• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 04 Қаңтар, 2024

Көлік қатынасын реттеу талқыланды

88 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әли­хан Смайыловтың төраға­лығымен өткен жаңа жыл­дағы алғашқы жұмыс кеңе­сінде қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Көлік министрі Марат Қа­рабаев қазіргі уақытта барлық әуежай штаттық режімде жұ­мыс істеп тұрғанын айтты. Әуе кемелерін қабылдауға және шығаруға ешқандай шектеулер жоқ. Сонымен қатар 29-31 желтоқсан аралығында Астанада ауа райы күрт бұзылды: қалың қар жауып, боран соқты, желдің жыл­дамдығы секундына 26 метр­ге жетті. Соның салдарынан 100-ден астам рейс кешіктірілді. Қажетті шараларды қабылдау үшін әуежай, авиакомпания және метеорологиялық қызмет өкілдерінің қатысуымен жедел штаб жұмыс істеді.

Атап айтқанда, жолаушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіл­ді, қажет болған жағдайда ме­ди­циналық қызмет көрсетілді, олардың бір бөлігі (балалар, қарттар, мүгедектігі бар адамдар) қонақүйлерге орналастырылды, балаларға аниматорлардың қатысуымен жаңажылдық сый­лықтар мен тәттілер таратылды. Бұл ретте әуекомпаниялар 29 желтоқсан мен 2 қаңтар ара­лығында кешіктірілген және тоқтатылған рейстерге билеттер құнын 100% қайтарады.

Алдағы уақытта рейстердің ұзақмерзімді кешігу қаупін азайту үшін әуе­ко­м­­паниялар мен әуежайлар арасын­дағы үйлестіру күшейтіледі, атап айт­қан­да, күр­делі метеожағдайларда жо­лау­шы­ларды тасымалдау үшін іс-қи­мыл алго­рит­мін әзірлеу жос­парланып отыр. Бұдан басқа әуе­жайларды арнайы тех­ни­­ка­мен және құрал-жабдықтармен қо­сым­­ша жарақтандыру, сондай-ақ жо­­лау­­шыларға хабарламалар таратуды күшейту мәселелері пысықталады.

Мереке қарсаңында автомо­биль көлігіне жүктеме айтар­лық­тай өсті. 28 желтоқсан мен 2 қаң­тар аралығында еліміздің сол­түстік-шығыс және орталық бө­лігінде қар аралас жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетті. Жол қоз­ғалысы қиындап, 13 облыста 107 қысқамерзімді жол қозғалысына шектеу қойылды.

Жағдайды тәулік бойы бақы­лап, қажетті шараларды қабыл­дау мақсатын­да жедел штаб жұ­мыс істеді. Жол қыз­меттері әкім­діктермен және полициямен бір­лесіп, Астана мен Қарағанды, Астана мен Көкшетау арасында 47 автоколоннаны алып жүруді ұйымдастырды. Бұл қолайсыз ауа райы жағдайында 42 мың көліктің өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұл ретте жабылған жолдарды тәулік бойы тазалауға 422 бірлік жол-пайдалану техникасы және 700-ден астам адам жұмылдырылды.

Мереке күндері жолаушы­ларды теміржол көлігімен та­сымал­дау тұрақ­тылығын қам­тама­сыз ету мақсатында жоғары сұра­нысқа ие пойыздарда орын саны ұлғайтылды. 12 бағыт бойынша қосымша 296 тіркеме вагон жіберілді. Астана – Алматы – Астана және Астана – Шымкент – Астана бағыттары бойынша қосымша пойыздар жұмыс істеп жатыр. Астана – Көкшетау, Ас­тана – Бурабай, Астана – Атба­сар және Павлодар – Астана бағыт­тары бойынша 6 қосымша қала маңындағы пойыз іске қосылды.

Өңірлерде қабылданған шаралар туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндады.

Премьер-министр 25 жел­тоқ­саннан бастап еліміздің бар­лық өңірінде ауа райы күрт бұзылғанын атап өтті. Ауа райы­на байланысты 150-ге жуық ескерту жарияланып, көлік жолдарында қозғалыс тоқтады және шектелді.

«Жалпы, орталық және жер­гі­лікті мемлекеттік органдар үй­лесімді жұмыс жүр­гізді. Сондай-ақ қайғылы оқиғалар­дың алдын алу үшін жекелеген ведомстволар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы барлық үйлестіру штабының жұмысын жандандыруды, көлік жолдары мен елді мекендердегі көше­лерді қардан тәулік бойы тазартып оты­руды, сондай-ақ жо­лау­шылар­ды жылыту бекет­теріне шұғыл эвакуациялау үшін көлік құралдарының қорын қалып­тастыруды талап етті.

«Көлік министрлігі мен «ҚазАвто­Жол» компания­сы республикалық және халық­аралық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуді ерекше бақы­лауға алуы керек. ТЖМ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бір­лесіп, қолайсыз ауа райы ту­ра­лы халықты алдын ала хабар­дар етуі тиіс», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов шектеулер кезінде көлік құралдарының қозғалысына жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді және қажет болған жағдайда арнайы техниканы күрделі жол учаскелеріне жедел жіберуді тапсырды.