Отандасымыз Жібек Құламбаева Таиландтағы Нонтхабури ITF турнирінде жұптық сында өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген Жібек Құламбаева грекиялық Сапфо Сакелларидимен бірге финалда таиландтық Ланлана Тараруди мен тайбэйлік Чиа-И Цаомен сынға түсуі керек еді. Алайда таиландтық-тайбэйлік жұп бәсекеге келмей қалды да, Ж.Құламбаева мен С.Сакеллариди ойнамастан чемпион атанды. Осылайша, Жібек Құламбаева жұптық сында ITF додасында жаңа жылдағы бірінші, спорттық жолындағы 27-титулына қол жеткізді.
Сондай-ақ бұған дейін тағы бір отандасымыз Анна Данилина жұптық сында топ жарды. Ол словакиялық Виктория Грунчаковамен жұптасып, Аустралияның Окленд қаласында өткен WTA турнирінде жеңіске жетті. Олардың финалдағы қарсыласы америкалық Бетани Маттек-Сандс пен чехиялық Мария Бузкова болды. Қорытынды есеп – 6:3, 6:7, 10:8. Данилина үшін бұл – жұптық сындағы WTA-ның бесінші титулы.