Алып адам даңқын арқалап туады. Ғасырлар қойнауын мүйісіне тартқан алыптар тобы Жер шарын мүйізімен көтеріп тұрған ерен өгіздер іспетті. Олар өздерімен бірге ұсақ рухани балаларын жаратады. Шекспир, Мильтон, Фирдоуси, Байрон, Гете...
Сірә, бәрі де тумыстан. Алып анадан туады. Француз ақыны Раймон Кено «Поэзия өнері» атты өлеңінде бүй дейді:
«Түбір ет жалқы сөздің жарықшағын,
Сол сөзге от бүркуден жалықпағын.
Азырақ сыбдырын сеп даналықтың,
Қиып ап қоңырлықтың қалыпты әнін.
...Мимырт түнді санаға матырып ап,
Дәм сезініп көгалжай дақылынан.
Жаз! Жазыңыз!
Бірақ та ең алдымен:
Ақын боп ту анаңның жатырынан!»
Иә, сүйекпен келген дарын самсаған халықтың жүрегіне тарайды. Әйтпегенде бала Байронға қалыбынан асқан көркем ойды, құсни ғашықтық салтанатты кім үйретіпті? Ол арманшыл, ұшқалақ, кезі келсе еш себепсіз ашуға мінер қызуқанды еді. Ешкім түсіндіре алмас өрескел қуаныш пен мұң, ұзақ үнсіздіктен кейінгі дауылды мінез айналасына секемшілдік ұялататын.
«Аз өмірдің балшығын илегенде,
Әлем маған жат екен, мен де әлемге!»
Романтикалық жырлары оқырманға алғаш жетіп, сүйсінткенімен, Байронның алыптығы «Чайльд Гарольд сапары» поэмасынан айқын болды. Поэма баспадан шыға салысымен, 13 мың таралымы лезде сатылып кетеді. Еуропа оқырмандары байронизм дабылымен сырқаттанып, алып ердің алыс елдерге аты тарайды. Пушкин Байрон шығармаларымен 25 жасында танысып, еліктеу жолын бастаса, Лермонтов сезімтал ақынға құлай ғашық болып, шығармаларын оқу үшін ағылшын тілін үйренеді. Солайша Байрон дерті өзге ұлттардың ойлау жүйесіне еніп, даңқ пырағы зәулімге самғайды.
Ал Иоганн Вольфганг фон Гетеге атақ желі тым ерте жетті. Небәрі 25 жасында дүйім елді аузына қаратқан «Жас Вертердің қасіреттері» оқырман арасында аңызға айналып үлгерді. Қасірет шоғы мен жан шырылы естілген туындыда бозбалалық ақылдың желігінен гөрі биік парасат ізі байқалады. Әр тұсында қарғаның қауырсынындай жіңішке сезімдермен бірге түйдек-түйдек пәлсапалық ойлар төгіліп отырады. «Ол менің жүрегімнен гөрі ақыл күшім мен талантымды жоғары бағалайды. Ал жүрек – менің жалғыз ұстыным, күшім мен қуанышымның, қабат-қабат құштарлығымның қайнар көзі емес пе! Мен білетін нәрсені кез келген адам біле алады, ал жүрек менде ғана бар...», «жер бетіндегі адамдар үлкен балалар мен кіші балалар болып екіге бөлінеді!», «ересектер де балалар секілді қайдан келгенін, қайда барарын білмей, әрекеттерінің анық мақсатын айқындамай, бәрін де сәттік көңіл күймен бағамдап, жер бетін кезе береді...» Арпалысқа толы айдарлы пікірлерді кейде 25 жасар «дана балаға» таңуға қысыласың. Жеті жастан-ақ «сия ішіп, қағаз шайнап өскен» Гетенің «Жас Вертерінің» салқыны әйгілі Достаевскийдің «Жарымжан адамдарына», Тургеневтің «Аңшының жазбаларына» тигені мәлім. Толстой өзіне өшпес әсер сыйлаған кітаптар тізімінен «Герман и Доротеяны» қалыс қалдырмайды. Алайда тым ерте жеткен даңққа масайраған Гете емес еді. Бәлкім жалғыздығының тереңінде жүріп, сыртқы дабыраны естімей де қалды, мүмкін мән бермеді. Мұнан соң ақынның толассыз еңбек эталоны алға сырғиды.
«Уа, дүние-ай! Философия, заң ғылымын,
Медицина, дін ілімін —
Заманымның бар ғылымын
Жаным салып меңгердім!
Сонда-дағы мен, бірақ
Баяғы қалпым ақымақ!
...Он жыл бойы сенделдім.
Сөзімді еш жан ұқпады,
Ақыры түк те шықпады!»
Атақты Фаустың аһ ұрып аспан мен жерден тағат таппаған болмысы Гетенің өз бейнесі болатын. Алып ақын жер бетілік даңқ шеңберінен тысқа озып, ізгілік пен зұлымдықтың алаңына айналған жан алқабына үңілумен өтеді.
Қазақ жырының алыбы Абай даңқы – көзі тірісінде кемеңгердің өзіне жетпеген даңқ. Байрон, Гете секілді мыңдаған оқырманының сәулесіне бөлене алмаған, ат төбеліндей айналасындағы сөз ұғар кісіге тараған даңқты шын мәніндегі даңқ дей аламыз ба?
«Өздерің де ойлаңдар,
Неше түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың»,–
деген хакім мұраты мүлде өзге болғандай. Ол аз халқын тамұқтан көкке, қараңғылықтан жарыққа шығаруды мұрат тұтты. «Өнер өнер үшін!» жолын ұстанып, әлемдік ой-жүйемен теңесер зәулім поэзия биігін қалыптастыруды да негізге алған жоқ. Даңқ көлеңкесі жайлы ұрланғыш сезімдер де хакімді маңайламағаны анық. Шынында, даңқ өзін сүйгенге емес, өзін ұмытқан еңбекқорға келер қыңыр ару іспетті...
«Парыз – арман мен даңқ шыңы», депті Б.Момышұлы. Жер бетіне келген әр ұрпақ адамдық парызға ұмтылып, жанын жүзеге асырса, даңқ оны іздемек. Әлбетте, шын даңқ – ертеңгі даңқ.