• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 08 Қаңтар, 2024

Адамға бергісіз және адам сенгісіз

193 рет
көрсетілді

Қазақ кейде әлекке түсті дегенді «ит болды» деп айта салады. Әбден әлектенгенді «ит сілікпесі шықты» деуі мүмкін. Қазақтың осы «ит болдысын», итке қатысты адамға қарата айтатын кейбір тұрақты тіркестерін әртүрлі қырынан дәлелдеп жазған екі шығарманың бірі Михаил Булгаковтың «Ит жүрегі» болса, бірі Нодар Думбадзенің «Ит» шығармасы.

Думбадзенің «Ит» әңгімесі өте әсерлі туынды, қазақшалаған – жазушы Нұрлан Қабдай. Оқи­ғалары соғыс сұмдығымен өрі­ле­тін грузин жазушысының шы­ғармасын оқып болғанда, ит­тік­­­­ті тудыратын сол хайуанның өзі емес, адамдар ма деп қаласыз. Ба­ла­сы соғысқа кеткен Спиридон шалдың немересі тауып әкел­ген ит ақыр аяғы сол шалдың до­сына айналады. Қолбаладай тіл ал­ғыш, қиянатқа бармайтын сезімтал хайуан кемпірсіз шал мен әке-шешесіз бала тұрып жат­қан шаңырақтың үшінші мүше­сіндей болады. Бір күні түнде ауыл­дағы иттер қатты шулайды да, ертесіне бір тұрғын ауыл сыртын­да бөтен иттің өліп жатқанын көреді. Әлгі өліп жатқан бөтен иттің иесі көрші ауылдан іздеп келіп, «бұл менің итім, кеше баламды қауып алды, баламның жағдайы мәз емес, ит құтырған ба, жоқ па, білу үшін басын сараптама орталығына апа­руым керек» деп, өлген ит­тің басын шауып алып кетеді. Түнде ауыл иттерінің шулағаны – көрші ауылдан қаңғып келген әлгі бұралқыны талағаны, де­мек құтырындының «құтын» жұқ­тырып алуы мүмкін ғой... Ен­деше, не тұрыс? Әлгі өлген ит анық құтырған ба, жоқ па, оған көз жеткізу жоқ. Ауылдағы иттің бәрін қырып салу керек. Бір-ақ кеш­те ауылдың барлық тұрғы­ны келі­сіп, ит атқандағы дауысқа төзу мүмкін емес еді дейді жазу­шы. Жалғыз-ақ үй – әлгі шал мен неме­ресі иттерін атпай, алып қа­ла­ды. Кейін ауылдағылар кел­гіштеп, қырын қарай бастаған соң, шал немересіне атып таста деп ауыл сыртына жібергенімен, ол екі оқты далаға атып, түнде ит қырғынын естіген итіне қашып кетуін «түсіндіріп» қайтып келеді. Кейінірек шал өлгенде немересі құтқарып жіберген иті жаназасына келеді. Кезінде шалға «итіңді атып таста» деп келген көрші­сін сонда әлгі ит үйге жолатпай, қуып шығады.

Бір-ақ кеште ауыл-аймақтағы иттің бәрін қырып салғандағы оқи­ға кеңестік қызыл қырғын­ды еске түсірмей қоймайды. Са­раптама нәтижесінде таланып өл­ген әлгі ит құтырмаған болып шы­ғады. Оның анық-қанығына жет­пей ит атуға асыққан адам­дар­дың пиғылына не дей аласыз? Шаш ал десе, бас алу ғой. Тіпті әңгіме ешбір астарсыз, бол­ған оқиғадан алынған күннің өзін­де сол заманның шектен тыс қан­құмарлығын көрсетпей ме?

Булгаковтың «Ит жүрегі» хикаяты – бұдан да күрделі дүние. Мұндағы ит – өскен ортасын сүй­мейтін, жүрген жерін ойрандай­тын құбыжық. Бұл, әрине, про­летариаттық жүйеге жаны қас про­фессор Ф.Преображенский­дің тәжірибесінен туған жаратынды. Яғни әртүрлі тәжірибе мен қоғамдық құбылыс қа­лып­тастырған адам кейпіндегі ит. Про­­фессордың бар ойы – ха­й­уан­­­ға адамның миын салып, тә­жі­­рибе жасау. Шамасы, айна­ла­сындағы «тәртіп орнатушылардан» түңіліп болған соң, әл­гіндей амалға тәуекел етеді. Және соған қол жеткізеді де. Әл үстінде жат­қан адам өлген бойда профес­сор қасындағы доктормен бір ай бойы үй тәртібінде өмір сүрген Шарикті (ит) дәрімен ұйық­татып, миына ота жасап, орнына адамның миын салады. Шығарма 1925 жылы жазылған. Бұл уақытта ондай отаның елесі болды ма десеңізші жер бетінде. Ота жүргізген сәтті автор шебер жеткізіп қана қоймай, алғашқы экспериментке байланысты дә­рі­герлер толтырған күнделікті, адам миы салынған ит күн сайын қалай өзгергенін майдан қыл­шық суырғандай егжей-тегжей жазады. Аударма қандай және. Шы­ғарма қазақша жазылғандай оқы­лады. «Qasym» кітапханасы сериясымен жарық көрген кітап­ты аударған – әдебиетші ға­лым, аудар­машы, ақын Кенжебай Ахмет­тің тәржімасы мінсіз еке­нін айт­пай кетуге болмайды.

Не керек, профессор иттен адам жасап шығады. Бірақ, өкі­­­нішке қарай, адам емес, ит бол­мыс­ты оңбағанның өзі болады әлгі. Профессордың үйінде істе­мейтіні жоқ, жүрген жеріне шөп шықпайтын албастының өзі. Араққа құмар, тойып тамақ ішсе, сосын өзінің дегені болса, басқа қалауы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, қара ниет нәпсінің құрдымына жұтылған, ойлауы оспадар бірдеңе. Біреулермен та­мы­рлас болып, оларды да қан қақсатып, тіпті өзінің жалғыз жақтасын топалаңға батырып, алдап кетеді. Өзі тұрып жатқан үйге тағы сүйкімі жоқ, түздегі әдеті одан да сорақы. Ақырында профессор мен докторға қару кезеніп, атпақ болған ит жүректі жаратындыны профессор қайтадан өз қолымен таз қалпына түсіреді. Шығармадағы шиеленіске түсіп кеткен сіз де ит баяғы Шарик болып шыға келгенде ғана уф деп бір дем аласыз.

Автор ол баста адамдардың ит­тігі туралы (сол кездегі жүйе) көп айтады. Сол себепті де 1925 жылы жазылған шығарма НКВД та­рапынан сотталып, Германия мен Британиядан 1967 жылы бір-ақ басылып шыққан. Кеңес ода­ғында тек 1987 жылы жарық көр­ген. Ал шығарманың түйінін автор­дың өзіне қалдырамыз: «Өзі­ңіз де білесіз, жаңалық ашылды, бірақ қандай жаңалық, – осы тұста Филипп Филиппович қос қо­лымен терезе перделерін күй­зе­ле нұсқады, шамасы, Мәскеуді мең­зесе керек, – есіңізде болсын, Иван Арнольдович, бұл жа­­ңалықтың бір­ден бір нәтижесі мы­­нау ғана, ен­дігі уақытта біздің бә­ріміз әлгі Шариковті (ит-адам­ды айтқаны) мына жерден көре­тін боламыз».