Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық басталды. Мәселен, су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуларына жедел ден қою мақсатында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының арнайы топтары құрылды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов көктемгі тасқынға төтеп берудегі қауқарын баяндады. Сала басшысы құрамында 39 мыңнан астам адам, 11 мыңға жуық техника, 500-ден астам жүзу құралдары және 3 мыңнан астам мотопомпа сақадай-сай екенін айтты.
Құтқару күші мен құралдарды жедел тасымалдау, сондай-ақ зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау жағдайында «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері тұрақты дайындықта болады. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері де құтқару операцияларына қатысуға дайын. Сонымен қатар су тасқынына қарсы іс-шаралардың тиісті жол картасын іске асыру жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Ақмола облысында Есіл су реттегішін салу бойынша жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқанын жеткізді.