Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Энергетика министрлігіне қарасты Ядролық физика институтының басшылығымен және ғалымдарымен кездесті.
Сенатор өткен жылы Парламент қабылдаған ғылым саласы қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталған заңдар туралы айтып берді. Депутат сондай-ақ институттың материалдық-техникалық базасымен, ядро бөлшектерін зерделеуге қажетті құралдар және жабдықтармен, оны іс жүзінде қолдану барысымен танысты. Депутат ядролық физика саласындағы кадрларды қайта даярлау мәселесіне ерекше назар аударды.
«Ядролық физика институты құрылғаннан бергі тарихы өте бай және институт базасында жүзеге асып жатқан стратегиялық жобалардың маңызы зор. Тиісінше, институтты сапалы кадрлармен толықтыру мәселесі және оларды қайта даярлау мекеменің басты міндеті болуға тиіс», деді сенатор.
Кездесуге қатысушылар бүгінгі таңда еліміздің халқы арасында кеңінен талқыланып жатқан атом электр стансасын салу тақырыбын да қозғады. Атом электр стансасын салу, оны қауіпсіз пайдалану және оның елімізге тигізетін пайдасы мәселесіне еліміздің азаматтары қатты алаңдайтыны атап өтілді.
«Мемлекет басшысы жақында «Еgemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатында атап өткендей, атом электр стансасын салу – біздің экономикамыздың болашағы мен энергетикалық қауіпсіздігіміз үшін маңызды мәселе. Құрылыс мәселесі бойынша тиісті қоғамдық тыңдаулар өткізілетін болады. Институт бұл мәселе бойынша әрқашан алдыңғы қатарда болуға тиіс және бетке ұстар мекеме ретінде әрекет етуі керек деп санаймын», деді Нұртөре Жүсіп.
Кездесу барысында институтта АЭС үшін мамандар даярлауға арналған барлық қажетті инфрақұрылым, атап айтқанда, ВВР-К стационарлық зерттеу реакторы, шұғыл әрекет тақтасы, сан түрлі үдеткіштер бар екені, сондай-ақ үш оқу орталығы жұмыс істейтіні атап өтілді.