• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сауда 05 Қаңтар, 2024

Сауданың артқаны – берекенің молайғаны

170 рет
көрсетілді

Сауда саласы айрықша қарқынмен дамып келе жатыр. Былтыр бұл ба­ғытта біршама елеулі іс ат­қарылды. Барлық ша­ғын және орта бизнес субъек­тілінің 36 пайызының сау­дамен айналысатыны да көп нәрседен хабар береді. 11 айда саудаға тартылған инвестиция көлемі 410,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 па­йызға жоғары (2022 жыл­дың 11 айында 290,6 млрд теңге).

Сауда және интеграция ми­нистрлігінің мәліметі бойын­ша, ішкі тауар айналымы 21,1 па­йызға өсіп, 53,6 трлн теңгені құра­ды. Ал сыртқы сауда ай­налы­мы 114,1 млрд долларды құ­рап, өткен жылдың сәйкес ке­зеңі­мен салыстырғанда 2,6 пайызға артты.

Бизнес пен халық үшін қолай­лы жағдай жасау мақсатында қазіргі заманғы сауда формат­тарының үлесін арттыру бойын­ша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда заманауи сауда форматтарының үлесі 31 пайызды құрайды. 460 универсалды базардың (елімізде барлығы – 722) 195-ін заман талабына сай өзгерту қажет болған, олардың 121-і жаңартылды.

Министрлік Президенттің әлеу­меттік тауарлар бағасын мемлекет­тік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі тапсырмасын орындай бастады. Оның орнына атаулы әлеуметтік көмек алатын топтарға қолдау басқаша көрсетілетін болады. Бұл ретте, атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін тұрақтан­дыру қорларының жұмысы шеңберінде атаулы тауарлық таргеттеу және отандық тауар өндірушілер үшін мін­деттемелер қою есебінен арзан­датылған әлеуметтік тауарлар сатып алу мүмкіндігі беріледі.

Тұтынушылар құқығын қор­ғау да – маңызды міндет. Былтыр депутаттармен бірлесіп «Тұ­тыну­шылардың құқұғын қор­ғау туралы» жаңа заң жобасы әзір­ленді, ол қазір Мәжілістің қа­­­рауында. 2023 жылғы 1 шіл­де­ден бас­тап «Қазақстанда жасал­ға­н» таң­балау белгісі» және «Қазақ­­стан­да жасалған» таңбалау белгі­сін қолдану тәртібі» атты екі ұлт­тық стандарт қолданысқа енгізілді.

«Қауымдастықтармен бірлесіп «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасын іске қосып жатырмыз. Бұл қоғамдық бақылаудың жаңа түрі болады. Басты мақсаты – тұтынушының тек сапалы және қауіпсіз өнімді алуы. Министрлік жанынан бақылаушы мемлекеттік органдардың қатысуымен ахуалдық штаб құрылды. Бірлескен алгоритм бо­йынша импорттық сүт өнімдерінің сынамалары бірнеше рет іріктеліп алынды, бұзушылықтар анықталды. 8 кәсіпорын бойынша күшейтілген зертханалық бақылау енгізілді, сондай-ақ әкелуге шектеу енгізілді. Импортталған сүттің сәйкестігін бағалау туралы 67 құжаттың күші жойылды. Аумақтарда аймақтық штабтар жұмыс істейді», дейді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Соңғы бірер жыл көлемінде  сауда-экономикалық интеграция да белсенді дами түсті. Қазақстанның серіктестермен өзара саудасы ЕАЭО жұмыс істеген уақыт ішінде 73,6 пайызға немесе 112 млрд долларға өскен. 2023 жылдың 9 айында Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауда 20,6 млрд долларды құрады. Осы кезеңде ЕАЭО елдеріне экспорт 11,4 пайызға өсіп, 7,8 млрд долларды, ал өңделген өнімнің экспорты 6,4 млрд-ты (5 5,4 млрд-тан 6 6,4 млрд-қа дейін) құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,5 пайызға ұлғайған.

Ал сыртқы сауда былтыр тоғыз айда 102 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (99,6 млрд доллар) 2,4 пайызға жоғары.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысы шеңберінде Иран­мен еркін сауда туралы келісімге қол қойылды. Осындай келісімге Синга­пурмен де қол қойылды, ол күшіне ену үшін мемлекетішілік рәсімдерден өте­ді. Мысыр, Индонезия және БАӘ-мен еркін сауда аймағын құру туралы келіс­сөздер жүргізіліп жатыр. Қолда­ныстағы еркін сауда аймағы туралы келісімдер қазірдің өзінде өз әсерін көрсетті. Мәселен, Вьетнаммен тауар айналымы 7 жылда 2,5 есе (5 525,7 млн-ға дейін), Иранмен уақытша келісім арқасында 3 жыл ішінде – 38 пайызға, Сербиямен келісім қолданылған жылы 3,2 есе өсті.

Шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету бойынша да ауқым­ды жұмыстар атқарылып жатыр. Үкі­мет 2025 жылға қарай тауарлар мен қызметтердің ресурстық емес экспортын 41 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша мақсатты индикатор қойды. «KazakhExport» ЭСК АҚ-мен бірлесіп экспорттық несие агенттігін құруды көздейтін заң жобасы әзірленді (17 қарашадан бастап ол Сенат қарауында).

Қытаймен өзара тауар айналымын 40 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. ҚХР-мен жұмыс істеудің негізгі бағыты аймақтандыру қағидаты бойынша әр провинциядан атаулы жұмыс болады, қазір Хубэй, Сычуань провинцияларымен май өнеркәсібі, астық өңдеу саласындағы жобалар пысықталып жатыр. Өзара іс-қимыл Орталық Азия елдерімен де жалғасады. Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құқықтық шеңбері айқындалды. Бұл жаңа өндірістерді ашуға, қайта өңдеуді жолға қоюға, тауарларды тасымалдау үшін логистикалық қызметтерді қамта­ма­сыз етуге мүмкіндік береді.

Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс нарықтарына, Үнді мұхитының порттарына шығу мақсатында сауда-эко­номикалық бағыттарды әртараптандыру жоспарлары іске асырылады. Азық-түлік және органикалық өнімдер үшін Еуро­палық одақ нарығы маңызды бағыт болып қала береді.

2027 жылға дейін қол жеткізуді жос­парлап отырған бірқатар стратегиялық міндеттер тұр. Олар:

Қазіргі заманғы сауда фор­матта­рының үлесін 31 пайыз­дан 56 пайызға дейін арттыру; Электрондық сауда үлесін 13,4 пайыз­дан 16 пайызға дейін көтеру; Биржалық сауда үлесінің 2023 жылғы көрсеткіштен 20 пайызға өсуі; Ұлттық стандарттарды қолда­нуды 61 пайызға дейін жеткізу; Тұтынушылардың өз құқықта­рын қорғауға қанағаттану деңгейін 77,1%-ға дейін ұлғайту; Шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспор­тының көлемін 46,5 млрд долларға жеткізу; Белсенді экспорттаушылар санын 760-тан 1250-ге дейін арттыру.