• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

ТЕМІРТАУ ТҰҒЫРЫ

3960 рет
көрсетілді

Енді аз күнде кезінде Қазақстан Магниткасы аталып кеткен Қарағанды металлургия комбинатының кемелдене бастаған тынысына тың күш бітірген бірінші домна пешінің іске қосылғанына 50 жыл толады. Өмірде елдік өзгерістерге ықпал етер бір сәттер болады емес пе?! Оның ерекшелігі неде дегенде, сол 1960 жылдың 3 шілдесінде жаңа домна көмейінен шойын селі сарқырап аққан шақ арқылы ел экономикасы өрлеуіне бетбұрыс жасалғандығы белгілі. Осынау оқиғаның теміртаулықтар жүрегіне ыстық және бір қымбат сипаты бар. Өз орталарында шыңдалып өскен Елбасының қазақстандық тұңғыш шойын алушылар қатарында болуы мақтаныш тұтылатындығын әрдайым сезіну де, байқау да қиын емес. Президенттің өзі де “Магнитка тарихы, Теміртау тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырымның ажырамас бөлігі” , деп біраз жыл тыныс-тіршілігі біте қайнасқан теміртаулықтарға, металлургтерге деген сенім мен құрметті жүрегінде мәңгілік ұстайтынын сездірген еді. Мұның сыры неде екен? “ЧЕЛОВЕК ЗАМЕЧАТЕЛЬНЫЙ” “Дұрыс қанаттанған түзу ұшар” дейді халық ғибраты. Жиырма жасар жалын шағында қанат қатайтып, биікке самғатқан Теміртауға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сүйіспеншілік сезімі әркез айқын танылады. Аймаққа жұмыс сапарларында алдымен метал­лург­тер шаһарына ат басы бұрылып, бірден кешегі еңбектес әріптестермен қауышады. Шіркін, сағынышты кезде-сулер ыстықтығы қандай десеңізші. Елбасының көбін жазбай танып, құшақ ашуы, хал-жағдайды сұрастырып, емен-жарқын әңгімеге тартуы бәрін бір жасатып тастайды. Мұндайда әдетте сосын домна пешіне соқпай кетілмейді. Кейде сәтіне қарай Президент бастап горновойлардың жұмыс киімін киіп алып, пештің аузын көсеп жіберіліп, астаушаға қып-қызыл шойын балқымасы құйыла жөнелген мезеттегі жарқыраған жүздерді көрсеңіз, қызықпай, толқымай тұра алмайсыз. Көз қарытқан от табына шарпылып, сап-сарала шоқ ағынын атылдырып, алып ожаулар кезекпе-кезек шөпілдеп толтырылатын сүйікті кәсіп ләззатына бөлену қандайлық қуаныш екенін білетіндер түсінеді. Соған ортақтасуға, соны бөлісуге уақыт табылған, ыңғай көрсетілген көңілге ризалық қайта табысқанша тарқамайды. 1960 жылдың 3 шілдесінде болашақ Елбасымен бірлесіп алғаш шойын ағызған шақ қаз қалпында көз алдыға келе қалғандай болады. Ол толық металлургиялық цикл бастауына із салынған күн еді. Темір кенінен шойын қорытатын домна пешінің іске кірісуі арқылы мартен немесе конвертерден болат балқытуға, бломинг және слябинг алуға, қаңылтыр жасайтын прокат стандарын қалыптас­тыруға мүмкіндік кеңейді. Бұған дейін домна үдерісі болмағандықтан, мартенде болат металл сынықтарынан қайыра қорытылып келген болатын. Сондықтан металлургиялық өндіріс қуатын арттыру үшін домна буынын бекіндіру көзделген-ді. Оны салу қолға алынумен бірге ертеңгі ірі іске сақадай сай жұмысшылар құрамын алдын ала жасақтау жүргізілді. Құрылысы аяқталуға жақын қалғанда мұның алдында Днепродзержинск қаласындағы техникалық училищеге оқуға жіберілген 72 қазақ жігітінің мамандық меңгеріп шығуы күткендегіге дөп келген. Шойын алуға іріктелген бригадаға солардың ішінен горновой болып оралған Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте енгізіледі. Біз бұл тарихи оқиға жайында әйгілі металлург Төлеген Адам-Юсуповтың еске алуы бойынша білетініміздей, домнаны іске қосу дайындығы 2 шілдеде басталған. Алдымен алып өңеші кесек-кесек ағаш кесінділеріне толты­рылып, лаулай бастаған бетте кокстелген көмір төгіліп, ашутастар салынып, от дүлейінің қызуы ертеңінде 1300 градус­тан асқанда Вадим Романов ауысы­мындағы аға горновой Николай Наби-буллин пеш шүмегінің электр бұрғысын ашады. Сол сәтінде науаларға отты сел жөңкіле жөнеледі. Бұл қазақстандық тұңғыш шойын еді. Араларында Нұрсұлтан Назарбаев бар жас горновойлар одан “Бірінші қазақстандық шойын. Шілде. 1960 ж.” деген жазу жазылған кесектерді қолма-қол құйып, ескерткіш ретінде сақтауға алады. Осыдан кейін Нұрекең шойын құюшы, горновой, диспетчер болып, тоғыз жыл бойы домнаның екінің бірі төзгісіз от шарпуына шыдап, сирек әрі қадірлі мамандықтың қыр-сырына тереңдейді. Алауы бет қаратпас пеш көмейінде қайнаған балқымаға ұзын көсеуді бойлатып, құятын мерзімді ажыратып алып шығудың қиыннан қиындығы қалай айтылса да жеткізгісіз. Ол металлургтерге ғана белгілі. Осындай отты ортада шыңдалған болаттай қайрат, алмастай жігер ел бақытына қызмет етіп келе жатқандығы аян. Сөз орайында мына ғажап сезім сәулесін қараңызшы. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың көмекші серігі болған Бөпежан Аяпбергеновтің “Қаныш аға осындай еді” естелігінде: “...Комбинаттың сонау төрінен қайтып келе жатқанымызда, домна пеші көмейіне ұзын көсеулерін бойлатып, “ойнап тұрған” адамдар қатарынан біреу оқшау шығып, жалпақ етекті бас киімін қолына алып, Қаныш ағайға сәлем берді. – Орыссың ба, қазақсың ба, шырақ? – деп сұрады оның сәлемін алғаннан кейін. – Қазақпын, – деді жігіт бар тісін көрсете күлімдеп. Әлде от табына шарпылғаннан ба екен, оның алаулаған жүзінен орыс екенін, қазақ екенін айыру қиын еді. – Қазақ болсаң дұрыс екен. Горновойсың ғой. – Горновоймын. – Мұндағы домналардың іске қосылғаны былтыр ғана ғой. Мына мамандықты қайдан үйренгенсің? Өзің жас екенсің. – Украинаның Днепродзержинск қаласынан отты мамандықтың оқуын бітіргенмін. – Мынауың дұрыс екен. Өзің қай жерденсің? – Алматы облысынан. – Мұнда өзіңдей жас жігіттер көп пе? – Бар. Бірақ отпен ойнауға шыдай алмай кетіп жатқандары да аз емес, Қаныш аға. – Мына комбинат Қазақ елінің байлығы. Бұған ие болу үшін мұнда қазақ жастары көп болуы керек. Сендер комбинатқа жұмысқа қазақ жастарын шақырыңдар. Сөйте-сөйте өзіміздің еліміздің солтүстігінде қандастарымызды көбейтейік. Өзіңнің аты-жөнін кім? – деді де Қаныш ағай маған көз қиығын салып қойды. Әлденені ұмытпашы дегендей, ағайдың сұхбат үстінде осылай көз тастап қоятын әдеті. Дереу қойын дәптерімді алдым да, анау жігіттің аузынан шыққан аты-жөнін түртіп қойдым: “Нұрсұлтан Назарбаев”, деп жазылғандай, асыл тұлға аға көз түсірген інісі бойынан алғырлықты, сөзінен сұңғылалықты байқайды. Асылы, жақсының жақсы қасиетін жақсылар ғана таниды деген осы шығар. Кейінде 1971 жылдың 9 қаңтарында Н.Ә.Назар­баев Теміртау қалалық партия конфе­ренциясында замандастары атынан сөйлегенде жоғары сұраныстағы жұ­мысшы мамандықтарын тұрғылықты ұлт жастары есебінен жасақтау жөнінде мәселе көтеруі ақылшы аға кеңесін ұмытпағандық болар. Бірінші домна пешінен кейін екіншісі, үшіншісі, аглофабрика, үшінші конвертер, “1700” салқын қаңылтыр қақтайтын прокат станы іске қосылып, осынау істердің басы-қасында, бел ортасында болады. Горновойшылар арасында ауыр еңбекке табандылық, өз міндетіне жауаптылық қатты қадірленеді. Жұмысқа сол арқа. Берік бірлік, қалтқысыз жолдастық, сенімді серіктік керек. 1969 жылғы 27 мамырда горновой Александр Граськов жазған мына мінездемеге назар аударып көрелікші. “Назарбаев Н.А. – человек отзыв­чивый, скромный, наставник требова­тельный. В коллективе цеха пользуется большим уважением. Он враг неспра-ведливости и бюрократизму, к тому же хороший и знающий производственник и общественник. Скажу одно, т. Назарбаев Н.А. – человек замечатель­ный”. Байқар болсақ, “ЧЕЛОВЕК ЗАМЕЧАТЕЛЬНЫЙ” дейді. Жұмысшы – кісі танитын, ойын бүкпейтін, әділін айтатын халық. Жүрекжарды осы пікір шындығына бүгінгі жарасты өмірімізден артық қандай айғақ керек. Елбасыны теміртаулықтар етене жақын тұтады, өз адамдарындай көреді, бауыр тартады. Мұның мәнін байырғы болат балқытушы Арғын Жүнісовтің шетелдік журналистермен бір кездесуде бір-ақ ауыз сөзбен айтқаны есімізде. “Біздің Президент – металлург. Өмірдің ыстық-суығын жастайынан халықпен бірге көрген. Сондықтан еліне қажымай қызмет ету де, елді біріктіру де, экономиканы дамыту да, бәрі-бәрі қолынан келіп отыр” деді нар ақсақал мақтанышпен. Теміртау, Қазақстан Магниткасы тынысы, келешегі Елбасының тұрақты назарында екені қала тұрғындарына зор мерей. Кеше де солай болған, бүгінде де солай. Өткендегі 70-ші жылдардың басында комбинаттың жұмысы тұралап, соның салқыны еңбеккерлердің әлеумет­тік-тұрмыстық хал-ахуалына тиген қиындық шақта беделі бар қызметке келген бетінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жағдайды түзетудегі батыл қимылы жұрт жадында сақталып қалған оқиға. КОКП Орталық Комитетінің Қарағанды металлургия комбинатына байланысты әйгілі қаулы қабылдауына да сеп сол. Мәскеу өзіне қозғау салынған соң темір­таулықтар өміріндегі өзекті мәселелер шешіле бастайды. Тұрғын үй құрылысы қарқын алды, білім, мәдениет, денсау­лық сақтау ғимараттары бой көтерді. Металлургтер сарайын, спорт кешенін салу тездетілді. Өндіріс қалыпты ырға­ғына енуімен бірге тұрғындар тұрмысы оңалды. Нұрсұлтан Әбішұлының қайрат­кер, болашағы үлкен деңгейдегі басшы ретінде танылып, ысылып, толыса бастағаны осы кез екені теміртау­лықтарға жақсы мәлім. Елбасының Теміртауды қиындық­тарда қолдауы, қолтығынан демеуі бұл бір емес. Өтпелі кезеңде қаладағы, комбинаттағы ахуал күрт күрделеніп кетті. Алып кәсіпорын мүшкіл жағдайға душар болды. Жұмысшылар айлап еңбекақы ала алмай, өнім өндіру құлдырап, болашағы бұлдыр күйге ұшырады. Алыстан, жақыннан қол ұшын созбақ болған қалталы топтар уәдеден тайқып кетіп жатты. Бұл тығырықтан шығатын жолдың табылатындығына сенген металлургтер сабырлылық сақтады. Президент тапсырмасымен Үкімет сенімді, мықты инвесторды іздестіріп, таңдап жатқан да болатын. Ақыры қалау Англиядағы “Испат Интернэшнл ЛТД” компаниясына түсті. 1995 жылдың күзінде комбинатты қол астына алды. Ол “Испат Қармет” АҚ-қа айналды, қазір “Арселор Миттал Теміртау” атауымен мәлім. Таңдау ақтала бастады. Кәсіпорын жаңа жүйеге толық көшіп, өндірісті қалыпты ырғаққа ыңғайлап үлгерген шақтан бастап өнім өндіру көлемі көтеріліп, бір айдың ішінде 22-ден 44 пайызға дейін өсті. Атап айтқанда, кокс өндіру 7140 мың тоннаға, шойын – 9300, болат – 13215, ал прокат 18618 мың тоннаға артты. Даму жалғасып, үдей түсті. Компания енді өндірісті уақыт талабына сай қайта құруды, жаңа технологиямен жарақтандыруды жүргізді. №2 домна пеші, №1 қаңылтыр қақтау цехы күрделі жөндеуден өтті. 1998 жылдың ортасында жылына 320 мың тонна өтімді өнім шығаратын ыс­тық­тай қалайылау және мырыштау цехы іске қосылды. Міне, осындай өз­герістерді тікелей көріп, кәнігі көзбен бірден байқаған Нұр­­сұлтан Әбішұлы тұң­ғыш шойын алы­нуының 40 жыл­ды­ғына арналған сал­танатты жиында “Мені металлургия кәсіпорындарында өндірістің құл­ды­рауы тоқтап, өнім көлемі артып, әлеу­меттік мәселелердің табысты шешілуі қанағат­тандырады. Біз инвесторды таң­дауда қателескен жоқ­пыз. Бұл жерде ол кәсіпорындарды аяғынан көтерді, өнім шығаруды қал­пына келтірді, мың­даған мамандарды жұмыс орны және тұрақты жалақымен қамтамасыз етіп отыр. Бұл мысал біз таңдаған жолдың дұ­рысты­ғының дә­лелі”, деп темір­тау­лықтар қуа­нышын бөлісті. Тұңғыш Прези­денттің кеңес-тала­бымен жаң­ғыр­ған жасампаз істер ел эко­­номикасы алы­бы­­ның адымын ар­шын­датты. 2003 жыл­­дың басында №3 домна пеші қатарға қосылды. Ол он жыл бойы сөндіріліп тұрған-ды. 2 метрге биіктетілген, көрігінің диаметрі 1 метрге кеңейтілген, басқару жүйесі автомат­тандырылып, компьютерлендірілген домна жылына 2 миллион тонна шойын беретін қуатты күшке айналды. Бұдан кейін №1 үздіксіз болат құю цехы жұмыс істей бастады. Ең озық техника қондыр­ғылары орнатылған бұл өндіріс алда пайда болатын кәсіпорындар бейнесін елестетеді. Теміртау өміріндегі әр жарқын жаңалықтар қуанышы мен қызығына ор­тақтасуға әрдайым ықыласы үлкен Ел­ба­сы екеуінің де іске қосылуына қатысты. Жаңарған Қазақстан индустрия­сының жас та болса бас шаңырағы келешегі кең ғажайып бір жобаға тәуекел еткелі тұр. Қазіргі комбинатқа пара-пардай екінші сыңарын салу бағдарла­масы белгіленген. Бұл дегеніміз не? Әлемде теңдесі жоқ металлургиялық ор-та­лық пайда болады деген сөз. Ертеңгіні ерте ойлап, ел игілігін молықтыруға ба-сым мән беретін халқымыз көшбас-шысының көрегендік ақыл-кеңесінің ықпалы бұл. Қай инвестор да іс-қыз-метіне нық сенім болмаса, мұндайлық қадамға баса, кеңдікке құшақ аша қоймайды. Иліктіру оңай емес. Тек нығайған сенім мен түсіністік соған жеткізетіні анық. Әуелі экономикалық өрлеуді ұстанған мақсаттың, халықара-лық интеграцияны дамытудың тамаша табыстарын көріп отырған инвесторға ашық та айқын ортада өз мүмкіндігін барынша пайдалану қолайлы саналған­дығы хақ. АЙНЫМАҒАН КӨҢІЛ “Ұлық болсаң кішік бол” дейді қазақ даналығы. Теміртаулықтар қанат қа-тайған ортаның қадір-қасиетін, берген мол тағылымын есте тұтып, қастерлей білудің биік мәдениеттілігін Елбасы үлгісінен біледі. Нұрсұлтан Әбішұлы түлеп ұшқан құрыш қалаға келген әр сапарында уақытының тығыздығына қарамастан, арман бесігінде бірге тербелген, болашаққа бірге қол ұстасып қадам басқан тағдырластарымен табысуға құштар. Сондайда Днепродзержинскіде қатар оқыған, Қазақстан Республи-касының еңбек сіңірген металлургі Алтынбек Асанов, иық тірестіре шойын ағызысқан Владимир Колбаса, Қара­ғанды политехникалық институтынан түлектес Қуаныш Омашев, комбинатта қоян-қолтықтаса қызмет еткен елдің еңбек сіңірген экономисі Владимир Кауц, тәлімгер-ұстаз Арғын Жүнісов сынды байырғы теміртаулықтар басы қосылып, кешегі көңілге ыстық шақтар еске түсіріліп, кезіндегідей еркін сұх­баттасып, мәре-сәре күй кешіп қалады. Арада біраз жылдар өтсе де Елбасының ұмытпай, өзі үлкен басын иіп, орта-ларында құшақтаса отыруы әрқайсы­сының жүрегін елжіретеді. Биік билік басында болса да сыйластықтан ажыра­маған, достықты үзбеген, кішіпейілдіктен айнымаған, қарапайымдылықты сақтаған адамгершілік ілтипат сүйсінтеді. Н.Ә.Назарбаевтың іскерлік, ұйымдас­тырушылық қабілетіне, жан ізгілігіне ерте куәгер де солар. Қуаныш аға айтуы бойынша, Нұрсұлтан Әбішұлы студенттік құрылыс жасағының командирі ретінде алғаш ауыл еңбеккерлерінің алғысына бөленген. Нұра ауданындағы “Балық­тыкөл” кеңшарының бас инженері бол­ған, осы өңірдің сыйлы азаматы Қорабай Досжанов былай деп еске алады: “60-шы жылдардың басында жаңадан құрылған шаруашылығымызда тұрғын үй салуға қолғабыс етуге Қарағанды мемлекеттік политехникалық институтына тілек айттық. Студенттерден құралған жасақ жіберілді. Әуелде бастап келген жігіт болбыр болып шықты. Бірнеше күн құрылыс мандымай, уақыт өтіп бара жат­қан соң өзгелерден ерек көзімізге тү­сіп жүрген жігітті студенттер қалауымен  командир етіп тағайындауға ұсыныс жасадық. Ол Нұрсұлтан Назарбаев еді. Тілегіміз қабылданды. Содан соң-ақ іс қызып сала берді. Бізге артық салмақ салмай, тапшы құрылыс материалдарын Теміртаудан, Қарағандыдан тауып жеткізеді. Серік­терінің де жұмысқа құлшынысы күшейді. Күзге дейін бір­неше үй бой көтеріп, ауыл тұр­ғындары баспаналы болып қалды”. Бүгінде бұл үйлердің бірінің қа­быр­ғасында оны кімдер салғаны жайлы жазылған ескерткіш тақта жарқырап тұр. Балық­ты­көлдіктер сол үйлер құтты қо­ныс болып отырғандығын мақтан етеді. Қуаныш Омашевтың үйлену тойын болашақ Президенттің өзі басқарып өткізгенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Сонда Алатаудың асқар шыңдарының сыңғырлап аққан суындай жүрек қылын тербеткен сырлы әуендерін әуелеткен жас Нұрсұлтанның өнерлі де жігіт екенін алдымен таныған да тағдырлас құрбы-құрдастары. Байырғы қызметтестермен, сыйлас­тармен қауышу сәттерінде Нұрсұлтан Әбішұлының көңіл-күйін қас-қабақта­рынан бірден аңдайтындығы біразына белгілі. Бұйымтай, базына білдіру әдеттерінде жоқ. Бірақ сыр тартылмай қоймайды. – “Владимир Александрович, өңің сынық қой. Денсаулығың қалай?” деп бірде сұраған соң жүрегімнің шаншып ауыратындығын айтуға тура келді, – дейді Кауц ағай, – білікті дәрігерге көрінуімді, егер операция жасау қажет болса уайымдамауымды, көмек көрсеті­ле­тіндігін айтты. Операцияға тәуекел еттім. Сәтті өтті. Қайта қатарға қосылуым Нұрсұлтан Әбішұлы мейірім шуағының шапағаты. Атын қалай тауып қойған десеңізші. Бойынан ескен жылы нұр бәрімізді баурайтын. Бұл кісі де Магнитка тарланы. Оралдағы Чусов зауытынан шақырылған маман еңбек және жалақы бөлімінің бастығы, әсіресе, бас директордың экономика жөніндегі орынбасары міндетін атқару кезінде жұмыс бабында жас басшы қызметтесімен етене араласады. Комбинат, қала тағдырына байланысты Мәскеудегі жоғары орындар алдына қойылар, көтерілер мәселелердің нақты әрі дәлелді болуын қалайтынын бірден ұғып, тиісті дерек-мәліметтерді, анықтамаларды талап тұрғысында дайындауымен шынайы түсіністік бекиді, сыйластық жарасады. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы­ның тумасы Әбіләш Әбуовтің де Елбасының курстасы болғаны көпке мәлімсіз еді. Әншілік дарыны бар жігіт Днепродзержинскіге қолтығына домбы­ра­сын қыстырып ала барады. Оны учи­лище көркемөнерпаздарының байқауына қатыстырып, содан кейін қалалық телеарнада қазақ әндері мен термелерін шырқатқызып, ұлттық өнерімізді жер­гілікті тұрғындарға таныстыруға ұйыт­қы болған да көрінеді жас Нұрсұлтан Назарбаев. Отбасылық жағдайына байланысты ауылына оралуға тура келген Әбекеңді бірде облысқа жұмыс сапары­мен келгенде іздестіріп тауып алады. Арада біраз жыл өткенде қауышқан Мемлекет басшысы мен ауыл ақсақалы­ның төс түйістіріп, айқасқан құшақтары, сағыныштан жасаураған жанарлары кездесуге куә болушылар көңілін толқытады. Президенттің қанша уақыт өтсе де ел ішіндегі қатардағы азаматты досы ретінде ұмытпауы адамгершілік пен кішіпейілдіктің үлгісін көрсетер емес пе. Украина металлургиясының қара шаңырағына арман-тілек жетелеп барған 72 өреннің біразы Теміртау еңбек мек­тебінде шыңдалып, араларынан атақты металлургтер, 6 ғылым докторы, танымал қоғам қайраткерлері шықты. Рахметолла Жанарбаев, Айдархан Қасымбеков, Тезек Исаев, Қабидолла Сарекенов, Саты­бал­ды Ибрагимов, Мақаш Тәтімов, Мақсұт Нәрікбаев сынды азаматтар есімдері аталғанда сол лектің лебін аңдай беруге болардай. “Ат төбеліндей аздығымыз ұйымшыл болуға үйретті. Намысқа ты­рыс­тық. Қазақ деген атты қызғыштай қорғадық. Жақсы аталсақ қуандық, жа­ман аталсақ ұялдық. Есігіміз жабылмады, дастарқанымыз жиылмады. Жұбымызды жазбадық”, деп тұрғыластары Тілеуберді Смағұл еске алатындай, ниеттес жас­тар­ды тек жақсы жағынан көрінуге, оқуға, білімге, өнерге, спортқа ұйытқы болып жүруші Нұрсұлтан Назарбаев екен. “Днепродзержинск техникалық училищесінде оқығандардың көпшілігі кейін Қазақстанның металлургиялық зауыттарында жұмыс істеді. Мен оларды барлық облыстарда кездестіремін. Олар бүгінде де менің достарым болып қала береді. Училищедегі оқу, Магниткадағы жұмыс біздің мінезімізді шыңдады, өмірлік ұстанымдарды белгіледі, берік іргетас болды”, – деген еді Елбасы теміртаулықтар алдында. Сондай достық құшақ жылуы барша қазақстандықтарға кең ашылып отырғаны өмір айғағы. * * * Бұл күнде жылдық өнеркәсіптік өндірісінің көлемі 200 миллиардқа жуық теңгені құрайтын, бұл аймақта шығарылатын ішкі жалпы өнімнің 40 пайызына тең шаһар жұрты мереке алдындағы дайындық құшағында. Тұңғыш Президенттерін өмірлеріндегі өзгерістермен қуантқысы келеді. Елбасы үшін қуаныштың үлкені, тартудың қымбаттысы жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер, балабақшалар, емханалар, мектептер, өндіріс орындары болмақ­тығын біледі. Бұл жағынан көзайым­дыққа қысылмастарына сенімді. Ағылып жастар тұс-тұстан, От жүректері ұғысқан. Батырдай алып Теміртау – Сомдалған болат, құрыштан. Жайнатып қазақ даласын, Қанаттандырған Елбасын. Отандас ардақ тұтады Көшбасшы ұстаханасын, – деп жергілікті танымал ақын Сәбит Бексейіт жырлағандай, ерен еңбек пен қажырлы қайрат, өмір тәлімі жарқырай түсуде. Содан өткен алдыңғы толқын жолын қуып, ізін басуға талпыну мерейі зор мәртебе жас буынға. Теміртау бұған қашанғыдай берік тұғыр. Айқын НЕСІПБАЙ, ТЕМІРТАУ.