Индонезияның Депок қаласында FIRST Tech Challenge робототехника бойынша ашық ойындар өтті. Чемпионатқа Қазақстаннан «Antares», «124», «Заман» және «Shanyraq» командалары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
9-11 сынып оқушыларынан құрылған бұл командалардың құрамында Алматы қаласының Абай атындағы РММИ мен №124 орта мектебінің, сондай-ақ Семей қаласының Ш.Құдайбердіұлы атындағы көпсалалы мектебінің білім алушылары бар. Оқушылар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келген 150 жас робототехника жасаушылармен бірге бірнеше күн бойы өз жұмыстарымен бәсекеге түсті. Нәтижесінде біздің өрендер 7 жүлдемен оралды.
Индонезияда өткен өре бәйгесіне жолдаманы Қазақстаннан барған оқушылар осы жылдың желтоқсан айында Оқу-ағарту министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырған Almaty Tech Cup республикалық турнирінде олжалады.