Кейінгі жылдары елімізге алыс-жақын шетелдерден түрлі әншілер жиі келе бастады. Бір жағынан қуантарлық жаңалық. Енді ше, бұрынғыдай емес шартараптың түкпір-түкпіріндегі өнер иелері Қазақ елін тани бастады деген сөз.
Мысалы, кейінгі жылдары тоғызыншы территорияға келіп ән шырқаған шетелдіктердің есімінен ат үркеді. Алысқа бармай-ақ қоялық. Күні кеше елімізде 2000-жылдары шартарапқа танылған Akon, 50 Cent секілді рэперлер концерт қойды. Оларды көруге жиналған халықта есеп жоқ. Билет құны да арзан емес. Ендеше, танымал жұлдыздардың елімізге жиі келуі жалпы халықтың әл-ауқатының жақсара бастағанын да білдіреді. Әйтпесе, қомақты қаражатты екінің бірі санап бере алмасы түсінікті ғой.
Шетелдерден әншілер шақыруды қолдамайтындар да бар. Біріншіден, олардың «гонорары» аз емес. Әсіресе мұхиттың арғы бетінен ат терлетіп келетіндер долларды шытырлатып санап алатыны белгілі. Жеке адамдар отбасылық тойларына шақырып жатса мейлі екен. Алайда еліміздегі концертті ұйымдастырушылардың талғамсыз шақыруы қаншалықты орынды деген заңды сауал туындайды.
Екіншіден, Akon не 50 Cent секілді әншілер кезінде атағы шығып, дүрілдеп тұрғанымен, бүгінде сахнаға жиі шығып, тыңдармандарын қуантып жүрген жоқ. Былайша қарабайыр тілмен айтқанда, «зейнетке шыққан» өнер жұлдыздары. Ендеше, кезінде танылған, бірақ қазір көпшілік назарынан таса әншілерді шақырудың қажеті қанша?
Үшіншіден, жоғарыда аты аталған өнер жұлдыздарын күміс көмей әнші, өнер әлемінің нағыз майталманы деп айту қиын. Рас, оларды студенттік шағымызда радиодан да, магнитофоннан да жиі тыңдадық. Бәлкім, оларды өз көзімізбен көру біздің құрдастарымыздың жастық шағын сағына еске алуына мүмкіндік беретін шығар...
Олар Димаш Құдайберген, Sia секілді ерекше даусымен, Шакира секілді мың бұралған биімен танылған емес. Андреа Боччели секілді классикалық һәм опералық музыканың майталманы емес. Бар-жоғы кезінде хитке айналған рэп жанрында аты шыққан өнер жұлдыздары. Тіпті Eminem не Doctor Dre секілді рэп жанрының бетке ұстары да саналмайды.
Төртіншіден, Akon да, 50 Cent те өлеңдерінде бейәдеп сөзімен есте қалған. Мысалы, сенегалдық әншінің «Smack that» әнінің мағынасы тым тұрпайы. «Елу тиын» да бұл тұрғыда ешкімнен қалыспайды. Оның «Candy shop», «P.I.M.P», «In da club» әндері де тұнып тұрған эротикалық сипатта. Ендеше, қылмысты, әдепсіздікті насихаттайтын өнер жұлдыздарын елімізге шақырудың қаншалықты қажеті бар?
Айтпақшы, бұл мәселе қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Мәжіліс депутаты, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай осыған байланысты депутаттық сауал жолдады. Онда елімізге гастрольмен келетін шетелдік әншілер мен шоумендерге, «аңқау елге арамза молда» болып жүрген арзанқол ақыл саудалағыш түрлі коучтерге ешқандай талғаусыз есігімізді айқара ашып қойғанымызға қынжылыс білдірді.
«Күні кеше ғана Астанада өткен Эйконның концертіне байланысты бірнеше аспектілерге тоқталайын. Біріншіден, концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан келтірді. Бұл – жастар тәрбиесінің әлсіздігі. Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар әндердің контексінде байқалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай есі кетті. Үшіншіден, «Smack that» әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды аңғарамыз. Төртіншіден, ұйымдастырушылардың әншіні ұлттық киіммен қарсы алып, домбыра сыйлағандары тіптен орынсыз деп санаймын», дейді А.Әлтай.
Депутат сыны орынды. Akon секілді рэп әншілердің жезөкшелік пен әйелдерді қорлауды насихаттайтынын өлең сөздерінен аңғару оңай. Тіпті 50 Cent кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деген күдікпен тұтқынға алынған. Ал Akon көп әйел алуды жақтап сұхбат бергені де есімізде.
Осындайда оларға ұлттық киім кигізіп, домбыра сыйлау қаншалықты орынды? Қазақ қонақжай халық екені түсінікті. Бірақ қонақжайлықтың да шегі болуы қажет емес пе? Оның үстіне тұрмыстық зорлық-зомбылық өршіп тұрған сәтте соны насихаттайтын өнер жұлдыздарын басқа шығарудың не қажеті бар? Бәлкім, депутат Аманжол Әлтай айтқандай, шетел әртістерін таңдауда қатаң талап енгізу қажет шығар.