• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 03 Қаңтар, 2024

Әр заң қоғаммен бірге қабылданды

130 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты кең ауқымды әрі ашық сұхбаты еліміздің бас газетінде жарияланды.

Президент 2024 жылдың бірінші жұмыс күнінде берген осы сұхбаты арқылы шын мәнінде жаңа саяси маусымды ашып, мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысының жасампаз күн тәртібін белгіледі.

Бұл да – тағы бір жаңа саяси дәстүр.

Сұхбатты оқығанда осы уақыт ішінде бай­тақ Отанымызда көп­теген айтулы оқиға­лар орын ал­­ғанын, азаматтардың өмі­рін жақ­сартуға бағытталған маңыз­ды мемле­кет­тік шешімдер қабыл­данғанын терең түйсіне­сіз. Еліміз алға қарай қарышты қадам басып, түбегейлі реформалар жасалды. Қоғам өзгер­ді. Адамдардың санасы жаңаруда, құнды­лықтар өзгеруде.

Журналиспен әңгіме барысында Прези­дент ел болашағы, қоғамымыздың дамуы, Қаңтар оқиғасы, жүргізіліп жатқан реформалар мен ұлттық құндылықтар туралы ойларын ортаға салды.

Бұдан тура екі жыл бұрын осы күндері біз жантүршігерлік оқи­ғаны бастан өткердік. Әкім­дік­терге, құқық қорғау орган­дары­ның ғимараттарына, қару-жарақ қоймаларына шабуылдар жасалып, бұқаралық ақпарат құралдарын, әуежайларды басып алу оқиғалары орын алды. Мұның бәрі – нағыз мемлекеттік төңкерістің ортақ белгілері.

Сол бір қиын-қыстау кезеңде Президенттің күрделі де маңызды шешімдерді қабылдағанына жанында болған азаматтар тікелей куә болдық. Қасым-Жомарт Кемел­ұлы өзіне төнген қауіп-қатер мен қы­сымға қарамастан, жұмыс орнынан кетпей, өңірлермен тәулік бойы байланыста болып, сағат са­йын Жедел штаб отырысын өткізіп отырды.

Сол түні Президент Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысын өз қолына алып, оның арнайы отырысын өткізді.

Президенттің сын сағатта табан­­дылық танытып, биліктің құ­ламай­тынын және өзінің елден ешқайда да кетпейтінін мәлімдеуі ха­лықтың көкірегіне үлкен сенім ұя­латты. Осыны көрген қаскөй төңкеріс жасаушылардың беті қайтып, кері шегінуге мәжбүр болды.

Мемлекет басшысының батыл­дығы, табандылығы мен мықты ерік-жігері мемле­кеттілікті сақ­тау­ға және тәртіпті қал­пына кел­тіруге мүмкіндік берді деп толық сеніммен айта аламыз. Сол бір қиын-қыстау күндерде жасаған батыл әрекеті үшін халқымыз Президентке күні бүгінге дейін ризашылығын білдіреді. Депутаттар өңірлерге барған сайын осыған куә болып жүр.

Қоғамда көптен бері айтылып та, талқыланып та жүрген түйткілдің бірі – қос билік мәселесі. Мемлекет басшысы бұл мәселеге қатысты да нақты әрі ашық жа­уап берді.

Президент Әкімшілігіндегі жұмыс барысында шенеуніктердің екі жаққа жалтақтап, кабинеттер арасында шабылып жүруі басқару моделіндегі осалдықты байқатты.

Қоғам ескі жүйенің билікті өз қолына шоғырландырып, мейлінше одан айрылғысы келмейтініне куә болды. Сол уақытта бүкіл саяси-құқықтық жүйенің жұмысы осыған бағытталған болатын.

Бірақ бір елде екі басқару­шының болмайтыны анық. Бұл – басқарудағы дағдарыс пен биліктің дисбалансына апаратын қатерлі жол. Мұны кейіннен орын алған Қаңтар оқиғасы нақты дәлелдеді.

Бүгінде елімізде барлық шешім­ді халық сайлаған Президент қабыл­дайды. Бұл тұрақтылық пен дамудың кепілі болып отыр.

Президент Қаңтар оқиғасы саяси реформаларды жүзеге асыруды жеделдеткенін ерекше атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы үлкен өз­ге­рістерді ең алдымен өзінен және жанындағы саяси элитадан бастады.

Басты саяси жаңалықтар­дың бірі – Президенттің жеті жыл­дық бір мерзімге сайлануы. Бір Президент – бір мерзім қағидаты Конституциямызда шегеленіп, ел тәуелсіздігіне парапар мызғымас нормаға айналды. Бұл болашақта күштің бір қолға шоғырлануына қарсы нағыз «вакцинация» деуге болады. Бұл түбегейлі шешім – Президенттің саяси реформаларын сөзбен емес, іспен шегендеудің айқын көрінісі. Мұндай өзгерістер әлемдегі дамыған елдердің өзінде де ғасырларға созылғанын білеміз.

Реформалардың негізгі нәти­же­лерінің бірі – жаңартылған Мәжіліс. Бүгінде бұл палата саяси көзқарастардың кең ауқымын білдіреді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделі толықтай іске асы­рыл­ды деп айтуға негіз бар. Мы­салы, Мәжілістегі көпшілік орын­ға ие болған «Amanat» пар­тиясы Мемлекет басшысымен кеңесе келе алғаш рет Премьер-министр­лікке өз кандидатурасын ұсынды.

Мәжілісте әрбір заң мен негізгі шешімдер қоғам­мен бірлесе қабылданады.

Жаңартылған Мәжіліс ең алдымен заңсыз иемденген активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы заңды қабылдады. Халық арасында кеңінен талқыланған бұл заң Президент ұйытқы болған әлеуметтік әділеттілікті орнату бойынша қоғамның басты талабына лайықты жауап болды.

Мемлекет басшысы қоғамның түйткілді мәселелерін үнемі назарда ұстайды. 2019 жылы Пре­зи­дент ретінде қабылданған ал­ғашқы шешімдердің бірі қиын жағ­дайға тап болған азаматтардың қаржылық тәуел­ділігін, қарызын азайту болды. Бұл маңызды мәселе Қасым-Жомарт Кемелұлын үнемі толғандырады. Президенттің тікелей тапсырмасымен депутаттар халықтың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған заң жобасына бастамашы болып отыр.

Президент өз сұхбатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстануға тоқталды. Бұл қазіргі қоғамдағы әлеуметтік дерт екені анық.  Осы ретте депутаттар тарапынан мұндай қылмыс үшін жазаны одан әрі қатаңдату мәселелері заңмен қайта пысықталуда.

Президент жылу орталығы мен тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­­шылығының бүгінгі мүш­кіл жағдайы туралы да ащы шын­дықты айтты.  Бұл проблемалар ұзақ уақыт айтылмады, жабулы қазан күйінде қалып отырды.  30 жыл ішінде елімізде бірде-бір жылу энергия орта­лығы салынбады. Енді Үкімет пен әкім­дер бұл мәселелерді кезең-кезеңімен ше­ше­­тін болады. Еліміздің әртүрлі қала­­сында 3 жылу энергия орта­лығын салу жоспарлануда. Қомақ­ты инвестиция құйылып, жаңа мамандар даярланады.

Бұл сұхбатында Қасым-Жомарт Кемелұлы ел мен қоғамның дамуына қажетті құн­ды­лықтарға да ерекше тоқталды. Елдік мақсатта артқа алаңдамай, ұзақмерзімді мақсаттарды басшылыққа ала отырып, алға ұмтылу маңызды екеніне басты назар аударды.

Яғни біз өткенімізбен ғана мақтанып, өзіміз ештеңе істемей, жетістікке жете алмайтынымыз хақ. Бұл – қоғамды тығырыққа тірейтін алдамшы түсінік.

Жаһандық бәсеке жағдайында біз заманауи технологиялары өркендеген, жасанды интеллект енгізілген озық елдер мен дамыған қоғамдарға қарап бой түзеуіміз керек. Ол үшін еңбекқорлық, білімге ұмтылу, прагматизм, кәсіпқойлық, іскерлік, бастамашылық сияқты құндылықтарды бекем ұстанған мемлекетке айналуға тиіспіз.

Мемлекет басшысы сұхбаты­ның «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» деп ата­луының өзі алдымызда ауқым­ды мақсат тұрғанын аңғартады.

Президент сұхбатындағы басты ой – елде қоғамның қатысуынсыз ешбір оң өзгерістің болуы мүмкін еместігі. Мемлекет басшысы айт­қандай, азаматтардың құқық­тық сауаттылығы мен белсенділігі – демокра­тиялық өзгерістердің бас­ты кепілі.

Ұлағатты ұлттық құндылықтар аясында ұйысқан халық ешқашан кері кетпей, әрдайым нық сеніммен алға ұмтыла бермек.

 

Ерлан ҚОШАНОВ,

Мәжіліс төрағасы