• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Қаңтар, 2024

Малды цифрлық қадағалау жүйесі енгізілмек

137 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста ауыл шаруашылығы жануарларын қадағалау жүйесін жетілдіру үдерісі талқыланды. «Етті ветеринариялық-санитариялық сараптау» жаңа модулінің арқасында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпарат жүйесінде (АШЖБ) мал сою орындарында сараптама актісі мен анықтама беру және жануардың өмірлік циклі туралы ақпарат жиналған QR-код жасау үдерісі цифрландырылды.

Бұл QR ет сатылатын орын­дар­ға орналастырылады, ол жа­нуар­ларды ветеринариялық тексерусіз және ет пен органдарды тексермей мал союдың ал­дын алуға мүмкіндік береді. Жаңа модуль Алматы, Павлодар, Жетісу облыстарында қанат­қақты режімде сыналып жатыр.

Бұл тәсіл шекаралық өткізу бекеттерінде де енгізілді. Ке­ліп түскен жүктер туралы мәлі­мет­тер ақпарат жүйесіне енгізі­леді, тексеру және сынама алу актілерінің электрондық нұсқа­сын қалыптастырады, олар мем­ле­кеттік ветеринариялық инспек­торға және ветеринариялық зертхана қызметкеріне жіберіледі. Жүйе Павлодар облысының шека­ра маңындағы бекеттерінде тестілеуден сәтті өтті.

«Ел аумағында мал соятын 904 нысан бар, оның ішінде 109-ы – ет өңдеу кәсіпорны, 281-і – мал сою пункті және 514 мал сою алаңы. Ветеринариялық талап­тарға сәйкес келмегендіктен, 106 мал сою нысаны жабылды, 2023 жылғы қаңтар-қазан айлары аралығында 661 мал сою алаңының есеп нөмірлері кері алынды», деді ауыл шаруа­шылығы вице-министрі Аман­галий Бердалин.

Сонымен қатар вице-министр барлық ірі ауылдық округте ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы бар мал сою пункттерін ашу қажетін атап өтті.

– Мал сою алаңдары өтпелі кезеңде мәжбүрлі шара ретінде ашылғандықтан, қазір заңнамаға өзгерістер енгізу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз, содан кейін мал сою алаңдары жойыла­тын болады, – деді ауыл шаруа­шылығы вице-министрі.

Сонымен қатар кеңесте Аман­­галий Бердалин Қазақстан аумағында жануарлар мен құстарды жоспар бойынша диагностикалау және вакциналау туралы айтты. Диагностика­лық және профилактикалық іс-шаралар туралы барлық мә­лімет АШЖБ базасына енгі­зіл­ген. Нәтижесінде, кейінгі жылы елімізде қауіпті ауру ошақ­­­­тары 38%-ға төмендеген.

Шегірткеге қарсы күреске дайындық туралы ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады. Кейінгі жылдары Ақтөбе және Қостанай облыстарында зиянкестердің таралу алаңдары өсті (1 млн га немесе республика бойынша жалпы алаңның 69%-ы). 2023-2024 жылдары шегіртке таралуының 11 жылдағы рекордтық көрсет­кіші орын алып отыр. Егіс­тік жерлерді шегірткеден уақ­ты­лы сақтау үшін алдын ала мем­лекеттік сатып алу жоспары жасалып, конкурстар жария­ланды. Оңтүстік өңірлерде қажетті жұ­мыстарды сәуір айында, сол­түстікте мамырда бастау жоспарланып отыр.

Кеңес қорытындысы бо­йынша Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірге мал союдағы жаңашылдықтар, олардың артықшылықтары бо­йынша тұрғындар арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ егістік жерлерді шегірткеден уақтылы өңдеу үшін барлық қажетті процедураны жедел жүргізуді тапсырды.