Трансплантологиядағы өзекті мәселелерді газетіміздің өткен сандарында бірнеше мәрте қаузағанбыз. Гемодиализге таңылған науқастардың ахуалы, мәйіттік донор тапшылығы туралы жаздық. Жақында бүйрек трансплантациясын жасатқан қала тұрғыны Бекболат Шерниязовпен қауышқанымыз бар. Сонда ауыр сырқаттан кейін, енді бойын тіктей бастаған азамат ерлікке татитын іске бел буған донорлардың қоғамдағы орны туралы орамды ой қозғаған еді.
Бекболат – Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының тумасы. Қазір Астанада тұрады. Көзінің қарашығындай үш перзенті бар. Үлкені – жетіде, кенжесі – үште. Күнделікті тұрмыс-тіршіліктің қамымен жүрген ол 2020 жылы ақпанда жағдайы нашарлай бастаған соң емханаға барып, бүйрегі асқынғанын біледі. Аурудың емі – трансплантация. Оған дейін гемодиализ алуға тура келеді.
– 2020 жылдан бері гемодиализ ала бастадым. Уақыт өте аптасына үш мәрте қабылдап жүрдім. Әр барғанда төрт сағат жатамыз. Бірақ гемодиализден бірде өзімді жақсы, кейде өте нашар сезініп шығатынмын. Алғашында гемодиализдің тек бір ғана түрі бар, оны бір ғана фирма тасымалдайды деп ойлайтынмын. Сөйтсем, түрі көп екен. Оның бизнеске айналып кеткенін кейін білдім. Менің ағзама жақсы әсер еткен гемодиализге тоқталып, тек соны алатын болдым. Көп ұзамай Астанадағы Ұлттық онкология орталығына барып, онда Мэлс Асықбаев есімді тәжірибелі транспалантолог дәрігермен жолықтым. Трансплантология, донорлық туралы ақпарат сұрай бастадым. Олар трансплантация мәйіттік донор немесе туыстық донордың көмегімен жасалатынын айтты. Мәйіттік донорға «күту парағына» кезекке тұрдым. Емделіп жүргенде көптеген адаммен таныстым. Гемодиализге 15, 17 жыл қатынағандар бар екен. Елде мәйіттік донор аз екенін сол сәтте түсіндім, – дейді Бекболат.
Содан кейіпкеріміз елдегі мәйіттік донордың тапшылығына нендей мәселе әсер ететінін анықтағысы келіп, ізденген. Мәйіттік донорлыққа қарсы отбасылардың көп екенін білген. Діни тұрғыда қайшылықтар бар дегенді естіген. Бірақ кейін осы сауалды қаладағы бір мешіттің имамына қойса, ол қайтып бара жатқан адам екінші адамды құтқарғаны сауапты іс екенін жеткізіпті. Қысқасы, дінде қарсылық жоғын түсінген. Бұл мезгілде Бекболаттың отбасы да гемодиализде жүрудің қиындығын көріп, біліп қалған. Дәрігерлер жіті тексеруден кейін науқастың жұбайының ағзасы трансплантацияға келетінін біліп, ерлі-зайыптылар операцияға қамдана бастаған.
– Трансплантациядан алдын дәрігерлер жұбайымыз екеуміздің денсаулығымызды мұқият бақылады. Донор болу – әрине, оңай дүние емес. Бұл ерлікпен парапар іс дер едім. Ұлттық онкология орталығының трансплантологі Мэлс Асықбаев бастаған дәрігерлер қауымына алғысым шексіз. Бізге трансплантациядан қорқып, сары уайымға салынудың қажеті жоғын байыппен түсіндірді. Күн-түн демей пациенттердің жағдайын бақылап жүретін. Жаңылмасам, операция 5 сағатқа созылса керек, одан кейін де біраз уақыт ауруханада жаттық. Қазір үйге шығып, дәрі-дәрмектерімізді үзбей уақтылы ішіп жүрміз. Бұйырса, жағдайымыз әбден жақсарып жатса, донорлық туралы ақпараттандыру жұмыстарына да белсенді аралассақ деген ойымыз бар. Өйткені мен секілді бүйрегі ауырып, гемодиализге таңылғандардың ахуалын жақсы түсінемін. Елде мәйіттік донор дамығанда жағдайы мүшкіл науқастар азаяр ма еді деп ойлаймын, – дейді Б.Шерниязов.
Елімізде трансплантация туыстық немесе мәйіттік донордан жасалады. Алайда туыстық донорлыққа келісім беруге де ә дегеннен екінің-бірінің батылы бара қоймас. Кейіпкеріміз донорлықты ерлікке балайтынын айтып, ерлік жасағандарға қоғам болып құрмет көрсетуге шақырып отыр. Ол ет жақынына ағзасын беріп, аман алып қалған жандарға арнайы төсбелгі табыстап, үлгі етуіміз керек деп санайды. Үкімет қолдаса, қоғамдық орындарда жеңілдіктер қарастырылса, халықтың донорлыққа көзқарасы өзгерер еді деген ойын ашып айтты. Әлеуметтік желіде ерлі-зайыптыларға хабарласып, донорлық туралы кеңес сұрайтындар көбейген.
Иә, елде трансплантология саласы тәп-тәуір дамып келеді. Білікті дәрігерлер де баршылық. Туыстық донордың көмегімен жасалатын операциялар жылдан-жылға көбейе түсті. Өкініштісі, мәйіттік донордың әлі де болса, ақсап тұрғаны. Мұны басқа-басқа Бекболат Шерниязов жақсы біледі. Ауыр жағдайда жатқан науқастардың талайын көрген ол үгіт-насихатқа көмектесуге әр кез дайын екенін жеткізді. Біз де ерлі-зайыптылардың емі шипалы болсын десіп, трансплантология саласын дамытуға демеу боларлық игі істеріне табыс тіледік.