• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қаңтар, 2024

Датук Камарудин МЕРАНУН: Қазақстан мен Малайзияның тығыз байланысы – негізгі арманым

126 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда Қазақстанмен барыс-келісті, алыс-берісті жолға қоюға мүдделі болып отырған мемлекеттің бірі – Малайзия. Оның айғағы – Оңтүстік-Шығыс Азияның қақпасы іспетті ел осы мақсат жолында нақты қадамдарға барып отыр. Алматы мен Куала-Лумпур арасын жалғау үшін Азияда 14 жыл қатарынан ең үздік әуекомпания деген атақты бермей келе жатқан, жылына 800 миллионға жуық жолаушы таситын «AirAsia X» лоукостері нарыққа келді.

Осы айтулы оқиғаға орай «Air­Asia X» әуе компаниясының құрыл­­­тайшысы, «Capital A» Ди­рек­торлар кеңесінің атқарушы төрағасы Датук Камарудин Меранун журналистермен кездесіп, өз жоспарларымен бөлісті.

«Қазақстан мен Малайзияны жақындастыру арманы менде ертеректе пайда болған. Бірақ оны жүзеге асыруға жаһандық індет үлкен ке­дергі келтірді. Пандемиядан кейін осы істі жандандыруды жалғас­тырдық», дейді Датук Камару- дин.

Әлбетте, Азияның ірі әуе компаниясы екі ел арасында әуе рейстерін ашуға аяқасты шешім қабылдай салмайтыны аян. Қазақстанның ту­рис­тік әлеуеті, жаһан кезгенді жақ­сы көретін жерлестеріміз, екі елді Құдай кенде етпеген көрікті ме­кендер мен маркетингтік зерттеу­лер алғышарт болғаны даусыз. Дегенмен әлемдік ірі тасымал­дау­шының бірі саяхаттағанды сүйе­тін отандастарымызға арзан әуеби­лет ұсына ала ма деген сауалға келсек, «Capital A» Директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы Датук Камарудин Меранун бірінші кезекте компания билеттердің қол­жетімді болуына мән беріп отыр­ғанын айтады.

Ақиқатына келгенде, екі ел ара­сындағы туристік әлеуетті оятуға, сауда-саттық және экономикалық байланыстарды нығайтуға Малай­зия туристік агенттігінің сауда мис­сия­сы, Қазақстандағы Малайзия ел­шілігімен қоса өзге де әуе тасымал­даушылары мүдделі десек, асыра дәріптеу емес. Оның дәле­­лі – кейінгі уақытта делдалдық деле­гациялардың белсенділігі. Шы­ғарып салғанымызға санаулы ғана күндер өткен 2023 жылы екі ел ара­сында талай мәміле жүрді. Сол сияқты «Air Asia X» компа­ния­сының жетекшілері еліміздегі әртүрлі құзырлы мекемемен келіс­сөздерді 2018 жылдан бері жүргізіп келеді.

Қысқасы, 14 наурыздан бас­тап Алматы мен Куала-Лумпур арасын­дағы әуе рейстері аптасына төрт (сейсенбі, бейсенбі, сенбі, жексенбі) рет ұшады. Айтқандай, бұл бұған дейін екі ел арасындағы туристік байланыс болмады деген сөз емес. Мысалы, COVID-19 басталғанға дейін 2019 жылы Малайзияға Қа­зақ­станнан 18 138 турист барған. Бұл ел пандемияға дейін, тек 2019 жы­лы шетелдерден 26 млн турист қабылдаған. Бір жағынан Малай­зияның Қазақстанға беріп отырған ең үлкен артықшылығы – 30 күнге дейін виза талап етілмейді.

Ал «Air Asia Aviation Group» құрамына кіретін, 2006 жылы құ­рылған «Air Asia Х» компания­сы­ның А-320, А-320neo, А-321neo және A-330 типті 270 әуе кемесі бар. Фран­­­шиза аясында компания Ма­лай­­зияны 25 мемлекетпен жалғап отыр.

Қалай десек те, Азиядағы ірі лоукостердің Орталық Азияға келуі қай тұрғыда болса да маңызды. Малайзияның қай кезде де Шығыс Азияның қақпасы іспетті, жиһан­кездерді, шым-шытырық оқиға, бұрын ауыз тиіп көрмеген ас мәзірін сүйетіндерді өзіне сүйрей алатын қызықтары жетіп-артылады. Оған қоса қазақтар да саяхатшы халық екендігімен таныла бастады.

Осы орайда Датук Камарудин Меранун: «Бұл – «AirAsia X» үшін де тарихтың жаңа тараулары, Алма­ты мен Куала-Лумпур арасын жал­ғай отырып, өзіміз құрылғалы бері 16 жылдың ішінде бірінші рет на­рықта құлаш жайғалы отырмыз. Біз Қазақстанмен тікелей рейс­­терді жүзеге асыратын ал­ғаш­қы малайзиялық компания екені­мізді мақтан тұтамыз. Орталық Азия­ға бастаған алғашқы қадам, Қа­зақстан нарығына шығу, пандемиядан кейін танымал бағыттарды жаңғыртуда жаңа аймақтарды зерттеу – әріден ойлайтынымыз бен шешімталдығымыздың белгісі. Ал Қазақстан Орталық Азиядағы ең бай ел екенін ескерсек, Алматыға тікелей рейстер ашу сауда-саттық, коммерциялық байланыстар мен білім алмасуға, жаңа жұмыс орындарын құруға айтарлықтай игі ықпал етеді», дейді.

Сонымен, рейстердің қосылу құрметіне қолжетімді промо-тарифтер бір бағытқа 249 доллардан бас­тап, «Premium Flatbed» рейстерінде 699 долларға дейін баратынын айта кетуге болады.

«Біз Қазақстаннан келген сая­хатшыларға Сабахтағы, Куала-Теренгган мен Лангкавидегі таңға­жайып жағажайларды, Пенангтегі аспаздық жұмақты, Саравактағы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра­­лары мен басқа да ішкі бағыт­тарды тамашалауға мүмкіндік бе­ретінімізді мақтан тұтамыз. Біздің fly-Thru байланыстарымыз арқылы туристер Куала-Лумпурдан Таи­ланд­тағы Пхукетке, Крабидегі Оңтүс­тік-Шығыс Азия інжу-мар­жан­дарына, Индонезиядағы Бали мен Ломбокқа, Камбоджадағы Сием Рип, Вьетнамдағы Сайгон сынды таңғажайып өлкелерге ұша алады. «Алматы – Куала-Лум­пур» бағы­ты арқылы біз екі ұлы ел­дің, хал­қы тығыз қоныстанған өңір­лер арасындағы сапарларға жол ашып қана қоймай, Қазақстан мен Малайзия арасындағы байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі елдің әлеуметтік-экономикалық секторларын байытуға ұмтыламыз», дейді.

 

АЛМАТЫ