Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінде ширек финалға шықты.
Жарысты екінші айналымнан бастаған Е.Рыбакина алғашқы ойынын әлемдік рейтингте 124-орында тұрған Оливия Гадекиге қарсы өткізді. Деңгейдің аты – деңгей, бұл кездесу біздің теннисшіге аса қиындық туғызбады. Бірінші сетте аздаған басымдықпен ұтса, екінші сетте тіптен мүмкіндік бермеді деуге болады: 6:4, 6:1. Бір сағаттан аса уақытқа созылған бәсекеде Елена 4 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Ал отандасымыздың үшінші айналымдағы қарсыласы осал болмады. Ол – әлемнің 30-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенс. Осыған дейін қарсыластар өзара төрт мәрте кездессе, соның үшеуінде Елена жеңіске жеткен еді. Бұл жолы бірінші партияда қос брейк жасаған Е.Рыбакина айқын басымдық танытты – 6:1. Елена екінші сетті де брейкпен бастады. Ақыры 6:0 матч нүктесін есебімен қойды. Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Елена 3 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды.
Енді Елена доданың жартылай финалына шығу үшін ресейліктер, әлемнің 16-ракеткасы Вероника Кудерметова немесе рейтингте 28-сатыдағы Анастасия Потапованың біреуімен таласады.