Министрдің мәліметінше, тергеуге қатардағы қызметкерлер емес, төтенше жағдайға тікелей жауапты инженерлік-техникалық персонал алынған.
«Үкіметтік комиссия жұмысының қорытындысы бойынша біз 19 адамды анықтадық. Бұл жауапты лауазымды тұлғалар. Материалдар тергеу органдарына тапсырылды, олардың кінәсін сот анықтайды», деді министр Үкіметте өткен брифингте.
Сырым Шәріпханов тергеуге алынған лауазымды тұлғалардың есімін атап берді.
«46 кеншінің қазасына кінәлілер қатарында АМТ бас директоры Яблонский, персонал жөніндегі директор Винокурова, көмір департаментінің техникалық директоры Белый мырза, көмір департаменті атқарушы директорының орынбасары Огай және тағы басқалары бар», деді министр.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы 28 қазанда «Арселор Миттал Теміртау», қазіргі Қармет АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахтасында жарылыс болып, салдарынан 46 адам қаза тапты. Тағы 28 кенші жарақат алған еді.
Тергеп-тексеру қорытындысына сәйкес, шахтадағы апатқа 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деп танылды.