіспей тұрады. Қараңызшы, қазақтың бір-ақ ауыз «бір кем дүние» деген сөзі америкалық ұлы философ теориясының саңылауын тауып тұр. Дегенмен алдына мақсат қоюда бүгінде сәнге айналған сөз – мотивация беруде, өзгелермен салыстырғанда еш болмағанда бір бас жоғары тұруға бұл әлеуметтік сатының пайдасы да баршылық.
Бұған қоса жалпы Маслоу пирамидасын ұжым басшылығы өз қызметкерлерін ынталандыру, еңбекке ұмтылдыру мақсатында пайдаланса болады. Мәселен, ұжымды басқарып отырған азаматтар қол астындағы жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартса, еңбек шарттарын түгел сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, олардың ынтымақ-бірлігін арттырса, өз кезегінде қызметкерлер де адал қызмет етуге, еңбекте озат болуға, ұжым алдында абырой жинауға тырысар еді. Сонымен бірге ынталандыру, қамқорлық пен қолдау нәтижесінде жұмыскер шығармашылық жағынан көп жетістікке жетуге ұмтылады. Себебі материалдық жағдайы жақсы, әлеуметтік құқығы қорғалған, өзін осы ұжымда керек екенін сезінген қызметкердің жұмысқа шабыты оянып, кез келген істі жадыраңқы көңіл күймен жапыра істейтіні аян.
Ұжымнан бөлек, бұл мысалды тұтас мемлекетке қолдансақ та жарасады. Кез келген мемлекеттің байлығы – жерасты шикізат қоры, аумағының үлкендігі, инфрақұрылымы, экономикасы емес, бірінші кезекте – адами күш-қуаты. Рухани бай, оқыған-тоқыған, дені сау, энергиясы асып-тасыған ұлты бар қандай ел болсын ешқашан төменде қалмайды, тек ілгері дамудың алдыңғы шебінде жүреді. Ендігі ретте ондай ұлтқа жан-жақты материалдық, рухани тұстан жағдай жасалуы керек. Егер еліміздің ен байлығы халқымыздың өзіне жаратылса, заң, ереже, нормалар тек халықтың қауіпсіздігіне, құқығының тапталмауына шынайы қызмет етсе, сөйтіп жұртымыз «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» бірігіп, бір идеяға, бір мақсатқа ұмтылса, біздіңше Қазақстанның алдында алынбайтын қамал қалмайды. Өйткені еліміздің әрбір азаматы нағыз патриот, артында алып қорған мемлекеті тұрғанын сезініп өскен адал да жанашыр, өз ісінің білікті маманы, өршіл тұлға болып қалыптасады.
Тіпті Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында да Маслоу пирамидасына ұқсас тәртіпті байқаймыз. Көбінесе Мемлекет басшысы маңызды құжатта алдымен экономикалық аспектілерге тоқталады, содан кейін арасында құқықтық мәселелер қозғалады да, соңына қарай саяси реформалар мен мәселелерге ден қойылады. Сондықтан Маслоу пирамидасын өмірдің өзінен алынған нағыз адамзаттың табиғи қажеттіліктерін дөп басқан философиялық ереже десек болады.
ШЫМКЕНТ