Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде ұлы ағартушы ашқан Торғайдағы тұңғыш мектептің 160 жылдығына арналған әдеби-танымдық кеш өтті. Іс-шараға ағартушы негізін қалаған мектептен білім алған түлектер, облыстық мәдениет мекемелерінің басшылары, мектеп мұғалімдері қатысты.
Тағылымы мол кешке Ыбырай ашқан Торғай мектебінің түлегі, белгілі ғалым, Жаһандық су әріптестігінің Қазақстандағы төрағасы Нариман Қыпшақбайұлы да арнайы келіп, тұңғыш мектептің тарихы жайында қызықты естеліктер айтты. Ғалым Ыбырай Алтынсарин музейіне жеке заттары мен зерттеу еңбектерін табыс етті.
Іс-шара барысында Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернаты оқушыларынан құралған хор «Ыбырай шәкірттерінің маршы» әнін орындады. Мектеп тарихы жайында деректі фильмдерден үзінді көрсетіліп, Ыбырай мектебінен түлеп ұшқан белгілі қайраткер тұлғалар туралы айтылды.
Аталған кеште Торғайда ашылған тұңғыш мектептен түлеп ұшқан әр саланың майталман мамандары, өңірге белгілі ғалымдар мен ұстаздар да сөз алды. Көп жыл бойы Торғай мектебінде басшылық қызмет атқарған ардагер ұстаз, Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі Сұлтанғали Әлмағамбетұлы музей ұжымына Ыбырай мектебі туралы естелік кітабы мен тұңғыш білім ордасының тарихына қатысты құнды құжаттарды тарту етті.
Қостанай облысы